Мәселеңіз шешілмесе, Сұлтановқа барыңыз!
Мәселеңіз шешілмесе, Сұлтановқа барыңыз!
330
оқылды

Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөл­месінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов аза­маттарды қабылдады.

Қабылдауға келген «Хантер» ЖШС-нің коммерциялық дирек­торы Нұрсейіт Шорабеков Қа­рағанды облысында көліктерге газ құятын стансасы бар екенін, дегенмен қараша айынан бері әкімдік тарапынан әлеуметтік газды ала алмай отырғанын айтып, министрге шағымданды.

– Жергілікті атқарушы орган­дарға хат жазып сұраған едік. Мардымды жауап ала алмадық. Бір айдан астам уақыт өтті. Жұмыс тоқтап тұр, жұмысшыларымыздың жалақысын бере алмай, шығынға да батып отырмыз, – дейді ол.

Қоғамдық қабылдауға арнайы келген ЭМ Газ өнеркәсібін дамыту департаменті ди­ректорының орын­басары Қуаныш Сәр­секеев осы мәселеге түсініктеме беріп, бұл түйт­кілдің бүгін толықтай ше­шілге­нін, Қа­раған­ды облысының әкімдігі әлеумет­тік газ алатын компаниялар тізіміне «Хан­тер» ЖШС қосқанын айтты. Өз кезегін­де Бақыт Сұлтанов бұл мәселені Nur Otan партиясымен бірге ба­қылауға алатынын, Қарағанды об­лысының әкімдігіне хабарласып, мәселені анықтайтынын жеткізді.

Министр қабылдауына жазыл­ған тағы бір елордалық тұрғын, ІІІ топ­тағы мүгедек Марат Бейсенбаев бірне­ше жылдан бері аяқкиім тігетін шеберхана ашу үшін арнайы орын сұрағанымен, мәселесі ескерусіз қалып жүргенін айтты. Сөз соңында ол бұл жолы қо­ғамдық қабылдауға үлкен үміт­пен келгенін де тілге тиек етті.

– 4-5 жылдан бері аяқкиім ті­гетін ше­берхана ашу үшін орын сұрап жүрмін. Қала әкімінің орынбасарына, «Атамекенге», Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясына барғаныммен нәтиже жоқ. Әне-міне деумен уақытым құр босқа өтті, – деді Марат Бейсенбаев.

Азаматтың мәселесін егжей-тегжейлі тың­даған министр «1000 сауда орны» жоба­сының же­текшісі Секен Әділбековтен аталған мәселеге орай түсініктеме беруін сұрады. Жоба жетекшісінің айтуынша, Марат Бейсенбаевтың өтініші, құжаттары қаралып, рә­сім­делгеннен кейін «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасына берілген. Енді мәселесі 22 қараша күні қа­ралып, нақты шешіледі екен.

– Марат Сәндібекұлы, жоба же­текшісі мәселенің жақын ара­да шешілетінін айтып отыр. Бұл жұмысты Nur Otan партиясы фи­лиалымен бірге бақылауда ұстаймыз және осы жұмаға дейін сізге жауап беретін болады. Егер жауабы кел­месе, маған ха­барласыңыз. Мәселеңізді шешеміз. Мен мұны жеке бақылауыма аламын, – деді Бақыт Сұлтанов.

Жалпы, қабылдау барысында бірқатар мәселелер қаралды. Министр әр азаматтың өтініші мен ұсынысына құлақ асып, оларға жеке-жеке жауап берді. Бейне­байланыс арқылы Шымкент қа­ласынан тікелей бай­ланысқа шыққан Мәриям Медетова азық-түлік бағасының қымбаттығын сөз етті.

– Шымкент қаласындағы нан, ұн, ет бағасы жоғары болып тұр. Басқа мемле­кеттерден келіп жатқан өнімдерге қарағанда Қазақстанда өндіріліп жатқан өнімдер неге қымбат? Жалақы, зейнетақының ба­ғасын өсіргенмен не пайда, азық-түліктің бағасы қоса көтеріледі. Дәл қазір Шымкент қаласында бөлке нан – 70, 90 теңгенің айна­ласында. Ұнның бағасы 7 мың мен 10 мың аралығында. Еттің ба­ғасы да қымбат. Барлығы өзі­мізден шығып жатқан өнім ғой. Қара­пайым халық үшін, көпбалалы от­басыларға бұл бағалар көңілге қо­нымсыз. Өзімізден шығып жатқан өнімдердің ба­ғасын, нан­ның, ұнның, еттің, тағы басқа да азық-түліктің бағасын арзандату бо­йынша ұсыныс айтқым келеді, – дей­ді М.Асқарқызы.

Кеше ғана Үкімет отырысында осы мәселелер көтерілгенін айтқан министр Мәриямның сұрағына жауап берді.

– Нарықтағы сұраныс бойынша отандық өнімдерді толығымен өзіміз өңдеп, халыққа тиісті бағамен жет­кізуіміз қажет. Бұл мә­селе қа­зіргі күні талқыланып жатыр. Ал нан­ның бағасына келер болсақ, басқа елмен салыстырғанда, Қа­зақстанда нан бағасы арзан. Кү­рі­шіміз де арзан. Біз бұл жа­ғы­нан Ауыл шаруашылығы ми­нистрі­мен бірлесе жұмыс істеп отырмыз. Сұранысқа сәйкес тиісті деңгейде өнімдерді өңдеу көлемін қамтамасыз етуіміз қажет. Үкімет те осы нәрсеге баса назар аударып отыр, – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Кездесу соңында тұрғындардың бірқатар өтініштері бойынша жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.