Қордай қақтығысы: Тараздағы сотта 51 күдіктінің ісі қаралып жатыр
Қордай қақтығысы: Тараздағы сотта 51 күдіктінің ісі қаралып жатыр
287
оқылды
Тараз қаласында Қордай қақтығысына қатысты сот отырысы басталды. Бұған дейін Алматы қаласындағы Әскери сот жеті күдіктінің үкімін шығарып, кейіннен төртеуіне рақымшылық жасалса, Жамбылдағы сотта 51 азаматтың ісі қаралып жатыр.      Жалпы Тараз қаласындағы СИ-13 тергеу изоля торында басталған сот отырысына дейін  Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Б.Құлтасов баспасөз мәслихатын өткізіп, Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік бойынша қаралып жатқан сот процесінің барысын түсіндірді. Оның сөзіне сүйенсек, жаппай тәртіпсіздік пен өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшін 51 адамның қылмыстық жауапкершілігі қаралуда екен. Оның 33-і қамауда болса, 16 азаматқа кепіл түріндегі бұлтартпа шарасы тағайындалған.  2 азамат ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта болған. Жалпы сотта қаралған қылмыстық іс 300 томнан асады. Сотқа 4 мемлекеттік айыптаушы қатысып жатса, 51 күдіктіні  60-тан аса адвокат қорғауда.  Және 8 адам жәбірленуші ретінде сот процесіне қатыстырылды. Негізгі сот отырысы СИ-13 тергеу изоляторында өтсе, БАҚ өкілдері арнайы тізім бойынша сот барысын №2 қалалық сот ғимаратында онлайн режимінде бақылады. Бұл күні СИ-13 тергеу изоляторының аумағы толықтай қоршауға алынып, сотқа қатысушылар коронавирус індетіне байланысты тест тапсырды. Сонымен қатар заласыздандыру қондырғылары орнатылып, сотқа артық адамның кіріп-шығуына шектеу қойылды. Соттың алғашқы отырысы судья Айдарбек Замбаевтың төрағалығымен өтіп,  күдіктілерге «жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру», «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру», «қатысу және оған шақыру»,  «кісі өлтіруге және қастандық жасауға», «атыс қаруын заңсыз беруге, сатып алуға және алып жүруге»,  «қарақшылыққа қатысу»  «жаппай тәртіпсіздіктер барысында меншікке қарсы қылмыстар жасау» және  «құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру» сынды баптар бойынша тағылған айыптары түсіндірілді. Сонымен қатар сотталушылардың өтініш-тілектері де тыңдалып, сот залында есінен танып қалған күдіктілерге медициналық көмек көрсетілді. Сот процесі ашық форматта өтіп жатқанымен сотталушыларға қатысты көп нәрсе айтылмауда. Сондай-ақ соттың қорытынды Үкімі де қашан шығатындығы белгісіз. Десе де облыстық сот мамандары журналистер мен сотталушылардың жақындарын қажетті ақпаратпен дер кезінде қамтамасыз етуге уәде беруде. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың  7 ақпанында Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе және Аухатты ауылдарында жаппай тәртіпсіздік орын алып, оқиға салдарынан 11 адам қаза тапқан болатын.  Сондай-ақ 150-ден астам адам жарақат алған. 156 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысан қиратылып,  100-ден астам көлікке зақым келген.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы