Қоғамда бір-біріне кереғар пікірлер жиі орын алатын болды. Оның негізгісі – жұмыссыздық пен маман тапшылығы мәселесі. Еліміз бойынша әр салаға маман жетіспей жатыр. Соған қарамастан, жұмыссыздардың саны артуда. Бұл не сонда? «Дипломды жұмыссыздар» қаптап, керісінше қажетті мамандық иелерімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі ме?
Рас, бүгінде еліміз бойынша әр салаға маман жетіспейді. Мәселен, ауылшаруашылық саласына 2 мың, білім саласына 5 мың, ішкі істер саласына 11 мың маман жетіспейді. Денсаулық саласына да әртүрлі маман иелері мыңдап керек. Оған дизайнерлер мен туризм мамандарын, экологтарды қосыңыз. Дәл осы жерде заңды сауал туындайды. Жылына жоғары оқу орындарын тамамдайтын 130 мыңнан астам маман қайда кетіп жатыр? Шикіліктің бәрі осы сауалдың жауабын іздегенде ғана шығады. Сонымен...
Жүйкені жұқартқан жүйесіздік
Бұл біріншіден, өзіміз жаппай айтып, жазып жеткізе алмай жүрген білім саласындағы жүйесіздіктің әсері. Дүниежүзілік университеттер рейтингісін шығаратын орталық 2018-2019 оқу жылының қарсаңында ғаламдық жоғары оқу орындарының рейтингісін жария етті. Түрлі талап бойынша сараланған тізім әлемдегі 1 мың оқу орнын қамтыған. Ал Қазақстан бұл тізімде жоқ.
– Өйткені жоғары білімі бар мамандарға деген сұраныс есепке алынбай, кадрлар есепсіз дайындалуда. Мысалы, соңғы 17 жылдың ішінде 2 миллионнан астам жастар ЖОО бітіріп шықты. Олардың 30 пайызы ғана мамандықтары бойынша жұмысқа тұрған. «Ақшаңды төле де, оқи бер» принципімен қабілет, біліміне қарамай, жаппай білім беру етек алғалы, жастарымыздың дені қаржы шығындап, 4-5 жыл уақыттарын жұмсап алған дипломдары қажет болмай қалуда. Яғни, жыл сайын мемлекет пен ата-аналардың қаражаттары есебінен қазіргі нарық қажет етпейтін он мыңдаған жоғары білімді мамандарды даярлап, жұмыссыздар санын қолдап көбейтіп отырмыз. Бұл еліміздегі ЖОО-ы өздерінің өңірлеріне қажетті мамандарды назарға алмайтындығын көрсетеді, – дейді сенатор Мұрат Бахтиярұлы.
Ал елордалық Экономикалық колледждің оқытушысы Ерлан Қуантқанұлы кез келген мамандықта кәсіпкерлік негіздері пәні оқытылуы керегін алға тартып отыр.
– Мысалы, қазір қоғамға керек, жетіспейді деп жүрген мамандықтарды алайықшы. Ол мейлі шаштараз, агроном, фермер, гүл өсіруші, суретші болсын, оларға бизнес форматтағы жұмыстың ерекшеліктері туралы білім қоса берілуі керек. Қазір қызмет көрсету саласына 60 пайыз, шағын және орта бизнеске 80 пайыз маман жетіспейді. Біздің жүйенің басты қателігі, осындай керек мамандықтарға ғана грант бөліп, басқасын тоқтата тұрмауымызда болып отыр. Мәселен, елімізде сан мыңдап саналатын кейбір педагогикалық мамандық иелеріне арналған гранттарды әлі бөліп жүрміз. Олар сол жұмыссыздардың қатарын жыл сайын арттырып жатыр. Талапкерлерге нарықта сұранысқа ие негізгі мамандықтар туралы көбірек ақпарат берілу керек. Әйтпесе, бір ғана білім беруден кеткен қателік, бүкіл қоғамға өз әсерін тигізеді, – дейді ол.
Мемлекеттік жоспар неге жоқ?
Ғаламдық жоғары оқу орындарының мыңдығын айтып, алысты армандамай-ақ, ішінара жүргізілген зерттеуге зер салсақ. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы ең әлсіз университеттер қатарына Алматы мен еліміздің оңтүстік өңіріндегі жоғары оқу орындарын жатқызыпты. Тіпті, олардың арасында мүйізі қарағайдай Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті сияқты беделді мемлекеттік оқу орындарының да аттары жүр. Оқу тиімділігі мен түлектердің еңбек нарығындағы табыстылығы негізге алынған талдау екен бұл. Осы жерде жыл сайын қажет етілмейтін, нарықта сұраныс жоқ мамандықтарға неге түлектер қабылданады деген заңды сауал туады.
Кеңес уақытында мемлекеттік жоспар деген болды. Бүгін бізде мұндай жоспар жоқ. Әр министрлік, әр салаға қанша маман керек соның бәрін есептеу керек. Қазір бізде бұл жоқ. Құр сөз ғана бар. Үкіметте арнайы отырыс өтіп, нақты деректермен, дәйектермен жұмыс істелу керек.
Іс жүзінде, еңбек нарығында жоғары білімі бар мамандар талап етілетін тек 15 пайыз жұмыс орны ғана бар екен. Жұмыс орындарының 85 пайызын орта арнайы білім иелері алып отыр. Ал бізде жоғары оқу орындарына өз еркімен оқуға түсіп, төрт жылдан соң өзін жұмыссыздықпен қамтитын жағдай жиі кездеседі.
– Бұл мәселе бүгін туған жоқ. Кезінде осы мәселені бірнеше рет көтердік. Еңбек нарығын есептейік, әртүрлі салаға қанша маман дайындау керек, осыны зерттейік деп талай айттық. Бірақ оған құлақ асатын адам болды ма? Дағдарыс кезінде Еуропа заманауи мамандық иелеріне қанша миллиард ақша бөлді. Сол уақытта Ресей 800 мың маман керек деп даурықты. Жүйелі түрде сол мамандық иелерін дайындады. Кеңес уақытында мемлекеттік жоспар деген болды. Бүгін бізде мұндай жоспар жоқ. Әр министрлік, әр салаға қанша маман керек соның бәрін есептеу керек. Қазір бізде бұл жоқ. Құр сөз ғана бар. Үкіметте арнайы отырыс өтіп, нақты деректермен, дәйектермен жұмыс істелу керек. Университеттеріміздің нашар екенін, ондағы білімнің сапасыздығын біз онсыз да білеміз, – дейді қоғам қайраткері Оразалы Сәбден.
Сан емес, сапа қажет
Ғылым саласының ардагерлері білім беруден көштен қалып қойғанымызды жасырмайды. «Медицинаны алайықшы, қазір бізге қанша дәрігер жетпей жатыр? Ал оған бөлінетін гранттың саны тым аз. Жұмыс жоқ мамандықтарға бөлінген грант тиімді ме, жоқ әлде осы медицина саласына бөлінген гранттар тиімді ме? Сан емес сапаға көшетін уақыт жетті» дейді ардагер-ұстаз Жарылқасын Дәуіт.
Өкінішке қарай қажетсіз мамандар дайындайтын нашар университеттер әлі де жұмысын тоқтатпай отыр. Өздері оқу бағдарламасын жасап, өздері бақылап, өздері диплом ұсынатын дәл қазіргі білім жүйесіне үлкен өзгеріс керек. Еңбек нарығында университеттің беделі болуы керек. Оқу орнын бітіргеннен кейін ол маман жұмысқа тұрды ма, жоқ әлде ол мамандық бойынша еңбек етпей ме, мұның бәріне қадағалау болмай тұр. Оқу бітірген жас маман жұмыс іздейді. Таппайды. Өйткені тәжірибесі жоқ. Кез келген мекеме оны жұмысқа ала қоймайды. Олар қоғамдағы жұмыссыз мамандардың ғана қатарын толықтырып отыр.
P.S.
Қалай десек те, қазір жоғары оқу орнын бітірді деген құжаты бар, бірақ қызметі жоқ мамандар көбейді. Есесіне, жоғарыда айтқанымыздай, әр салаға мыңдап маман жетпей жатыр. Шынтуайтында, бізге бәсекеге қабілетті жоғары білімді мамандар керек пе, әлде жоғары білімі бар екенін растайтын дипломы ғана бар жастар керек пе? Сапасыз білім беретін оқу орындарының санын қысқартуға министрлік құлықсыздық танытып отыра бере ме? Жүйесіздік пен жоспарсыз жұмыс осылай жалғаса берсе, мәселенің түйіні әзір таратылмайтыны айдан да анық ақиқат.
Қадірі жоқ кадрдың кімге керегі бар?