«Құл базар» да – бір базар
«Құл базар» да – бір базар
1,159
оқылды
Алматы мен Нұр-Сұлтанда заты да, аты да қызық бір базар бар: оны жергілікті жұртшылық арасында «құл базары» деп атап кеткен. Ол базардың тұрқы да, сұрқы да бөлек. «Құл базарда» жас мөлшері маңызды емес. Онда жасты да, кәріні де кездестіресіз. Біреуі – оқудың ақысын тапса, енді біреу – нәпақасын осы жерден айырып жүр. Бәріне ортақ бір мақсат бар: оның аты – күнкөріс. [caption id="attachment_82311" align="alignnone" width="800"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

«Құл базарда» жас мөлшері маңызды емес. Онда жасты да, кәріні де кездестіресіз. Біреуі – оқудың ақысын тапса, енді біреу – нәпақасын осы жерден айырып жүр. Бәріне ортақ бір мақсат бар: оның аты – күнкөріс.

[caption id="attachment_82310" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

   Елордадағы сондай жердің бірі – «Артем» базарының жанындағы Шоқан Уәлиханов көшесі. Көшенің екі жағы да қара жұмысшыға толы. Олармен тіл табысуға мүмкіндік туатын уақыт – таңғы 6.00. Таң да бозарып атпаған кез.

[caption id="attachment_82312" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

Көше бойында екі-үш адамның сұлбасы қараяды. Ал «Тұлпар» сауда үйінің маңында жиналған 10-15 шақты ер азамат пен әйелді бір микроавтобус келіп, алып кетті. Тіпті көліктен түсіп, «не үшін, қайда?» кетіп бара жатқанын сұрап та үлгермедік. Содан таң бозарғанын, адамның жинала бастағанын күтіп, 15-20 минуттай отырдық.

[caption id="attachment_82314" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

Ақырын-ақырын адамдар да жинала бастады. Бірін-бірі танитындар бір жерге топтасып тұр. Ал танысын таппағандар жекелеп, дәл аялдаманың жанындағы жабулы тұрған дәмхананы жағалаған.

[caption id="attachment_82319" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

Көліктен түсіп, беттей бергеніміз сол еді, олардың бірінші сауалы – «жұмыс бар ма?» дегеннен басталды. «Қанша аласыз, қанша сұрайсыз?» деген сұрағымызға: «10 мың» дей сала, «Ол не жұмыс? Қоқыс шығару керек пе?» деп, үсті-үстіне сұрақ жаудырсын келіп.

[caption id="attachment_82320" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

«Үй салып жатыр едік. Шатыр жабуға жұмысшы керек еді» дегенбіз. Саудаласа келе, бағаны 7 мыңға дейін түсіретінін байқадық. Мұнда бастысы – жұмыстың жеңілдігіне емес, ауырлығына қарай өлшенеді екен. Жеңіл-желпі жұмыс болса, 5 мыңға да табасыз.

[caption id="attachment_82321" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

Сөйтіп тұрғанымызда, 5-6 жас бала жанымызға келді.  Қасында үлкендеу бір кісі бар.  Мектеп оқушысы екені белгілі. «Сендер де жұмыс істейсіңдер ме?» дегенімізге,  «Иә, несі бар?» деп арасындағы біреуі шапшаң жауап қайырды.

             – Нешінші сынып оқисыңдар?              – 9-дан кейін, колледжге түскенбіз. Бірақ мен басқа колледжде оқимын.              – Қай жақтан боласыңдар?              –  Шымкенттенмін, – деді әлгі бала.
[caption id="attachment_82324" align="alignnone" width="1024"]құл Шымкенттік студент[/caption]

Диктофонды алып шығып, журналист екенімізді естігенде, әлгі балалар кірпіше  жиырыла кетті. Араларындағы үлкені «жұмыссыз жүрген адам көп. Қанша газетке беріп, жоғарыға жеткізсеңіздер де, одан еш пайда жоқ. Өздерінің жұмыс істеп жатқанын ғана көрсетеді.

[caption id="attachment_82326" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

Әйтпесе, қаншама журналист келіп, суретке де талай түсірді. Бірақ одан еш пайда жоқ. Әне, «Атамекен» тұр. Ойбай, жеке куәліктен басқа ештеңе керек емес, жұмыс тауып береміз дегені қайсы? Төленетіні – көк тиын» деп қолды бір сілтеп, жанындағыларын ертіп әкетті. 

[caption id="attachment_82335" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

Оның айтқанына қарамастан, «атыңды атап, түсіңді түстемейміз» деп жүріп, әлгі студентті сөзге тарттық. Айтуынша, ол бұл жерде сабақ басталғаннан бері жүр. Бір айда 120, 150 мың қолға түсіп тұрады. Жақсы дегеннің өзі – 180 мың. 

[caption id="attachment_82336" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мурзанов[/caption]

 – Грантта оқыған соң, оқуыма ақы төлемеймін. Үй ішіме жіберіп, көмектесемін. Ал басқалары оқуының ақшасын шығарып алу үшін жүр. Ең ауыры – құрылыс. Күннің суығында тіптен ауырлай түседі. Одан гөрі құрылыс материалын тасып берген жеңіл. Сондықтан сондай жеңіл жұмысты көбірек аламын, – дейді ол.

[caption id="attachment_82337" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

 Бұл  ғимараттың артында  «Ломбард» орналасқан  болса, көшеге қараған жағында самса мен темекі сататын  дүңгіршек бар екен. Таңғы 8-ге қарай, қаланың тіршілігі қайнай бастайды.

[caption id="attachment_82340" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Сол бұрышта қолындағы пакетті қолтығына қысып алып, бүрісіп, темекі тартып біреуі тұр. «Бізге төлесе болды, жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамаймыз» деген оның бұл жерде жүргеніне бір ай ғана болыпты. Бұл «базардың» өзі екіге бөліне екен. Жолдың арғы бетіндегі «Артем» жағында жұмысшылардың қасында 4-5 көлік тұр. Жұмысшы керек болса, солар арқылы тіл табысады екен. Олар тек үлкен тапсырыс алып, соған біраз қара жұмысшыны жинақтап береді.  

[caption id="attachment_82341" align="alignnone" width="800"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Сағат 9-да адам жүретін орын қалмайды. Көбісі ақшасына келісіп, көлікке салып алып, шет-шетінен әкетіп жатыр. «Жұмысшылардың»  айтуынша, олардың алданған кезі болмапты. Жұмыс беруші «аттай» қалап алып кеткенімен, қайтуы – өзінен. 

[caption id="attachment_82342" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Мұрат есімді азамат бұл жерде тапқан табысының өзі пәтерақысына жетеді, кейде жетпей қалатынын айтты. Алматыдан келгеніне бір жыл болған. «Негізі Есікте тұрғанмын.  Сөйтіп, отбасыммен осы жаққа көшіп келдік. Балаларым бар. Төртеуі де мектепте оқиды. Соларды асырау үшін осында шығамыз. Ал жаз кезінде құрылысқа кетемін. Күн суытқанда ішкі жөндеу жұмысын істейміз. Әйтеуір, амалын тауып, күнелтеміз» деген ол амалсыз осы жерде жүргенін жеткізді. 

[caption id="attachment_82343" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

 Оның айтуынша, мемлекеттік жұмыс адамды бір айлыққа байлап тастайды. «Қасымдағы жігіттер жұмыс істеп те көрген.   Жұмыс жоқ емес, бар. Бірақ айлық аз. Бір айға 60-70 мың деген аздық етеді ғой. Бір күнге  бөлсең, 2-3 мыңға шығады. Ал ол неге жетеді? Мұнымен бала-шағаны баға алмайсың. Тіпті олардың тамағына да жетпейді. Қазір 150 мың таппасаң, күн көру қиын, – дейді Мұрат.

[caption id="attachment_82344" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Келіншегі көпбалалы ана ретінде әлеуметтік көмекке құжат тапсырған. Ал оның түсу-түспеуі әлі белгісіз. Соған қарамастан әйелі жұмыс істейді екен. «Келіншігім де жұмыста, күзетте істейді. Тәулігіне 5 мың алады. Бірақ ол табысы да өзінің жүріп-тұруынан аспайды» деп қынжылды.

[caption id="attachment_82346" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Сағат 10-ға қарай адамдар саябырси бастады.  Жұмысқа жалданғандар кетіп қалды. Бұдан қалғаны «Промзона» деп аталатын құрылыс базарына барады екен. Ол Шара Жиенқұлова көшесінде орналасқан. Ол жаққа бір емес, үш рет бардық. Бірақ жұмыс іздеп жүрген бір адамды көргеніміз жоқ.

[caption id="attachment_82348" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Сол жердегі саудагерден сұрастыра келе, адамдардың жүк пойызы келген уақытта жиналатынын білдік. Алайда онда барғанымызбен, жүк пойызы келген уақытпен сәйкесе алмадық. Қайтарда әлгі «базарға» қайта соққанбыз. Түс ауған уақытта ешкім қалмайды екен.

[caption id="attachment_82349" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Шыға берісте оқшаулау тұрған бір ер адамды байқадық. Жұмыс берушімен сағат 3-те жолығатын болып, келіскен екен. Ол көбінде байлардың не жеке кәсіпкерлердің заттарын тиеуге жалданады. «Негізінен сондай жұмыстарға барамын» дейді.  Денсаулығына байланысты ауыр жұмыс істей алмайтынын айтты.

[caption id="attachment_82350" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

 – Қазір есте сақтау қабілетім нашар. Көп нәрсені ұмытып қаламын. Ұмытшақтық ауруы деп жатады емес пе? Бұрын әскери қызметте болдым. Бірде  Қарағандыдан «таксовать» етіп шығып, бір топ жігіттің соққысына қалғанмын. Содан ештеңеге жарамсыз болып қалдым, – дейді ол.

[caption id="attachment_82353" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Қазір келіншегімен бірге ата-енесінің қолында тұрады екен. Айтуынша, пәтерін зейнетақысымен жауып отыр. Келіншегі балабақшада жұмыс істейді. Бір баласы бар.   

[caption id="attachment_82355" align="alignnone" width="800"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

  – Кешке үйге барғанда, ұлым: «папа, не әкелдің?» деп алдымнан жүгіріп шығады. Сонда бірдеңе ұстатуым керек емес пе? Сол үшін де кешкісін үйге кірмей тұрып, жанымыздағы дүкеннің қораптарын шығарып, қоқысын тазалап, еденін жуып беремін. Ақысына үйге азық-түлік алып барамын. Негізі ер адам үйде отырмауы қажет. Келіншегім жұмысқа кеткенде, сыртқа мен де шығып кетемін, – дейді ол.

[caption id="attachment_82364" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Ол бұл «базардан» күніне 5 мың табады. Өйткені ауруының кесірінен басқа жұмысқа жарамсыз. Ешбір жер жұмысқа алмайды. Мойнындағы кішкентай аспалы сөмкесін алып шығып, ондағы «№7 поликлинника. Шәкәрім Құдайберді» деп жазылған жазбаны көрсетті.  «Келіншегімнің нөмірін ғана жатқа білемін» деген жігіт бізге амандық тілеп, мұңайып қоштасты.  

[caption id="attachment_82368" align="alignnone" width="1024"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Жұмысшы керек пе, ақысын төлесеңіз, бір күндік жұмыс күшін оңай таба аласыз. Ел арасында  «құл базары» деп аталып кетсе де, ол жерде «кісенделіп», сатылып жатқан адам жоқ. Көшеге шығу да – әркімнің еркіндегі дүние. Қолдарына бір-бір пакет ұстап, топталып- тұрған тағдырлар.

[caption id="attachment_82369" align="alignnone" width="800"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Жол бойына жәутеңдеп қарайды. Бәрі де күнделікті нәпақасын осылай айырып жүр. Жоқтық – қол байлау. Дипломың болмаса, денсаулығың жарамаса, кім демеу болмақ? Күнкөріс қамымен атқан таң, батқан күн... Күнделікті қайталанатын қу тірлік. Олар да уайымсыз емес. Ертеңін ойлайды. Ал ертең жұмыс табыла қойса – жақсы. Табылмаса ше?

[caption id="attachment_82370" align="alignnone" width="800"]құл ©Айтжан Мұрзанов[/caption] Жер ауыр күрсінді... Біз де... Үрке қарадық... Ол да... «Құл базар» да – бір базар. Әттең-ай...