Отандық бапкерге неге сенім артпаймыз?
Отандық бапкерге неге сенім артпаймыз?
215
оқылды

Қазақстан Премьер-лигасында жергілікті бапкерлер cаны жыл өткен сайын азайған үстіне азайып келеді. Керісінше, шетелдіктерді шақыртып, сыртқа ақша шашудан алдымызға жан салмаймыз. Өзіміздің мамандарға мүмкіндік берер күн қашан туады? Отандық футбол жанкүйерлері мен мамандары осы мәселені үнемі көтеріп, талқыға салады. Мардымды жауап жоқ.

Жалпы, біздің елдегі клубтар екінші деңгейдегі шетелдік мамандарға әуес. Ал олардың көпшілігі маусымның ортасында командамен қош айтысып, елден тайып тұрады. Салыстырмалы түрде айта кетейік, осы маусымда Премьер-лигадағы клубтарды 6 шетелдік, 5 қазақстандық  бапкер жат­тықтырды. Оған қоса, еліміздің бас құрамасын да шетел маманына сеніп тапсырдық. Таразының басы қай жаққа ауғанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Тіпті, кейінгі кездері Болгариядан бапкер алдырту сәнге айналды. Станимир Стойловтың «Астанадағы» абыр­ойлы қызметі бұл елдің өзге де бапкерлеріне жол ашты. Ал өзіміздің Ваит Талғаев, Серік Әбдуәлиев, Асқар Қожабергенов, Владимир Чебурин бастаған бапкерлер клубсыз жүр. Соңғысы Литва чемпионатында «Судувамен» жетістікке жетіп, «Жальгиристі» бірнеше жыл алтын жүлдесіз қалдырды. Міне, осындай мамандарға тізгінді сеніп тапсыра алмай, сыртқа елеңдеп отырмыз. Шетелден маман алдырамыз, бірақ отандық бапкерлерді шетелге білімін жетілдіруге  жібермейміз. Бұл күндері «қазақстандық бапкер шетелге барып, білімін толықтырып келді» дегенді мүлдем естімейтін болдық. Әлде, Қазақстан футбол феде­рациясына осы жағын қолға алып, бола­шағынан мол үміт күттіретін жас мамандарды Еуропаға оқытып қайту керек пе? Бұл мәселені спорт журналисі Бек Төлеу көтерді.

– Егер алдына жоғары мақсат қойып, еуромаусымда өнер көрсететін команда болмаса шетелден бапкер алдыртудың қажеті шамалы. Көршілес Ресейдің өзінде де үздік клубтарды жергілікті мамандар жаттықтырып жүр. «Зенит», «Краснодар», «Локомативті» мысалға келтіруге болады. Тек «Спартак» пен «ЦСКА» шетелдік бапкерге сенім артып отыр. Біз де неге осылай жасамасқа?! Боран­баев та өз мамандарымызды шетелде оқытып алған дұрыс екенін бір емес, бірнеше мәрте айтып жүр. Сол маманның пікірімен қосыламын. Тәжірибе алмастыру керек. Егер шетел маманын алдыртқан күннің өзінде жанына отандық бір маманды көмекші етіп тағайындаған жөн. Сондай талап қойылу қажет, – дейді Бек. 

Ол сондай-ақ біріншілікте осы маусымда жақсы нәтиже көрсеткен екі бапкердің еңбегін жоғары бағалайтынын айтты. Бірі – «Тобылды» жаттықтырған Григорий Бабаян, екіншісі – маусым ортасында «Шахтердің» тізгінін ұстаған Константин Горовенко.

– Екеуі де клуб басшылығының сенімінен шықты. Бабаян қазір еліміздегі ең үздік бапкер десек те болады. Бастапқыда елорда­лық ұжым Григорчук кеткен соң, бұл жаттық­тырушыға сенім артпай, шетелден бапкер алдыртты. Нәтижесін өздеріңіздер де көр­діңіздер. Бір жыл ішінде үш бапкер ауыстыру клуб басшылығының бапкер таңдауда қатты қателескенін айғақтайды. Ал «Тобылға» бар­ған Бабаян өзінің үздік маман екенін дәлел­деді, – дейді ол.

  [caption id="attachment_93529" align="aligncenter" width="1691"]Тобыл Фото: Интернеттен алынды[/caption] Пікір иесінің ойын біз де қоштадық. «Хабар» арнасының спорт комментаторы Айбек Қабылша да отандық бапкерлерге мүмкіндік беретін кез әлдеқашан келгенін айтып қалды.

– Жергілікті бапкерлерге сенім артуымыз керек. Ұлттық құрамаға да қазақстандық бапкерлерді тағайындаған дұрыс. Шетелдің мамандарын алдыртсақ, нәтиже талап етуіміз қажет. Олай болмаса ақшаны далаға шашқан­нан пайда жоқ. Беларусь пен Литваны да өзінің жергілікті мамандары жаттықтырып жүр.  Есесіне, олардың құрамалары бізден жақсы өнер көрсетті. Сол себепті өзіміздің бапкерлерді жарылқайтын, қазақ футболы үшін қызмет ететін кез келді, – дейді ол. 

Қазақстан футбол федерациясы алдағы уақытта осы мәселеге келгенде ұтымды шешім қабылдап, отандық бапкерлерге мүм­кіндік берсе нәтиже де көп күттіре қоймас. Бұл ретте, жанкүйерлер де, басшылық та жергілікті футбол жаттықтырушыларына қолдау көрсетсе дейсің.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ