Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-саттық көлемі 3 миллиард долларға жеткен екен. Салыстыру үшін айтсақ, іргедегі өзбек ағайынмен арадағы сауда айналымы да дәл осынша көлемде. Осыдан-ақ ресми тілде Швейцар Конфедерациясы деп аталатын бұл мемлекетпен ынтымақтастықтың маңыздылығы айқындалады.
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Швейцария президенті Ули Маурерді қарсы алды. Ізінше Президент сарайының «Шығыс залында» өткен жеке кездесуде Қ.Тоқаев бұл елді «Қазақстанның Еуропа континентіндегі ең маңызды әріптестерінің бірі» деп жоғары бағалады.
– Мемлекеттеріміз арасында барлық салада, әсіресе экономика бағытында ізгі ынтымақтастық дәстүрі қалыптасқан. Швейцария – Қазақстан экономикасының маңызды инвесторларының және негізгі сауда серіктестерінің бірі, – деді ол.
Осыдан кейін жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел ресми делегациясы өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
– Біздің ынтымақтастығымыз кең қанат жайып, өркендеп келеді. Ары қарай да экономикалық және саяси салалардағы өзара тиімді байланыстардың қарқынын арттыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсай береміз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға Н.Назарбаевтың қосқан маңызды үлесіне екпін түсіре келе, Елбасы негізін қалаған серіктестік дәстүрі жалғасын табарына сендірді.
Ал Ули Маурер өңірдегі экономикалық және саяси байланыстарды өркендету ісіндегі Қазақстанның шешуші рөлін атап өтті.
– Қазақстан біз үшін әртүрлі қарым-қатынаста – саяси әрі экономикалық тұрғыда Азия мен Еуропа арасын жалғастырушы көпір саналады. Сіздің еліңіздің әлемдегі және халықаралық қоғамдастықтағы рөлі арта береді. Біз Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарды шынайы, ашық және тікелей талқылай алатын, сондай-ақ құрлықтар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етуге, экономикалық қатынастарды нығайтуға бірлесе үлес қосатын Қазақстан сияқты серіктесіміздің бар екеніне қуаныштымыз! – деді Швейцария президенті.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, қаржылық қызмет көрсету секторындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Келіссөздер аяқталған соң қос мемлекет басшысы отандық және шетелдік журналистер алдына шығып, брифинг өткізді. Қ.Тоқаев еліміз Швейцарияны саяси тұрғыдан Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттеріміздің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі, соның ішінде Сириядағы қақтығысты реттеу мәселесіндегі ұстанымдары ортақ.
– Қазақстан Сирия бойынша «Астана процесін» өткізуге арналған алаң ұсынады және ол Женева процесін толықтырады, – деді Президент.
Ол өзара әріптестікте экономика негізгі рөл атқаратынын баса айтты.
– Бүгінде Швейцария біздің экономикамызға қаржы құю ауқымы бойынша үшінші ірі инвестор саналады және Қазақстанның сауда серіктестерінің алғашқы «ондығына» кіреді. 15 жылда келген швейцариялық инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысында өзара тауар айналымы 3 миллиард доллардан асып түсті, – деді Мемлекет басшысы.
Әйтсе де, бұл ел бізден негізінен шикізатты – мұнай, бағалы металды сатып алады. Сол себепті Қ.Тоқаев өзара саудада шикізаттық емес тауарлар көлемін арттыру және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін келіссөздер барысында тауар айналымының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажетіне назар аударғанын хабарлады.
– Бізге жаңа жоғары технологиялық «зәкірлі жобалар» қажет. Айталық, Қазақстанда инновациялық өндірістер құруға, жоғары технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика саласындағы жобаларды іске асыруға үлкен сұраныс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сондай-ақ машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен жобалардың келешегі мол екенін мәлім етті.
Ули Маурер өзімен бірге үлкен бизнес делегациясын ерте келіпті. Бұл келіссөз барысында көптеген бағытта кооперациялану перспективаларын егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік берген.
– Біз швейцариялық компаниялардың қызықты ұсыныстарын мұқият тыңдадық. Барлық бастамалар бойынша қазақстандық әріптестеріңіз жан-жақты талдау жүргізеді, – деп түйді Қ.Тоқаев.
Елдос СЕНБАЙ