НАТО ғарышқа бет бұрды
НАТО ғарышқа бет бұрды
242
оқылды

Осы аптада ұйымның бас хатшысы Йенс Стол­тенберг ғарышты әскери альянстың қызметіндегі сала деп жариялау туралы жоспарын паш етті. Алайда ұйымның ғарышқа қару-жарақ жеткізетін ойы жоқ екен, тек қорғануды ойлап отыр. Бұл мәлімдеменің мәні неде және ол неден туындады?

Столтенберг НАТО-ның бұл бағытын мүше-мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері жина­латын басқосу алдында хабар­лады. Егер бұрын ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіп­сіздігі үшін жер, су, аспан және кибер кеңістік маңызды болса, қазір бұл тізімге ғарыш та қосылып жатыр. Кейбір мәліметтер бо­йын­ша, мұндай шешімді қабыл­дауға Вашингтон мен Париж ықпал еткен сыңайлы. Бас хатшы бұл саясат халықаралық құқық талаптарына сай жүргізіліп, тек қорғаныс мақсатында жүзеге асатынын жеткізді. Дегенмен кез келген кеңістікте қорғану үшін қару қолдануға тура келеді. Осыған қарамай, НАТО басшысы ол жаққа оқ ататын қару жет­кізілмейді деп жұртты сендіруге тырысты.

Көк кеңістікке талас. 1967 жылы Ғарыш туралы келісім жасалды. Құжат ғарышқа, айға ядролық және басқа да жаппай қырып жоятын қаруды орнатуға тыйым салады. Дегенмен уақыт өткен сайын бұл құжаттың талап­тарын орындағысы келетін елдер саны азайып келеді. Ірі держава­лар стратосферадан арғы жаққа барлаушы спутник және басқа да аппараттарды жеткізіп, оларды атып түсіре алатын зымырандар шығаруға әуес.

Бүгінде арнайы ғарыш әскері 5 мемлекетте бар деп есептеледі: АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания. Көпшілігінде осыған дейін ғарыш әскері әуе қор­ғанысының бір бөлшегі бо­лып келген. Бірақ соңғы жылда­ры арнайы ғарыш әскері бөлек еншісін ала бастады. Яғни, ға­рыш күрес алаңына айналып бара­ды. Мысалы, Ресей 2001 жылы ғарыш әскерін ресми түрде құрды. Әскери мақсаттағы спут­ник­­терді ғарышқа шығарып, ғарыш­тан төнетін қауіптің алдын алу үшін 2015 жылы оның дәре­же­­сін көтеріп, Әуе-ғарыш әскері болып өзгерді.

Қытай ресми түрде жария­ла­маса да, ғарышқа зымыран жеткізе алатынын 2007 жылы дәлелдеді. Сол кезде бұл ел 865 шақырым биіктікте жүрген өзінің метеорологиялық спутнигін атып түсірді. Бұл ескі спутникті істен шығарудың жолы ғана емес, сондай-ақ әлемге өзінің әскери мүмкіндіктерін паш ету шарасы еді. Басқаша айтқанда, шетелдік барлаушы спутниктерді дәл осылай жоя аламыз деген месседж болатын. Арада 12 жыл өтті. Қытайдың ғарыштағы әске­ри мүмкіндіктері бұдан да кеңеюі мүмкін. Былтыр Қытай офицер­лері 2020 жылы жаңа типтегі Әскери әуе күштері құрылатынын мәлімдеді. Бұл ел тым ұзақ қа­шық­тыққа ұшып, ядролық заряд жеткізе алатын зымыранды жасап үлгерді. Мәселен, Дун­фэн-41 (DF-41) зымыраны 12 мың шақырымға дейін жете алады. Яғни, ғарыш кеңістігіне кіру мүмкіндігі бар.

Ғарыш державасы қатарына Үндістан да қосылып жатыр. Биыл наурыз айында Үндістанда Шакти деп аталатын миссия аясында жерден 300 шақырым биіктікте, яғни ғарышта жүрген спутник А-SAT ракетасының күшімен құлатылды. Әрине, Үндістан осы қадамы арқылы ғарышқа әркімнің-ақ бар таласы екенін көрсетті. Себебі бұл мем­ле­кетте 1947 жылдан бері ғарыш бағдарламасы жұмыс істейді. Бұған дейін тек үш ел – АҚШ, Ресей және Қытай көктегі спут­никті атып түсірген. Енді бұл тізімге үнді елі қосылды.

Көштен қалмау. Сөз жоқ, НАТО мұндай трендтен, басқаша айтса, «ғарыш бәйгесінен» шет қалмасы белгілі еді. Сондық­тан да жоғарыда айтылған ше­шім­ді қабылдап отыр. Оған қоса, бұл ұйымның белді мүшесі – Фран­ция президенті Э.Макрон Еуропа қауіпсіздігін тек Еуропа қамта­масыз етеді деген ұстаным­да. Яғни, ол бұрынғыдай АҚШ-қа үміт артқысы жоқ. Сондықтан қауіпсіздік шараларын кеңейтуге мүдделі. Бұдан бөлек, НАТО-ның негізгі қарсыласы саналатын Ресей Кеңес Одағы заманында-ақ ғарышқа бағытталған әскери бағдарламаларын жүзеге асырған. Мәселен, КСРО-дағы «Алмаз» орбиталық әскери станcасы. Ол әскери құрылымдарды ғарыштан басқаруға, радиотехникалық барлау жүргізуге арналды. Кейін оған өзге спутниктен қорғану үшін НР-25 автоматты зеңбірегі, Щит-2 атып түсіруші зымыраны орнатылды. «Скиф» әскери лазерлік орбиталды платформасы да осы санаттағы қару. Ол өзге спутниктерді жоюға арналды. Яғни, КСРО өз уақытында ға­рыш­та да соғыс жүргізуге қамдан­ған. Ресей бүгін де осы бағытта біраз қару жетілдірді. Мәселен, спутникті атып түсіруші ПЛ-19 «Нудоль» зымыранын жасады. Ал 2018 жылы желтоқсанда Ресей армиясына «Пересвет» лазер қаруы келіп түсті.

АҚШ та шет қалмады. КСРО-мен барлық салада бәсекеге түскен Америка қырғи-қабақ соғысы жылдарында-ақ ғарыш үшін таласты бастап кетті. Биыл ақпан айында президент Дональд Трамптың жарлығымен бұл елде Ғарыш әскерлері құрылды. Атал­ған әскер не үшін қажет дегенде, Ресей мен Қытай бұл салада алға шығып, алдымызды орап кетті деп Д.Трамп жауап берген. Алай­да бұл – шындыққа жанаса қой­майтын жауап. Себебі қазір Жер орбитасында жүрген барлық 1 957 спутниктің 849-ы – АҚШ-тың меншігі. Оның 160-ы әскери мақсатта қолданылады (Ресейде – 152, Қытайда 252 спутник бар). Осы санның өзі ғарыш шар­та­ра­бын­да қай елдің доми­нант екенін көрсетеді. Бұл бекер емес. АҚШ 1982 жылдан бастап Әскери әуе күштерінің құрамында ғарыш әскерін ұстады. Міне, енді Дональд Трамптың жоспарынша аталған әскер әуе қорғанысы жүйе­сінен бөлек шығуы тиіс. Про­цесс басталды. Енді осы әс­кер­дің құрамында түрлі бағыт­та істейтін 60 мекеме бол­мақ. Бюджеті әзірге 8 млрд доллар.

Америка ғарышқа қару шы­ғар­ға­нын ешқашан мойындаған емес, бірақ Ресей, Қытай, тіпті БҰҰ мамандары мұндай факті­лердің болғанын жоққа шығар­майды. Соның бірі – 2010 жылы көкке аттанған Х-37b ғарыш кемесі. Оның қандай миссиямен ұшқаны әлі күнге жарияланбады. Бірақ ғарышта 7 ай бойы қалқы­ған кеме қару тасыды деген күдік бар. Яғни, осы ғарыш объектісі жердің кез келген нүктесіндегі нысанды атып түсіре алатын еді. Көріп отырғаныңыз­дай ХХ ға­сыр­да жасалған Ғарыш туралы келісімді қазіргі держава­лар ара­сында толық ұстанатыны көп емес.

Коммерциялық ғарыш. Ға­рыш милитаризациясы көк ке­ңістікті бейбіт мақсатта қол­дану бағытымен қатар жүрді. Себебі жоғары технология мен инвести­ция ғарыш саласының негізгі екі құрамдас бөлігі. Бүгінде әлемдік ғарыш нарығы (спутник, байла­ныс, навигация, зымыран­дар, технология) 360 млрд долларға бағаланып отыр. Уақыт өткен сайын бұл нарықта мемлекеттік мекемелерден басқа (NASA, Роскосмос) жекеменшік компа­ния­лар маңызды рөл атқарып келеді (SpaceX, Arianespace, ULA, Mitsubish Heavy Industries, Orbital ATK, Blue Origin, Rocket Lab, т.б.). Бұл компаниялардың әрбірі ғарыш технологиясында біршама жетістікке жеткендер: зымыран­дарын ұшырды, спутниктер жет­кізді немесе осы жолда еңбек етуде. Илон Масктың SpaceX ком­па­ниясы зымыранды ғарыш­тан қайтарып, оны бірнеше рет қолдану мүмкіндігіне қол жеткіз­ген соң ғарышқа жүк жеткізу қызметі арзандап кетті. Яғни, жоғары технологияның дамуы ғарышты «жақындатты». Тек осы компания былтыр 20 рет зымы­ран­ды ұшырды. Яғни, бір жеке компания Ресейдің көрсеткіші­нен асып түсті. АҚШ-тың әске­ри­лері де жеке компаниялардың қызметін кеңінен пайдалана бастады. Мәселен, сол Илон Масктың компаниясы АҚШ-тың Қорғаныс министрлігімен 2017 жылы 96 млн долларға, ал 2018 жылы енді 290 млн долларға келісімшарт жасасты. Былтыр қыркүйекте осы компанияның президенті Гвинн Шотвелл «егер қорғану мақсатында болса, онда ғарышқа қару да жеткізе аламыз» деп мәлімдеді. Айтпақшы, арзан дүниеден біз де шет қалмадық. Былтыр Қазақстан дәл осы SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен KazSaySat және KazistiSat атты қос спутнигін 1,3 млн долларға ұшырды.

Бұл нені көрсетеді? Жоғары технологиялар дамып, ғарышқа сапар шегу, жүк тасу, зымыран ұшыру бағасы төмендеген сайын онда түрлі мақсаттағы спутник­терді жеткізу жиілемек. Мәселен, былтыр Үндістан бір зымыранмен 104 спутник ұшырып, рекорд орнатты. Оның барлығы бейбіт не коммерциялық мақсатта бол­мауы мүмкін. Қытай 2018 жылы 39 рет зымыранды сәтті ұшырып, бұл салада әлемнің алдына шық­ты. Сәйкесінше, ғарыш «арзан­даған» сайын оның әске­ри­ленуі де жылдам жүруі бек мүмкін.