Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қоғамның ортақ мүддесі үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу – азаматтардың борышы деп есептейтін Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ардақ Ерсейітовпен сұхбаттасудың орай келді.
– Соңғы кездерде баспасөзде, интернет желілерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы көптеген ақпарат кездестіруге болады – марафондар, қайырымдылық шаралары, кездесулер және тағы да басқалар. Осы іс-шаралардың сыбайлас жемқорлыққа қандай қатысы бар?
– Мемлекет басшысының 2019 жылғы 13 маусымдағы Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Соған сәйкес, Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ерекше кешенді құзыреттер бөлінген тәуелсіз құқық қорғау органы болып табылады. Агенттіктің барлық бастамасы нақты құндылықтар арқылы жүзеге асырады деп белгіленген. Алдын алуды, ағартуды және қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды ұтымды үйлестіру ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Агенттіктің жаңа құрылымы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығын көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаумен және оларды жою, әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық рәсімдерді қысқарту бойынша кешенді жұмыстар превенция бағытының басты назарында. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен өзара тығыз жұмыс жасау парасаттылық бағытына жатады. Парасаттылық қоғамдық мүдделердің басымдығына бағытталған қазіргі заманғы мемлекеттік басқарудың барлық жүйесінің іргетасы. Бұл адалдық, әдептілік, заңдылық, сатылмаушылық, әділдік, рухани тұрақтылық сияқты құндылықтарды біріктіретін кешенді ұғым.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қандай іс-шаралар қарастырылған?
– Біріншіден – Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау. Биылғы 10 айда Қызылорда облысы бойынша департаментімен 9 мемлекеттік мекеме мен ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелін талдау жұмыстары жүргізілді. Облыстық мемлекетік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, Сырдария аудандық білім бөлімі, Облыстық көші-қон әлеуметтік қорғау департаменті, Облыстық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және қалалық бөлім, Мемлекеттік кірістер департаментінің кеден саласы, облыстық Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы, Облыстық «Қазсушар» филиалы, «Арал салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясы» филиалы. Нәтижесінде, 67 ұсыным жолданып, оның 45-і немесе 67% орындалса, қалған ұсынымның орындау мерзімі бар. Талдау барысында нормативтік актілерде, көрсетілетін қызметтер стандарттары, регламенттері арасында коллизиялар, қарама-қайшылықтар мен тәуекелдер және 2 мүдде қақтығысы анықталды.
Сонымен қатар, қылмыстық істер бойынша жасалған талдаудың негізінде құқықтық актілерге толықтырулар мен өзгертулерді енгізу туралы ұсыныстар жасалып, Агенттікке және жергілікті атқару органдарына жолданды.
– Департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында өткізіліп жатқан шаралар туралы толық ақпарат берсеңіз...
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру Агенттіктің бастамасымен «Адалдық алаңы», Protecting business and investments, «Саналы ұрпақ» жобалары арқылы іске асырылады. Басты міндет – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық бақылауды күшейту, адалдық идеологиясын ауқымды ілгерілету. Мысалы, осы жоба аясында денсаулық сақтау бағыты бойынша жұмысшы топпен медициналық ұйымдар қызметіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг нәтижесімен кумән тудыратын 50-ден астам №086 үлгісіндегі жалған мөрі бар анықтамалар мен санитарлық кітапшаны әзірлеудің фактісі анықталды.
Облыстағы бірқатар аурухананың асханаларында науқастарға берілетін тамақтардың бекітілген ас мәзіріне сәйкес келмеуі, құнарлылығы төмен тамақ кездесті. Кейбір ауруханалардың айға жуық етсіз, кондитерлік өнімдерсіз, жеміс-жидексіз отырғаны, бір реттік төсеніштерді бірнеше рет қолдану және жұмыс барысында медициналық талаптардың сақталмауы, залалсыздандырылмаған құралдарды пайдалану жағдайлары анықталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлардың жасалмауы және дәрі-дәрмектерді сақтау ережелерінің бұзылуы кездесті. Анықталған кемшіліктер облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жойылды.
Департамент бастамасымен республикада алғаш рет «Адал ұрпақ» клубтарының облыстық штабы құрылып, 293 мектепте құрылған клубтардың жұмысы бір орталыққа жүйелендірілді. Жыл басынан осы клубтардың түрлі тақырыпта 1250 іс-шара ұйымдастырды. Облыстың 32 жоғары оқу орыны мен арнаулы орта оқу орындарында «Саналы ұрпақ» клубы құрылып, 1802 іс-шара ұйымдастырылды. Мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру мақсатында Оpen space форматында жұмыс бөлмелері жасалуда, мемлекеттік мекемелердің 152 бірінші басшысы бірінші қабаттарға көшірілді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұрғындарға қызметтер көрсету қолайлылығы артты және ақпаратқа оңтайлы қол жеткізудің барлық қажетті жағдайы қамтамасыз етілді.
– Кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде?
– Бизнестің және инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, сондай-ақ олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Protecting Business and Investments жобалық кеңсесі құрылды. Бизнес жұмысында анықталған барлық жүйелік проблем «Атамекен» ҰКП-мен тығыз қарым-қатынаста шешілетін болады. Бұл жоба бойынша инвесторлардың жалпы құны 554,1 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба алынды.
Жоба аясында есепті мерзімде фронт офиске инвесторлар мен кәсіпкерлерден 50 өтініш түсті. Осы өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданып, бизнес субъектілерінің құқықтары қорғалды.
– Сыбайлас жемқорлақтың деңгейін азайтуға және алдын алуға қандай бастамалар бар?
– Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық деңгейін түпкілікті азайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың жаңа пакетін дайындау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Олар осы жылдың соңына дейін іске асырылады. Мәселен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының отставкаға беру институтын енгізу. Басшылар бағыныштыларының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, соттың айыптау үкімі немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім күшіне енгеннен кейін, отставкаға беруге міндетті. Осындай тізбек айқындалатын және заңнамалық түрде бекітілетін болады. Нормативтік-құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жөніндегі жауапты органды, оны жүргізу тәртібін, сонымен қоса үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, Үкімет жеке заңға тәуелді актімен айқындайтын болады. Заңсыз баю үшін жауапкершілікті енгізу – шығыстардың кірістерге айтарлықтай сәйкес болмағаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті белгілеуді болжайды. Расталмаған кірістерді мемлекеттің пайдасына өндіріп алу, ал мемлекеттік қызметшілерге қатысты бұған қоса жұмыстан босатуды қолдану ұсынылады. Сонымен қоса, бұдан бұрын заңсыз баюымен байланысты жұмыстан босатылған тұлғалар соңғы үш жылдың ішінде мемлекеттік қызметке қабылдана алмайды. Парасаттылыққа тексеру институтын Integrity Check енгізу. Бұл құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдарының қызметкерлеріне қатысты ерекше өндіріс аясында және соттың санкциясымен қатаң түрде жүзеге асыратын қызметтік тексерістің аналогы. Тестіленуші пара, өзге де пайда мен артықшылықтар алуға келісімін білдірген жағдайда, жұмыстан босатылады. Бұл ретте, оған қатысты соңғы үш жыл бойы мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым белгіленетін болады.
– Қай салаларда сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездеседі?
– Өкінішке қарай, биылғы жылдың он айында облыста 99 сыбайлас жемқорлықпен байланысты іс тіркелген. Олардың 50 пайызы ауыр қылмыстар санатына жатады. Жауапты қызметкерлер әртүрлі рұқсат беру құжаттарын және құжаттарды жедел мерзімде бергені, азаматтарды жұмысқа орналастырғаны, қызмет бойынша қамқорлығы немесе жәрдемдескені, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жемқорлыққа барған. Соңғы жүрген сауалнамаға сәйкес азаматтар пара беруге мәжбүрлеген 70-тен астам себепті айтты. Солардың ішінде ең көп таралғаны – жұмысқа орналастыру, жер телімін рәсімдеу және жол жүру ережелерін бұзу. Ал бизнес өкілдері салық органдарында, жер қатынастары саласында, аудандық әкімдіктерде, полиция, өртке қарсы қызметте және кеден қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жиі кездесетінін алға тартады.
– Облыс көлемінде биыл жемқорлық фактілері жүйелі тіркелді ме?
– Жыл басынан бері жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 6 фактісі тіркеліп отыр. Мысалы, Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық тамамдалмаған 3 нысанды қабылдап алған. Нәтижесінде, атқарылмаған жұмыстар үшін мемлекеттік қаржы мердігерлердің есепшотына толығымен аударылып беріліп, мемлекетке материалдық зиян келген.
Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою парасаттылықтың жетілген қоғамдық мәдениеті болған жағдайда ғана мүмкін. Бұл жұмыс тек құқық қорғау және мемлекеттік органдарының міндеті деп қарауға болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен халық болып күресу керек. Ал қоғамның бұл жұмысқа қосылу механизмдері мен жолдарын жоғарыда айтып кеттім.