Он жылдық бағдарламаның оң нәтижесі бар ма?
Он жылдық бағдарламаның оң нәтижесі бар ма?
257
оқылды

Жоғары оқу орнын бітірген жас бірден мамандығына сәйкес жұмыс табуы қиын. Жұмыс берушілердің көбі өз қарамағына тә­жіри­белі мамандарды тартқысы келеді. Сол себепті мемлекеттік грант бойынша Үкімет қаржысына білім алып, сол білімін кәдеге жарата ал­маған талай жас нәпақасын басқа саладан тауып, тіпті өзі оқып ма­­манданған салаға қайта оралмаған жағдайлар жиі кездеседі.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақ­­сатында осыдан он жыл бұрын «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарлама ше­ң­бе­рінде білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, ветеринария мамандықтары бойынша ЖОО-ны тамамдаған жастарға мемлекет ауылды жерлерде жұмыс ұсынып, сәйкесінше әлеуметтік қолдау көрсетеді. Енді олардың қатарына мемлекеттік қыз­меткерлер де қосылмақ. Себебі Ұлт­тық экономика министрі Руслан Дәленов­тің айтуынша, ауылды жерлерде жұ­мыс істейтін мамандар тапшы. «Ауыл­да кадр жетіспеушілігін шешу үшін мем­лекеттік қызметшілерді «Дипломмен ауыл­ға» жобасына қосуды ұсынамыз. Бар­лық ұсыныс біз әзірлеп жатқан заң жобасында қарастырылады», – деді Дәленов.

Ауылды жерлерде кадр жетіспейтіні анық. Жалақысы төмен мемлекеттік қыз­метке жастар барғысы келмейді. Рес­ми мәлімет бойынша елімізде 2 мыңнан астам ауылдық округ бар. Онда тұратын халық саны 8 миллионнан асады. Қазір ауылдық әкімдіктерде 450 орын бос тұр. Бұл тек мемлекеттік қызметшілерге ар­налған орын. Ал жалпы кадр тапшылығы Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан облыстарында өзекті болып тұр. Кейін­гі жылдары халқы тығыз орналас­қан оңтүстік өңірдің адамдарын солтүс­тікке қарай жайғастыру әрекеті де бұл мәселені әлі түбегейлі шеше алмай отыр.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан іске аса бастады. Өткен он жыл­да әжептәуір серпіліс байқалады. Де­генмен жақсы ойластырылған бағдар­ламаның одан ары іске асуына барынша жұмыс атқарылуы тиіс. Бағдарлама іске аса бастаған осы мерзімде 60 мыңнан ас­там маман қолдау тапты. Соның ішінде 27 мыңнан астам адам бүгінде ең өзекті болып тұрған баспанаға қол жеткізді. Тұрғын үй алуға 4 миллион теңгеге дейін несие 0,01 пайыздық үстемеақымен бері­леді. Оның үстіне ауылға келетін маман­дарға 250 мың теңге көлемінде берілетін көтерме жәрдемақысы бар. Біле білгенге, бұл жұмысын жаңа бастаған жас маман­дарымызға мемлекет тарапынан көр­сетіліп отырған үлкен қолдау.

Қазіргі таңда елімізде 3 миллион 800 мың­нан астам жас бар. Бұл – жалпы ха­лық санының 21 пайызы. Демек халқы­мыздың бестен бірінен астамын жастар құрайды. Халқының басым бөлігі зейнет жасындағы еуропалықтарға қарағанда, бұл – қуанарлық жағдай. Демек біз өсіп келеміз. Жас бар жерде құлшыныс, өсім, келешек бар. Өкініштісі, осы жастардың 81 мыңнан астамы жұмыссыз жүр. Рас, бұл – ресми дерек. Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев Мә­жілісте өткен үкімет сағатында осындай дерек келтірді. Оның айтуынша, 2019 жыл­дың екінші тоқсанында жастар ара­сындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды немесе 81 мың адамды құрады. Жұ­мыспен қамтылған 2 миллионнан аса жас­тың арасында 77 пайызы – жал­да­ма­лы қызметкерлер. Оның ішінде 388 мыңы – сауда саласында, 253 мыңы – ауыл шаруашылығында, 239 мыңы – бі­лім саласында, 218 мыңы өнеркәсіп ны­сандарында еңбек етеді. Ал қалған 23 пайы­зы – өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар.

Қоғамның ең белсенді тобы болып са­на­латын жастар арасында жұмыс­сыз­дықтың белең алуы – қуанарлық жағдай емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Дипломмен ауылға» бағдарлама­сымен қоса «Жас кәсіпкер», «Жас ма­ман» сияқты жобалар да іске асыры­лып ке­леді.

Жоғарыда айтып өткен жастардың жартысына жуығы, анығы 43,5 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Ауыл жастары­ның басты мәселесі – жұмыссыздық. Оның үстіне қазіргідей жаһандану за­манында жастардың қалаға қарай ұм­тылуы заңдылық. Жастарымыздың көзі ашық. Олар да өзге қатар-құрбылары сияқ­ты үлкен ортада жүріп, заманауи же­тістіктерді пайдаланғысы келеді. Бәрін көріп-біле тұра «Ата-бабамыз мал баққан» деп, оларды малдың соңына салып қоя алмайсың. Сондықтан да олардың қалаға қарай ағылуы бір бізде емес, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы жө­ніндегі комитет төрағасы Мадияр Қо­жахметов өз жұмыс тәжірибесінде көп­теген жастың өзі туып-өскен ауылына оптимистік көзқараспен қарайтынын және олардың 70 пайызы болашағын өз ауылдарымен байланыстырғысы келе­тінін айтады. Оларды алаңдатып отырған – жұ­мыспен қамту мәселесі. Спикер қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарла­масынан тыс та жұмысқа орналасудың мүмкіндігі көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, Enbek.kz. элект­рон­ды еңбек биржасы. Күн сайын рес­пуб­лика бойынша бос жұмыс орындары жарияланып тұрады. Порталда қалаған мамандығыңыз бойынша жұмыс табу үшін арнайы тест тапсыруға болады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойын­ша мамандарға берілетін бір реттік жәрдемақының мөлшері осы күнге дейін 70 айлық есептік көрсеткішке тең бо­латын. Енді оның көлемі 100 айлық есеп­­тік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұл – 252 мың теңге көлеміндегі қаражат. «Сананы тұрмыс билейді» деген қағида­ны еске алсақ, тұрақты жұмысы бар, өте төмен пайыздық үстемеақымен тұрғын үй, 100 АЕК тең біржолғы жәрдемақыға ие болған жас маман біраз еңсесін тіктеп, шаруасын дөңгелетіп алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл кейінгі жылдары ста­тистикасына көз жүгіртсең, төбе шашың тік тұратын жастар арасындағы ажырасу мәселесіне де біраз тосқауыл болар деген де үміт бар. Себебі жастар арасында осындай келеңсіздіктің белең алуына жұ­мыссыздық пен әлеуметтік ахуалдың тө­мен­дігі де кері әсер етіп отырғаны ақи­қат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке келер жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұрын бұл салаға жылына 14 миллиард теңге бөлініп кел­ген. Сондықтан талай жастың қанатының қатайып, өмірде өз орнын ойып тұрып табуға осы бағдарламаның ықпалы алда­ғы уақытта да зор болмақ.