Боксит бітсе, Арқалықтан бақ қашпай ма?
Боксит бітсе, Арқалықтан бақ қашпай ма?
354
оқылды

2021 жылы Арқалық қаласындағы тау-кен өндіретін кәсіпорын жұмысын тоқ­татады. «Торғайдың боксит кеніші жа­былса, 600-дің үстіндегі қызметкер жұ­мыссыз қалмақ» деп жазады жергілікті басы­лымдар.

Бұл шағын қала үшін өзекті мәселенің бірі. Өйткені Торғайдың боксит кеніші Арқалық қаласының тарихымен тікелей байланысты. 1950-1960 жылдары өңірден боксит кен орындары табылысымен әкімшілік орталық ретінде шағын шаһар салынған-ды. Өндірістің дүрілдеп тұрған кезінде 1970-1990 жылдар аралығында тұтас КСРО-дағы боксит кенінің 20%-ын осы кеніш беріп тұрды. Сондай-ақ сол кезеңде өңірде 80 млн тоннаға дейін алюминий кені өндіріліпті.

«Еуразиялық топ» (ERG) компаниясының құрамына кіретін «Қазақстан Алюминий» АҚ Арқалықта өндіретін кен қалмағанын мәлімдеп, 2021 жылы өндіріс тоқтайды деп отыр. Кәсіпорын таратқан ақпаратқа сенсек, жоспар бойынша биыл 250 мың тонна боксит өндірілсе, 2020 жылы көлемі 114 мың тоннаға, ал 2021 жылы 23 мың тоннаға түсіп кетпек. Бұл тұрғыда компанияның 2014 жылғы дерегінде 2013 жылы Арқалықта 381 мың тонна боксит өндірілсе, келесі жылы өнім 9 мың тонна кем шыққаны айтылғанын еске салғымыз келеді.

Айта кетейік, Арқалықта боксит өндірісі тоқтайтыны туралы әңгіме ел аузында ертерек басталғанымен, ресми ақпарат 2014 жылы шыққан. Парламент Мәжілісінің отырысында шағын қалаларды дамыту мәселесі қаралғанда (ол жылдары бұл тақырып көп қозға­латын) сол кездегі Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау енді сегіз жылдан кейін Арқалықта боксит өндірісі тоқтайтынын мәлімдеді. Оты­рыста Арқалықта барланған бокситтің сегіз жылға ғана жететін қоры қал­ғанын, одан кейін қаланы қалыптас­тырушы кәсіпорын кететіні айтылған. Альберт Рау Арқалықтан 100 шақырым жерде млрд тонна темір рудасы табыл­ғанын, егер боксит жабылса, кенші­лер­ді вахталық әдіспен аталған кенішке орналастыруға болатынын мысалға келтірді. Депутаттар сол отырыста егер Арқалықтан кәсіпорын кетсе, қаланың ары қарай өмір сүруі­нің өзі күмәнді болмақ деген мәселе көтергені есімізде.

Вице-министрдің мәлімдемесінен кейін аз күн өткенде ERG компания­сының өкілдері 2022 жылы Арқалықта өндіріс тоқтағанда жұмысшыларға «Қазақстан Алюминий» АҚ Қостанай облысы территориясында салынып жатқан өзге кеніштерінде жұмыс ұсы­нылатынын хабарлады. Сондай-ақ вахтамен барғандарға жеңілдетілген несие негізінде баспана алуға мүмкіндік жасалады деп уәде берген. Компания сол жылғы (2014) хабарламасында алдағы сегіз жыл ішінде жұмысшыларды қысқартуға болмайтынын, кеніштегі 897 жұмысшының жалақысы да сақталатынын мәлімдеген.

Бес жыл бұрын боксит өндірісінде 897 қызметкер бары айтылса, биылғы деректерде кәсіпорын жұмысшыла­рының саны – 662 адам. Арадағы 235 адам зейнетке шықты ма әлде жұмыс­тан қысқарып кетті ме, бізге белгісіз. Белгілісі ERG компаниясы 662 қыз­меткердің 450-не өзге кеніштерден жұмыс тауып беруді міндетіне алыпты. Олар вахталық әдіспен барып-келіп, жұмыс істемек. Тағы 66 адам 2021 жыл­ға дейін зейнетке шығады деп күтіліп отыр. Ал қалған 111 адамды жұмысқа орналастыруды қала әкімдігі мойнына алған. Әкімдіктің айтуынша, олар жаңа ЖЭС мен мал шаруашылығы базала­рының құрылысына жұмысқа тұрады.

Әрине боксит өндірісі тоқтаса, Арқалық қаласы жабылып қалады деуден аулақпыз. Себебі кезінде үлкен кеніш болғанымен, қазір онда жұмыс істейтін тұрғындардың саны 600-дің үстінде ғана. 90-жылдардың басында Торғай облысы таратылып, Қостанайға қосылған соң, өндіріс те тоқырағаны рас. Арқалықтың байырғы кенші-тұрғындары үлкен қалаларға көшіп, халық саны 70 мыңнан 27 мыңға күрт азайды. «Шағын қалаға маңайдағы ауылдардан адамдар көшіп келмегенде қала халқы бұдан да азайып кетер еді» дейді жергілікті тұрғындар. Десе де, қала бюджетіне түсетін салықтың 11 па­йызы боксит өндірісінің үлесін­де болып келгенін есепке алсақ, тұйықта жатқан шаһар едәуір қаржыдан қағылары анық.

Бүгінде Арқалықтың өз басында 22 мың тұрғын болса, қаланың құра­мына кіретін 16 ауылдық округтің халқын қоса санағанда 42 500 адам бар. Ендігі мақсат – сол 42 мың жанды тұрақты жұмыспен қамтып, жерге иелік ететін азаматтар санын көбейту. Өйткені Арқалықтың айналасындағы елді мекендердің аграрлық әлеуетін толық ашуға мүмкіндігі мол. Аймақта ауылшаруашылық мақсатындағы жер­дің көлемі 1 млн гектарға жуық. Оның үстіне, егінге де, малға да қолайлы өңір. Тек өнім көлемін ұлғайтып, дамытуға қаражат тапшы. Үкімет инфрақұрылым мәселесін толығымен шешіп берсе, арысы Ресейдің, берісі Нұр-Сұлтанның нарығына табиғи азық-түлік өнімін жеткізуге жағдай тумақ.