Биыл 9 айда 34 мың адам Қазақстаннан көшіп кеткен. Олардың енді елге оралуы екіталай. Бұл сан жыл өткен сайын өсіп келеді. Атамекенді тастап кеткендердің басым бөлігі – қалалықтар және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының тұрғындары. Мұндай көштің себебі неде? Жалпы, бұл процеске алаңдау қажет пе әлде «жыл сайынғы қалыпты жағдай» деп жайбарақат қарап отыра берген жөн бе?
Мекен ауыстыру – адамға тән қасиет. Өзге елге түрлі себеппен бет алады. Тарихи Отаны, жұмыс істеу, білім алу, отбасылық жағдай және тағысын тағылар. Алайда жыл сайын еліміздегі көште қайталанатын бірнеше айқын белгілер бар. Біріншіден, көшетіндердің басым бөлігі іргедегі Ресейге қоныс аударады. Екіншіден, еліміздің солтүстік, шығыс, орталық өңірлерінің тұрғындары түйіншектерін жинауға дайын тұрады. Үшіншіден, олардың басым бөлігі славян тектес халық. Төртіншіден, қалалықтар шетел асуға даяр. Биыл да аталған тренд сақталып отыр. Көшкендердің 84 пайызы қала тұрғындары. Қазақстанда одан ары тұрғысы келмеген 34 мың адамның 30 мыңы тағы да Ресейге бет алған. Кейінгі орында Германия, 2 085 кісі неміс жерінде тұруды құп көрген. Қалғаны Беларусь (297), Өзбекстан (220) және АҚШ-ты (190) таңдаған.
Кімдер көшіп жатыр? Жоғарыда айтқандай көштің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Ресейге көшетіндердің қатарында тек орыс ұлтының өкілдері ғана емес, қаракөздер де бар. Оған қоса, Ресей ерікті түрде көшу туралы арнайы бағдарлама қабылдап, Ресей азаматтығын алу талаптарын биыл жеңілдетіп тастады. Әрине, бұл қадамдар ең алдымен Украина тұрғындарына бағытталды. Алайда аталған мүмкіндікті біздің азаматтар да пайдаланып жатыр. Ал Германияға неміс жұрты тарихи Отанына оралу үшін кетіп бара жатқан болар немесе өзгелері білім алғысы келген шығар. Себебі бұл елде магистратура, Phd бағдарламасы бойынша тегін, арзан білім беретін университеттер аз емес. Ал АҚШ-қа жұрт жайлы өмір іздеп, жоғары жалақы көздеп кететіні айдан анық.
Айтпақшы, Қазақстаннан жұрт тек көшпейді, көшіп келіп жатқандар да баршылық. Бірақ аз. Биыл 9 айда 8 мың кісі елге қоныс аударған. 34 мыңы кетсе, 8 мыңы келген. Айырмашылық 4,2 есе. Негізінен, Өзбекстан (2,9 мың), Ресей (2,2 мың) және Қытайдан (686) қоныс аударған. Бәлкім басым бөлігі оралман қандастар шығар немесе Ресейге көшіп, жерсінбей, оралып жатқандар болар? Әрине, долбарламай, нақты себептерін жазу үшін терең сараптама керек, өкінішке қарай ресми органдар ондай мәліметті жарияламай отыр.
Шығын. Жыл сайын Қазақстаннан 40 мыңдай адамның көшіп кетуі үлкен демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, зияткерлік шығын екені анық. Бір адамды балабақшада тегін тәрбиелеп, мектепте тегін оқытып, университетте грантпен тегін білім беріп, маман ретінде қалыптастырып, қызметте тәжірибе жинатып, өсіріп, соңында эмиграцияның кесірінен бір күнде ол азаматтан айырылып қалу қаншама мемлекеттік инвестицияның қайтарымсыз кеткенін көрсетеді. Бәлкім, бұл эгоистік көзқарас шығар. Өйткені адам қай жерде, қай елде өмір сүруін өзі шешеді. Алайда қарқынды эмиграция мыңдаған маманның шетке ағылуына жағдай жасайды. Есесіне, сол мигранттарды қабылдайтын елдер дайын маманға бір күнде қарық болады. Яғни, эмиграциядан табысқа кенелетіні де, шығынға бататыны да жетерлік. Мәселен, Ресей 2000-2017 жылдар аралығындағы эмиграциядан 27 трлн рубль шығын көрген. Ал сол жырақтан келетін мигранттар АҚШ экономикасына 2015 жылы 2 трлн доллар, Германияға 550 млрд доллар пайда әкелген. Көшіп-қону ғаламдық процесс болғандықтан, мигранттардың әлемдік ішкі жалпы өнімге қосатын үлесі 10 пайыз екен.
Жалпы, елдегі эмиграцияның кері сальдо көрсетіп жатқанына алаңдайтын фактор көп. Біріншіден, көшіп жатқан кісі қатарында жастар аз емес, 25 пайыздай. Екіншіден, алыс елге көз тастағандардың 30 пайызы жоғары білімді азаматтар. Бұл әрбір үшінші эмигранттың қолында дипломы бар деген сөз. Есесіне, Қазақстанға жаңа қоныстанып жатқан жандардың тек 17 пайызы ғана ЖОО-ны тамамдағандар. Бұл – аталған мәселені зерттеп келе жатқан зерттеуші Ирина Черныхтың мәліметтері. Басқаша айтқанда, білімді мамандар жат жұрт асып жатыр, ал көшіп келіп жатқандар сапа тұрғысынан олардың орнын толтыра алмауда.
Не үшін көшіп жатыр? Бұл сұраққа жауап беру үшін былтыр қыркүйек айында И.Черных 50 жас кәсіби маман арасында сауалнама жүргізген. Оның 35-і елде, 15-і түзде тұрып жатыр. Олардың пікірінше, елді тастап кетуге келесідей факторлар ықпал етіп отыр:
– мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы;
– тіл мәселесінен туатын психологиялық ыңғайсыздық;
– көрші елдердің мигранттарды шақыру саясаты;
– Қазақстан паспортының «әлсіздігі» (виза);
Осы мамандарға «Қазақстаннан кетуге дайынсыз ба?» деген сауал қойылған. Жауап үшке бөлінген: 34,5 пайызы «иә» десе, дәл соншасы «жоқ» деп, көшуден бас тартқан. Қалған 31 пайызы сенімді емес, алайда жақсы қызметтік ұсыныс жасалса, қолына құжатын алып, әуежайға беттеуге даяр.
Сондай-ақ Ирина Черных жырақта қызмет етіп жүрген қазақстандық мамандардың арасында да сауалнама жүргізген. «Қазақстанға ораласыз ба?» деген сауалға тек 8,3 пайыз респондент елге қайтатынын жеткізсе, 50 пайызы «оралмаймын» деп кесіп айтқан. Қалған 41,7 пайызы «егер Қазақстанда жақсы қызметтік ұсыныс болса, елге қарай билет алуым мүмкін» деп жауап қайырған.
Эмигрант – қоғамның айнасы. Сонымен, шетелге көшкен, көшкісі келіп жүргендерді бірнеше мәселе мазалайтыны белгілі болды. Ол жұмыс, қаражат, табыс көзі, тілді білмеу және көк паспортпен визасыз саяхаттай алмауың екен. Мәселені кеңірек қарасақ, соңғы жылдары теңгенің долларға шаққанда 120 теңгеден 390 теңгеге оңбай құлдырауы, отандық өндірістің әлсіреуі, жемқорлықтың азаймауы, әлеуметтік лифттің қиындауы, бюрократия – бәрі де қоғамға кері әсер еткені көрініп тұр. Егер азамат сапалы білім алып, дипломына сай жұмыс тауып, айлығы шайлығына жетіп, өзі және отбасының қауіпсіздігіне сенімді болып, баспананы 5 жылда алуға мүмкіндік туып, ертеңіне сенімді болса, онда жыл сайын 40 мыңдай азамат елді тастап кетпес еді. Бұған дейін кейбір зерттеулер табысы орташа қазақстандық отбасы өз табысының 54-60 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын хабарлады. Ал британдық отбасы әдетте тамағына жалақысының бар болғаны 10-12 пайызын бөледі. Өкінішке қарай, азаматтардың табысы тамағы мен киімінен артылмайтын деңгейге жетті. Артық ақшасын театр, концерт, кітап, музей, галереяға жұмсайтын жан кемде-кем. Қысқасы, сөз басындағы статистика, И.Черных жүргізген сауалнама нәтижесі – бүгінгі қоғамдық проблемалардың айнасы және салдары.
Ал енді «азаматтарымызды шетелдерде не қызықтырады?» деген сауалға мамандар «қауіпсіз қоғам, құқық қорғау органдарына деген жоғары сенім, дамыған азаматтық қоғам, төмен деңгейдегі жемқорлық, адам құқығының қорғалуы және тағы басқа факторлар» деп жауап берген. Яғни, адамның жайлы өміріне қажет базалық қажеттіліктер. Логикаға салсақ, егер Қазақстанда осы салаларды қалыптастырып, дамыта алсақ, онда 40 мың азамат жыл өткен сайын жат елге бетін бұрмас па еді? Қайта өзге елдердің мигранттары Қазақстанға аттануға оқталар ма еді?
Кореяға бет алғандар. Соңғы 2-3 жылда Оңтүстік Кореяда қызмет етіп жатқан қазақстандықтар саны күрт өсті. Әсіресе, оңтүстік өңір азаматтары. Былтыр сол елдегі консулдығымыз 19 мың Қазақстан азаматы жұмыс істеп жатқанын хабарлаған еді. Ал биыл 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 10 мыңдай азаматымыз Корея Республикасында заңсыз мигрант ретінде еңбек етіп жүр. Осы уақыт аралығында азаматтарымыздың арасында Кореяда жол көлік оқиғасына түскен де, көлігімен жолда бала қаққан да, қылмыс жасаған да, жеңіл жүріске түскен де – бәрі болды. Олар – еңбек мигранттары. Корея үкіметі ешбір жазасыз оларды Қазақстанға қайтару үшін «жасыл дәліз» режимін де енгізді. Алайда ауыр еңбек болса да, жоғары жалақыға үйренгендер әзірше Отанына оралғысы жоқ. Бұл жайт Қазақстан да еңбек мигранттарын экспорттаушы елге айналғанын көрсетті.
Нарық. Экономикалық себептерден бөлек, әлеуметтік факторларды да ескерген жөн. Қазіргі жаһандану процесінде кәсіби мамандарды, өз саласының хас шеберлерін бір орында ұстап отыру екіталай. Өз мамандығы бойынша Қазақстанда көңілден шығар ұсыныс таппаған жерлестеріміз Ресей, Еуропа, АҚШ-қа көшіп жатыр. Мәселен, Сингапур мен Үндістанда білім алған Едіге Тілегеновті биыл жыл басында Кэмбридж университеті жасанды интеллектті өндіріске енгізу мақсатында жұмысқа шақырған. Актер Асқар Ильясов, әнші Маржан Мақышева шығармашылығын тек Мәскеуде дамытуға мүмкіндік алған. Бұл тізімге комик Нұрлан Сабыров, әнші Назима және басқаларды да қосуға болады. Отандық жұмыс нарығының тарлығы кейбір кәсіби мамандарды шетелдерде жұмыс іздеуге мәжбүрлейді. Себебі Ресей, Еуропамен салыстырғанда Қазақстанда экономиканың бірнеше саласы жоғары деңгейде дами қоймағаны белгілі.