Қазақстанда туризмді дамытудың барлық тетігі бар. Көрген адамды өзіне тартып, көріктілігімен тамсандыратын жер жеткілікті. Соның бірі – Баянауыл. Міне, осыны ескерген Үкімет Баянауылдың туризмін бес жылда дамыту мақсатына 17,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Баянауыл тамаша табиғатымен ғана емес, туристерді мәдени тарихи мұраға бай өңір ретінде де қарсы алады. Ертедегі үңгірлер мен қойнаулардың қабырғасындағы жұмбаққа толы суреттер, қорғандар мен балбал тастар ежелгі адамдардың қолымен жасалған. Ескерткіштердің ең белгілісі балбал тастар болып саналады, әдетте бұлар шығыс жақтан немесе 7-8 метрлік көлемдегі шаршылы қоршауды көрсетеді. Айта кету керек, Баянауыл елді мекені 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ статусына ие болды. Саябақ табиғаты өте ерекше жаралған табиғатымен әйгілі. Баянауыл таулары батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырым. Ең биік нүктесі – Ақбет тауы, ол 1 026 метр биіктікте. Таулы-орманды оазис 450 шаршы шақырымды алып жатыр, оның негізгі ерекшелігі – Кемпіртас, Көгершін, Найзатас, Аттың басы, Тас жастықтар сияқты жаратылысы өзгеше жартастарында. Баянауыл елі шеті аппақ болып көпіріп жататын Сабындыкөлдің жағасында орын тепкен. Көлдің ауданы 7,4 шаршы шақырымды алып жатыр. Әйгілі Жасыбай көлі тау сілемдерінің ортасында мен мұндалап тұр. Ауданы – 4 шаршы шақырым. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жыл сайын мыңдаған туристі қарсы алады, сол себепті көл жағалауларында демалыс үйлері мен пансионат көптеп орналасқан.
Міне, осы Баянауылда туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын Қазақстан Үкіметі бекітті. Бағдарлама 2019-2025 жылдарды қамтымақ деп жазады inbusiness.kz. Павлодар облыстық туризмді дамыту және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтың айтуынша, бағдарлама 10 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, экология, көріктендіру, әуежай, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту, ұсынылатын өнімдерді кеңейту, инвестор тарту, кадрлық стратегия, оқиғалар күнтізбесі, маркетинг және жарнамалау секілді бағыттар бар. Аталған 10 бағыт бойынша 30-дан астам жоба жүзеге асырылмақ. Оған 17,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда. «Туризмді дамыту үшін алдымен қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Бірінші кезекте, жол мәселесін реттеу қажет. Сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мәселесі де өзекті. Бағдарлама аясында Торайғыр ауылына апаратын 16,6 шақырымдық жол жөнделетін болды. Жоба 646 394 теңгеге бағаланып отыр. 2020 жылы Жасыбай көліне дейінгі 15 шақырымдық жол жөнделеді. Әзірше жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жасыбайдан Қоңыр Әулие үңгіріне дейінгі аралықты жөндеу жобасы әзірленуде. Қиыршық тас төселген жол 2020 жылы пайдалануға беріледі. Оған 121 млн теңге бағытталмақ», – дейді Марат Айдашев. Сонымен қатар Торайғырдағы «Александровка» подстанциясынан Жасыбай демалыс айлағына дейін электр желісі тартылатын болды. Жоспар бойынша жобаға 834,1 млн теңге бөлінбек. Оның 774,4 млн теңгесі республикалық бюджеттен алынады. Бағдарлама шеңберінде Баянауылға және Жасыбай демалыс айлағындағы үйлерге сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылмақ. Алғашқы жоба бойынша «Павлодарэнергопроект» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бұл жобаға 6 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде. «Мердігер қажетті материалдар мен құжаттарды жинап, сараптамадан өткізуі қажет. Содан кейін жоба Баянауыл ауданы әкімдігінің балансына өтеді. 2021 жылға дейін аудан орталығында су бұру желісі пайда болады» деп нақтылады Марат Айдашев. Сонымен қатар 2020 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу жоспарланған. Мәселен, Жасыбай – Қоңыр Әулие – Біржанкөл – Мәшһүр Жүсіп кесенесі бағытындағы жолды жөндеуге жергілікті бюджеттен 427 млн теңге бөлінеді. Келер жылы Баянауылда биодәретханалар, орындықтар мен қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Сондай-ақ киелі орындардың бағытын көрсететін арнайы белгілер қойылады. Бұдан бөлек 2020 жылы жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар салынбақ. Сондай-ақ арқан саябағын, өрмелі қабырға және аэростатты іске қосу жоспарда бар. Баянауыл туристік аймағы Қазақстанның ТОП-10 инвестициялық жобаларының қатарына енген болатын. Биыл жазда мұнда 130 мыңнан астам адам демалған.
Әділ БЕК