Ел имиджі: Димаш және 50 млн доллар
Ел имиджі: Димаш және 50 млн доллар
315
оқылды

Әңгіменің әлқиссасын Димаштың Токиоға баруынан бастайық. Жапондар әншіні Қазақстанның көк Туымен қарсы алды. Әуежайын бір сәт қазақша сөйлетіп қойды. Бұрын еліміз туралы естігенде «Борат, Борат» деп шыға келетін шетелдіктер бүгін Димаштай ұлды туған халыққа алғыс айтып жатыр. «Қазақ», «домбыра» деген ұғымдар Жапонияда трендке айналды. Қалайша мақтанбайсың?! Қалайша марқаймайсың?! Кәдімгідей арқаң шымырлап, мерейің өседі, кеудеңді мақтаныш кернейді.

Енді ауқымнан ауа жайылмай, бірден тоқетеріне көшейік. «Ми­нистрлік миллиардтаған ақшамен 30 жылда істей алмаған жұмысты жалғыз Димаш атқарды» деген пі­кірлер кейінгі кезде әлеуметтік же­ліде жазылып жүр. Бұл сөз шын­дыққа жанаса ма? Дүниежүзінде Қазақстанның беделі қандай? Шетелдіктер бізді немен бай­ла­ныс­тырады? Әлем жұртшылығы қандай қазақстандық брендтермен таныс? Осы мәселеге біраз ой жүгіртейік.

Жалпы, Қазақстанның жағым­ды бет-бейнесін қалыптастыруға жыл сайын 50 миллион доллар бө­лінеді. Әрине, оң имидж эконо­ми­каның дамуына септігін тигі­зеді. Ал теріс имидж инвесторларға елді «құбыжық» қылып көрсетуі мүмкін. Бұл, әсіресе өтпелі кезеңді бастан кешіп отырған жас мем­лекеттер үшін маңызды.

Бертінге дейін «Бораттың» еле­сі қыр соңымыздан қалмай қойып еді. Құдайға шүкір, соңғы жылдары атышулы фильм ұмытылған сияқ­ты. Мысалы, Google Trends қосым­шасына үңілсек, шетел азаматта­ры­ның Қазақстанға қатысты қан­дай ақпарат іздейтінін байқаймыз:

1. Мисс Қазақстан;
2. Голливуд актері Николас Кейдждің Қазақстанмен байла­нысы;
3. Әнші Димаш Құдайберген;
4. Боксшы Геннадий Головкин;
5. Волейболшы Сабина Алтын­бекова;
6. «Астана» велокомандасы.

Қысқасы, шетелдіктерді негі­зінен қазақ қыздары мен Қазақстан спорты қызықтырады екен. Сонда дейміз-ау, алты құрлықты қамты­ған дабыралы шаралардың нәти­жесі қайда? Миллиардтаған қар­жының желге ұшқаны ма? Дәл осы арада бірнеше түйткілді тарқатуға тырысайық.

Біріншіден, ел атауындағы «стан» деген жалғау шетелдіктерді шатастырып, Қазақстанды артта қалған басқа «стан»-дармен салыс­тыруға итермелейді. АҚШ пен Еуропа тұрғындары бізді көбіне Үндістан, Ауғанстан, Пәкістанға жақын орналасқан деп ойлайды екен. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жалғауды алып тастап, ел атауын «Қазақ елі» деп өзгертуді ұсынған. Бірақ неге екені белгісіз, жаппай талқыға түскен тақырыпты билік жылы жауып қойды.

Екіншіден, көзі ашық, көкірегі ояу шетелдіктер Қазақстанды байырғы көшпенділер жері деп қарастырады. Біз – Батыс адамы үшін «терра инкогнита», яғни бейтаныс өлкеміз. Осы ерекшелікті тиімді пайдаланып, Қазақстанды ежелде дүниені дүбірлеткен Ғұн империясының, Түркі қағана­ты­ның, Алтын Орда хандығының тікелей мұрагері ретінде көрсетуі­міз керек. Мөде тәңірқұт, Бумын қаған, Бату хан жайлы тарихи фильм­дер түсіріп, соның арқасын­да туризмді түлетуге тиіспіз. Мә­селен, Ирландия «Викингтер» се­риалы арқылы аймақтық деңгей­дегі Рагнар Лодброкты бүкіл әлем­ге әйгілі етті. АҚШ – доллар, Гол­ливуд, «Майкрософт», ғарыш кемелерімен, Германия – машина жасау, оптика саласымен, Фран­ция – шарап, махаббат, сәнімен мақтанса, Қазақстан «Ұлы дала елі» деген ұғымға әбден лайық.

Үшінші мәселе – отандық спорт пен мәдениет өкілдерін қол­дау. Расында да, «Астана» вело­клубы, Головкин, Димаш сынды брендтер Қазақстан имиджіне ерен еңбек сіңірді. Алайда таны­малдық жағынан Головкин әлі Майк Тайсонмен, Димаш әлі Майкл Джексонмен шендесе ал­майды. Сондықтан жекелеген тұлғаларға сеніп, қол қусырып отыруға болмайды. Мемлекеттік деңгейде кең көлемді, кешенді шаралар қолдану қажет.

FutureBrand агенттігі жыл са­йын әлем елдерінің имиджі бо­йынша рейтинг құрады. Бағалау барысында мамандар әр мемле­кеттің құндылықтар жүйесіне, өмір сүру сапасына, іскерлік әле­уетіне, тарихи мұрасына, мәде­ниетіне, туризміне, табиғатына, тағамына, толеранттығына және саяси бостандығына назар ауда­рады. Қазақстан биыл 55-орынға тұрақ­тапты. Алғашқы үштікте Жапония, Швеция, Норвегия болса, көрші Ресей 27-орынға жайғасқан. Рей­тинг қаншалықты бейтарап түзіл­генін қайдам, әйтеуір біздің жағдай көңіл көншітерлік емес.

Баяғыда Жапония қандай еді? Қытай қандай еді? Ешкім білмей­тін кедей, аграрлы елдер еді. Ин­дус­триялық серпілістен кейін олар­мен әлем санаса бастады. Яғни, имидж керек болса, мил­лиард­таған ақша­ны жарнама жа­сауға емес, тұрақты дамуға жұмсау керек.

Ішкі шаруаны кейінге шегеріп, сыртқы сипатпен айналысудан пай­да бар ма? Бір ғана халықаралық шараны ұйымдастыруға кеткен қа­ражат көлік инфрақұрылымын жақ­­сартуға, автомагистральдар мен теміржолдар салуға жұмсалса не болар еді? Ішкі сауда-саттықты жан­­дандырып, инвесторлар тартар едік.

Әлбетте, әлемдік ауқымдағы жиын­дардың мүлдем қажеті жоқ деуден аулақпыз. Бірақ манағы мәселе маңыздырақ. Мысалы, ірге­міздегі Қытай әуелі арзанқол аяқ­киімдерімен, сапасыз техни­касымен жаһан нарығын жаулап алды. Содан кейін ғана аста-төк Олимпиадалар өткізуге амбиция білдірді. Дубай шаһары кәсіп­кер­лікке қолайлы жағдай жасап, дү­ниежүзінен инвесторлар шақырды. Көк тіреген зәулім ғимараттарды сол инвесторлар тұрғызды. Қыс­қасы, имидждің арқасында бизнес емес, бизнестің арқасында имидж жасалды.

Күні кеше Таразда оқушы қыз зорланғанда Facebook қолдану­шы­сы Ержан Есімханов: «Балалары әжетханаға бару үшін сыртқа шы­ғуға мәжбүр елдің миллиардтаған ақшаға имидждік жобалар жасап, халықаралық аренада мақтануға құқығы жоқ!» деп жазып еді.

Келіспеске амал жоқ.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ