«Астананың алғашқы авторы – Тәуелсіздік. Қазақстан Тәуелсіздік алмаса, Астана өмірге келмес еді». Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде осылай депті. Астананы көшіру идеясы Елбасының санасында егемендіктің елең-алаң шағында, 1992 жылы туған екен. Ол жаңа астананың Қазақстанды дербес мемлекет ретінде орнықтыруда орасан рөл атқаратынына селкеусіз сенді. Тура солай болды да. Елорда халықтың еңсесін көтеріп, еліміздің қарыштап дамуына даңғыл жол ашты.
Сонау 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің пленарлық отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы астананы ауыстыру туралы тарихи ұсынысын алғаш рет жариялады. Әрине, ресми түрде мәлімдемес бұрын Елбасы әбден толғанып, ақыр түбінде нартәуекелмен бар жауапкершілікті мойнына алғаны белгілі. Өйткені мұндай маңызды мәселені сөзбұйдаға салу уақытты ғана емес, сол уақытпен бірге тағдырлы мүмкіндікті жоғалтуға әкеп соғатынын көреген көшбасшы кәміл түсінді. Осыдан ширек ғасыр бұрын Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи шешімнің төрт басты себебіне тоқталып: «Біріншіден, Қазақстанды геосаяси жағынан күшейту қажет. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі де қаперге алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы мүмкіндігінше шекарадан жырақта және елдің ортасында орналасуы керек. Үшіншіден, астананы көшіру Қазақстанның экономикасын сауықтыруға септігін тигізеді. Төртіншіден, астананы аймаққа қарай ауыстыра отырып, біз құрамы жағынан көпұлтты, тұрақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» деген еді. Иә, елорданың бүгінгі жетістігі бір күнде орнай қалған жоқ. Әрбір табыстың астарында Елбасының аса дәлдікпен жасаған экономикалық-математикалық есебімен құрылып, 1994 жылы Жоғарғы Кеңесте келтірген 32 аргументі жатыр. Қысқаша тізіп өтсек: Нұр-Сұлтан қаласы республикалық коммуникациялық, автомобильдік, әуе және теміржол торабының қақ ортасында орналасқан; шаһардың келешекте жер тапшылығын сезінбей, қанатын кеңге жайып өсуіне жағрапиялық мүмкіндік бар; елдің ең басты экономикалық маңызды нүктелеріне жақын; табиғи ерекшелігі мен қоршаған ортасы қолайлы. Сол кездегі Президенттің ұсынысы депутаттардың аз ғана дауыс салмағымен қабылданып, Жоғарғы Кеңестің әйгілі 106-шы қаулысы жарық көрді. Осынау нартәуекел намыс таңдай қақтырар табысқа ұласты. 1997 жылдан бері Елбасымыз Есілдің жағасына ел қондырып, бас қаланы перзентіндей әлпештеді. Абыройын әлемге асырып, әр қадамын қолдап-қолпаштады. Міне, бүгінгі Нұр-Сұлтан шаһары осындай қажыр-қайрат, өлшеусіз еңбектің арқасында құрылды. Алты Алаштың тәжіне айналған елордамызда әлі күнге дейін ғаламдық деңгейдегі ғажайып құрылыстар бой көтеруде. Жарты әлемнің жарығын жинап алғандай жарқылдаған ару қала көрген жанның көзін арбап, естіген жанды есінен тандырады. Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние, сынаптай сырғыған уақыт деген – осы. Өмірдің өзі елорданың әрбір жемісі мен жеңісін жіпке тізген моншақтай айғақтап отыр. Төрткүл дүниедегі небір алпауыт державалардың басшылары елорданың есігіне еңкейіп кіріп, марқайып шығады. Соңғы 22 жылда Қазақстан астанасына әлемнің 70 мемлекетінің басшылары ресми сапармен келіп-кетіпті. Астанаға арнайы ат басын тіріген Біріккен Ұлттар Ұйымының үш бірдей Бас хатшысы адамзатқа ортақ мәселелерді көтеріп, күрмеуі қиын күрделі сұрақтардың жауабын осында іздеді.Айдар ДӘУІТҰЛЫ