Әлемнің көңілі – балада...
Әлемнің көңілі – балада...
5,257
оқылды

Қазақстанда халықтың 31,4 пайызын балалар мен жасөспірімдер құрайды. Олардың денсаулығы мен білімі, әлеуметтік жағдайы қай деңгейде деген сауалға жауап іздесек, әлі де шешілмеген күрделі мәселелерге кезігеміз. Мысалы, 2017 жылы елімізде 4 мыңнан астам бала түрлі жарақат алса, 193 бала жол-көлік оқиғасынан көз жұмған. Балалар арасында дұрыс тамақтанбау мен семіздік те өзекті мәселеге айналған. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) мемлекет деңгейіндегі 5 жылдық есебінде айтылды. Аталған ұйым Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында Қазақстандағы балалардың жай-күні туралы есебін таныстырды.

Жыл сайын 20 қарашада Дүниежүзілік балалар күні аталып өтеді. Бұл күні білім алуға мүмкіндігі жоқ, қорғаусыз қалған және баспанасыз миллиондаған баланың жағдайы талқыға түсіп, оларға көмек көрсету шаралары анықталады.

– Биыл бала құқы туралы конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Бұл – тарихтағы ең көп ратификацияланған халықаралық құжат. Қазақстан үшін де бұл ерекше күн. Өйткені осы жылы тәуелсіз Қазақстанның конвенцияға қол қойғанына 25 жыл толады. Соңғы 30 жылдың ішінде Дүниежүзілік қауымдастық Қазақстанды қоса алғанда, балаларға неғұрлым ұзақ, сапалы және салауатты өмір салтын қамтамасыз етіп, балалар мүддесінде әсерлі прогреске қол жеткізді. Алайда ең осал топтағы балалардың жағдайы әлі де нашар. Денсаулық, тамақтану және білім беру саласындағы мәселелерден басқа, балалар климаттың өзгеруі және интернетте қудалау сияқты жаңа қауіп-қатерлерге тап болып жатыр. Әлемдегі барлық баланың құқын саяси ерік, ресурстарды ұлғайту, инновациялар мен жаңа технологиялар арқылы ғана қорғай аламыз, – дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.

Оның айтуынша, Қазақстанда бала құқын қорғауда қолайлы орта қалыптасқан. Балалар құқын қорғау саласындағы бағдарламалар іске қосылып, бірқатар халықаралық конвенциялар ратификацияланды, бала құқы жөніндегі өкілетті институт құрылды. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы инвестицияны мемлекеттік тұрғыда қолдау тұрақты жүзеге асырылып жатыр. Бірақ оның көлемі ЭЫДҰ елдерімен салыстырсақ, орташа көрсеткіштен әлі де төмен болып тұр. Сонымен қатар елімізде бала құқына байланысты деректер жеткілікті деуге болады. Бірақ осал топтағы балаларға байланысты ақпаратты тұтас қамтитын сектораралық және дезагрегацияланған деректер аз.

бала.JPG


Елімізде балалар өліміне және олардың ауруханаға жатуына себеп болып отырған жағдай – жарақаттану. Мысалы, 2017 жылы 4 189 бала түрлі жарақат алса, 193 бала жол-көлік оқиғасынан көз жұмған. Балалар арасында дұрыс тамақтанбау мен семіздік денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен бірге Қазақстан тұрғындары тұзды тұтынудан әлем бойынша жоғары көрсеткіште тұр. Елімізде ана сүтімен қоректенетін бала көрсеткіші – 38 пайыз ғана. Бұл – халықаралық стандартпен салыстырғанда төмен көрсеткіш.

Қазақстанда инклюзивті мектептердің саны артып келе жатқанмен, ол мүмкіндігі шектеулі және ерекше күтімді қажет ететін барлық баланы қамту үшін жеткіліксіз болып отыр.

Өкінішке қарай, қазір балалар арасындағы зорлық-зомбылық ел үшін маңызды мәселеге айналды, интернаттағы балалар мектептегі оқушылармен салыстырғанда ересектер тарапынан екі есе физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Еліміздің барлық облысы мен ірі қалаларында кәмелетке толмағандардың ісі бойынша сотты тағайындаумен қоса, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған соттар құрылды. Бірақ соған қарамастан, түрлі қылмыстың құрбаны болған 2000-нан астам бала мен жасөспірім жеткілікті қолдауға қол жеткізе алмай отыр.

Тағы бір күрделі мәселе – елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету деңгейі шектеулі. Ал мұндай қызмет ауылдық жерлерде іс жүзінде жоқ деуге болады. Осыған байланысты мүмкіндігі шектеулі балалар интернат үлгісіндегі мемлекеттік мекемелерге тұруға мәжбүр.

Өз-өзіне қол жұмсау – еліміздегі бала өлімінің басты себептері қатарында. Оған психиканың бұзылуы, депрессия мен үрей сияқты проблемалар себеп. Бір өкініштісі, балалар мен жастардың психикалық денсаулығын қолдауға арналған кәсіби қызметтер мұндай күрделі психологиялық проблемаларды шешуге ықпал ете бермейді екен. Қазіргі таңда 11-15 жастағы балалардың 70 пайыздан астамы интернетті пайдаланады. Соның салдарынан электронды кеңістікте кибербуллингтен қорғансыз болады.