Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері еріктілер су айдындарынан 85,2 млн шабақты құтқарған.
Биыл су қоймасынан, күріш алқабынан балық шаруашылығы, күріш өсіретін ұйымдардың өкілдері мен еріктілер қырылу қаупі бар 85,2 млн шабақты құтқарып қалған. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Атырау облысында – 56,7 млн балық, Түркістан облысында – 10,3 млн, Қызылорда облысында – 8,3 млн, басқа өңірлерде 9,9 млн шабақ құтқарылған. Оның ішінде сазан, ақмарқа, мөңке, қарға, құмай, осман, көксерке, алабұға, шортан, тұқы, табан, торта, оңғақ бар. Балық ресурсын сақтау бойынша жұмысқа 851 адам және 153 техника жұмылдырылған. Ихтиологтердің дерегі бойынша, елімізде балықтың 100-ден астам түрі мекендейді. Олардың 70-і өнеркәсіптік құндылыққа ие болса, 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.А.ЖОЛДАС