Агроөнеркәсіп өнімін өндіруде – бірінші орында
Агроөнеркәсіп өнімін  өндіруде – бірінші орында
326
оқылды

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы Алматы облысының басты жетістіктерін айтты. Аймақ басшысы сондай-ақ 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

– Жалпы өткен 10 айда экономиканың барлық саласында өсім бар. Әсіресе, инвестиция тартудағы жетістіктерді ерек­ше атап өтуге болады. Облыста өткізілген «Жетісу ИНВЕСТ-2019: «Қаржы құй. Өмір сүр. Саяхатта» атты халықаралық инвестициялық форум нәтижесінде құны 860 млн доллар болатын 13 меморандумға қол қойылды. Оған қоса форумнан кейін KUSTO GROUP компаниялар тобының жобалары дайындала бастады. Қазір олар Алматы облысында басым бағыттың бірі болып белгіленген кешенді экожүйе мен протеиндік стратегия тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуде, – деп атап өтті Амандық Баталов.

Жетісу өңірі тұрғындарының әл-ауқаты агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейімен өлшенеді десек, артық айт­паспыз. Себебі облыс халқының 80%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы өнімі бойынша Алматы облысы республикада бірінші орында тұрғанын айтуымыз керек.

– Облыста бір мезгілде 100,0 мың бас ірі қара ұстай алатын 10 мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған. Алматы об­лысының инвестициялық портфелінде 40 мың жұмыс орны құрылатын, жалпы құны 4,9 трлн теңгелік 421 жоба бар, – деді әкім.

Спикер баяндамасында агроөнеркә­сіптік кешеннің аймақты дамытудағы рөліне айрықша тоқталды. Аталған салада ауыз толтырып айтарлық жетістік бар. Мәселен, еңбек өнімділігі биыл өткен жылға қарағанда 4% өсіммен 2 млн 150 мың теңгеге дейін, ал өңделген өнім экс­портының көлемі – 5,5% өсіммен 85 млн долларға дейін жетеді деп жоспар­ланып отыр.

– Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі жеті мың гектарға кеңейтіліп, 961 мың гектардан асты, оның 465 мың гектары – суармалы жер. Қант қызыл­шасының алқабы 14 мың гектарға, жүгері 82 мың гектарға дейін жеткізілді. Өңір екінші жыл қатарынан өнеркәсіптік картоп шаруашылығын дамытумен айналысып келді. Жалпы, биыл 525 мың тонна қант қызылшасын жинап, 52 тонна қант өндіру жоспарланып отыр, – деп атап көрсетті А.Баталов.

Облыс басшысы аймақтың басым бағыттарының бірі – туризмді дамыту екенін айтты. Жер жәннаты саналатын Жетісуда туристерді қызықтыратын 162 туристік орынға биыл 2 миллионнан астам турист келіпті. Бұл тұрғыда 2025 жылы Алматы өңіріне келетін болжамды ту­рист легі 4 млн адамға жетеді деп күтіліп отыр. Салаға түсетін жоспарланған инвес­тициялар көлемі шамамен 1 млрд дол­ларды құрайды, бұл 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Облыста тұрғын үй мәселесі де ше­шімін тауып жатыр. Жыл басынан бері 743 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 95%-ға орын­далған. Әкімнің айтуынша, бүгінгі күні тұрғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр, оның 6 039-ы – көпбалалы отбасылар.

– Биыл барлық бағыт бойынша 1 447 көп­балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, оның 1 093-іне берілді. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша – 151 отбасы, сатып алу есебінен – 346, меце­наттар есебінен – 169 отбасы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 427 отбасы үйлі болды, – деді әкім.