Шешімі ең күрделі саналатыны – ұлтаралық және дінаралық кикілжіңдер. Олар бірнеше декада, тіпті ғасырға созылуы мүмкін. Ал экономикалық, әлеуметтік жанжалдардың ғұмыры қысқа. Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде аталған қатердің алдын алуы тиіс. Орталық Азия, Кавказдағы, Донбастағы ұлтаралық қақтығыстардың соңы неге әкелгенін көрдік. Алайда титулды ұлт басымдық сұраса, диаспоралар теңдік талап етсе, шешім қандай болуы керек? Өзімізде де болған, бірақ «тұрмыстық төбелес» деп жылы жауып қойған фактілерден қандай сабақ алдық?
Әлемде 200-дей мемлекет болса, соның 20-ға жуығы ғана моноұлтты. «Бір мемлекет – бір ұлт» ұғымы ХХ ғасырда-ақ ақырын жойыла бастады. Түрлі қақтығыстар, саяси келісімдер, миграциялық көштер, кейіннен басталған жаһандану процесі ұлттардың араласуына ықпал етті. Ал Ресей патшалығындағы Столыпин реформасы, Кеңес Одағындағы Сталин саясаты халықтар көшін күшпен жүргізді. Сәйкесінше, шалғайға аттанған сан алуан халықтар да, оларға жерін босатып беруге мәжбүр болған қазақтар да риза болған жоқ. Сондықтан шеттен келгеннің бәріне «келімсек» деген ныспы тағуы бекер емес. Бұл жерінен айырылған кез келген ұлттың табиғи, психологиялық, қалыпты реакциясы. Орта ғасырларда мая, аравак, ацтектер де испандықтарды құшақ жая қарсы алмаған. Дегенмен мұның барлығы өткен тарих. Бүгінгі негізгі мәселе– сол тарихи оқиғалардың салдарынан туған ұлтаралық қатынастарды реттеу. Тек реттеп қана қоймай, оның дамуына жағдай жасау. Артта қалған 30 жылда Қазақстан этносаралық саясатта көршілеріне қарағанда бір қадам алда болды. Бұл көкірек соғатын бос мақтан емес. Нақтырақ айтсақ, елімізде Ферғана, Ош, Таулы Қарабақтағыдай ірі ұлтаралық кикілжіңдерге жол берілмеді. Бұл тек Үкіметтің бейбіт ұстанымының нәтижесі емес, халықтың сабырлы, толерантты қасиетінің жемісі екенін баса айтқан жөн.Жауабы айқын сұрақ
Бүгінгі биліктің алдында тұрған бірден-бір мәселе – титулды ұлт қазақтар мен өзге де диаспоралар Қазақстан атты ортақ үйде «келешекте қандай жағдайда, шартта, құқықтық кеңістікте өмір кешеді?» деген сауалға жауап табу және оны қоғамға түсіндіру, жеткізу. Сұрақтың жалғыз жауабы – ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай, барлығына ортақ құқықтық теңдікті қамтамасыз ету. Әділетті қоғам құру. Неге? Себебі заң алдында азаматтар тең болғанда қоғамда әділдік үстемдік құрады. Ал теңдік пен әділет – кез келген мемлекетшілдік, қоғамдық келісімнің іргетасы саналатын құндылықтар. Джон Локк, Томас Гоббс секілді орта ғасыр ойшылдары да, Джон Ролз, Амартия Сен секілді ХХ ғасырдың зерттеушілері осы құндылықтар мемлекет пен азаматтар үшін қаншалық маңызды екенін өз еңбектерінде дәлелдеп кеткен.Құқықтық теңдік – бейбітшілік кепілі
Ресей патшалығы, Кеңес Одағы құрамында езгі көріп, қаналған қазақ халқының тәуелсіздік алған соң жер иесі, ел иесі ретінде артық құқық, басым мүмкіндікке ие болғысы келетіні белгілі. Мұны ұлттық дамуды ұлтшылдыққа айналдырғысы келетін немесе этносаралық кикілжің барысында ұрандататын шолақ белсенділерден жиі естиміз. Бір қарағанда, заңды талап сияқты көрінеді. Алайда ол орындалса, ХХ ғасыр трагедияларынан сабақ алынбады деген сөз. Неге? Өйткені бір ұлттың басқадан артықшылығын мойындау немесе заңмен бекіту расизм, шовинизм, тіпті фашизмге апаратын жол. Оған қоса, Quod tibi fieri non vis, alteri ne feceris немесе «өзіңе қаламағанды өзгеге тілеме» деген көне нақыл бар. Егер қазақ бұрын өзі көрген әділетсіздік қайталанбасын десе, оны өз елінде басқа этностарға да қатысты болдырмауы шарт. Себебі «титулды ұлттың үстемдігі жүруі тиіс» деген теріс саясаттың соңы қандай трагедияларға әкелетінін Еуропа тарихы талай дәлелдеген. Мәселен, Британия құрамында ағылшындардан озбырлық көрген ирланд халқы тәуелсіздігіне қанқұйлы соғыс, ұзақ күрестің арқасында қол жеткізді. 1990 жылдың ортасына дейін қаншама адамның өмірін қиған терактілерге ұласты. Испанияда испандардың билігін асырып, өзге ұлттарды таптауға тырысқан Франко саясатының қателіктерін ел былтырға дейін сезінді. Каталония егемендікке ұмтылып, Испанияда саяси дағдарыс орнады. Жақын күндерге дейін жалғасып, талай жанның өмірін жалмаған басктердің терактілері де сол солақай саясаттың салдары еді. Ал Балқан түбегіндегі геноцидті адамзат әлі ұмыта қойған жоқ. Яғни, бұл тарихи сабақтардың түйіні біреу – ұлтына қарамай заң алдында бәрі тең деген саясат бейбітшіліктің кепілі бола алады.Әділет бар жерде даму бар
Құқықтық теңдікті қамтамасыз ету тек әділеттілік талабы ғана емес, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік, экономикалық дамуына жағдай жасайтын үлкен қадам. Бұған бірден-бір дәлел – АҚШ пен Еуропа арасындағы тарихи үлкен көш. Орта ғасырларда монархиялық Еуропада король, дворян, шіркеуден зардап шеккен шаруалар жаңа құрлыққа бет ала бастады. Себебі онда үстем тап, қанаушы топ, артық құқыққа ие ақсүйектер болмады. Бұл өз кезегінде Солтүстік Америкада тең құқылы адамдар мемлекетінің құрылуына және ол елдің қысқа уақытта қуатты экономика қалыптастыруына әкелді. Мұндай кең мүмкіндіктер мекені кейінірек «америкалық арман» ұғымын тудырды. Себебі теңдік орнаған жерде әр адам өз әлеуетін толық пайдаланады. Біреу өзге ұлт болғаны үшін тонап, қанап кетеді деп алаңдамайды, заң күшіне сенеді. Әділет пен құқыққа сүйенген АҚШ-тың экономикалық даму себебі Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның «Why nations fail?» (Мемлекеттер неге құлдырайды?) кітабында толыққанды сипатталған. Яғни, азаматтарды ұлтына, ұлысына қарап бөлмеу, жіктемеу, қайта бәріне тең мүмкіндік жасау елдің экономикалық дамуына әкеледі екен. Себебі әділет бар жерде ашық бәсеке орнайды. Ал бүгінгі капиталистік нарық экономикасының концепциясы дәл сол ашық бәсекелістікке сүйенеді. Әділет пен заң орнаған жерде жан-жақты өркендеуге жағдай жасалатынын World Justice Project ұйымы түзетін рейтинг дәлелдейді. Ол тізімде қай мемлекетте заң үстемдігі көбірек орнағаны көрсетілген. Мәселен, биылғы рейтингте 128 елдің арасында Дания, Норвегия, Финляндия көш бастап тұр. Бір қызығы, дәл осы үш ел БҰҰ 2019 жылы анықтаған әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде де 156 елдің ішінен топ жарып, алғашқы үштікке кірді. Аталған Скандинав елдері өзге де әлемдік тізімде алда екені белгілі. Яғни, азаматтардың құқығының қатаң әрі тең сақталуы қоғамдық өмірдің өзге де саласына оң ықпал етеді: жоғарыдағы рейтингтер заң үстемдігі мен экономикалық дамудың арасында ортақ корреляция мен байланыс бар екенін көрсетеді.Популизмнің салдары
Ұлтшылдық, саяси популизм бүгінде әлемдік тренд деуге болады. Саяси немесе ұлттық ұранды ұстанымы етіп, билік басына келген саясаткерлер аз емес. Өйткені тобыр психологиясы жалынды сөздерді жылдам қабылдайды. Осылай мемлекет басшысы атанғандардың қатарына Дональд Трамп, Владимир Зеленский, Нарендра Моди, Жаир Болсанару, Джузеппе Контені жатқызуға болады. Дегенмен сайлауда популизммен жеңіп шығу бір басқа, ал ертең елді стратегиялық дамуға жетелеу мүлде басқа. Көп өтпей аталған саяси көшбасшылар сәтсіздікке ұшырай бастады. Трамп қарашадағы сайлауда жеңілді, Зеленскийдің рейтингі 31 пайызға дейін құлдырады, Болсанару өз халқы мен әлем қауымдастығының жиі сынына ұшырайды, ал Конте басқаратын Италия коронавирус пандемиясында сан қателікке бой алдырып, ірі шығын көрді. Соңғы жылдары әлемдік аренада болған ұлтшылдық, саяси популизм практикасы іс жүзінде тиімсіз стратегия екені осылайша дәлелденіп жатыр. Популизм кейде демократиялы елдердің өзінде гуманизмге қарсы әрекеттерге жол ашады. Мәселен, Д.Трамп жергілікті ақ нәсілді электораттың көңілінен шығу үшін миграцияны азайту мақсатында АҚШ-қа келген мигранттардың балаларын ата-аналарынан бөліп алу туралы бұйрыққа қол қойды. Бір өкініштісі, саясаткерлер өткінші, бүгін бар, ертең жоқ. Алайда олардың жіберген қателіктері жылдарға жалғасады. Тіпті, этностар, діни және әлеуметтік топтар арасына сына қағады, қоғамда алауыздық туғызады. Бұл мысалдарды неге келтірдім? Қазақстанның оңтүстік аудандарында ара-тұра болып қалатын этносаралық кикілжіңдерде жергілікті жұрт тарапынан ұлтшылдық ұраны жиі естіліп, эмоцияға берілетіндер аз емес. Бұл түсінікті де. Бұрындары мұндай сөз асүйде, әлеуметтік желі аясымен шектелетін. Бірақ соңғы Қордай оқиғасында әлгі ұрандар жаппай төбелеске, соңынан бірнеше кісінің өліміне әкелді. Рас, қазір тараптардың айыбы анықталып, үкімі шығып жатыр. Бұдан бөлек, ел иесі, жер иесі қазақ халқы екені даусыз. Тарихи факт әрі бүгінгі статус-кво. Бірақ егер қандай да бір популистік ұран ірі қақтығысқа, адам өліміне себеп болса, онда қылмысқа шақыратын кез келген бастама, ұранға тыйым салыну керек. Себебі бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде. Емі табылар. Ал төгілген қан көптің есінде көпке дейін қалады. Айрандай ұйып отырған халықтар арасына сызат түседі. Мысалы, 2010 жылы Қырғыз Республикасының Ош қаласында тұрақсыздық пен тәртіпсіздіктен туған ұлтаралық қақтығыс қандай ауыр жағдайға әкелерін көрсетті. Сол күндері ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас болған қырғыз бен өзбек жанжалынан айналдырған бес күнде 893 адам көз жұмды. 2 мыңға жуық адам жарақат алса, жарты миллиондай халық Өзбекстанға бас сауғалады. Арада сан жыл өтсе де, жақынынан айырылған адамдар ол оқиғаны, қылмысқа кінәлілерді ұмытпайды. Кек сақтайды. Елімізде мұндай трагедияның қалай алдын алуға болады? Бірден-бір жол – қоғамда азаматтардың заң үстемдігіне сенімін нығайту. Ол үшін билік органдарының заң талаптарын ешкімнің ұлты мен ұлысына қарамай бұлжытпай орындауы шарт, әсіресе қазақтар мен өзге этнос өкілдері аралас қоныстанған шалғай ауыл мен аудандарда. Өйткені заңнан, биліктен үміті үзілген қауым оны өз күшімен орнатуға көшеді. Бұл өз кезегінде ұлтаралық қақтығыс, тіпті қантөгіске әкелуі бек мүмкін.Қазақ тілі – бүгініміз бен келешегіміз
Қоғамның бірлігі тек заң күшіне негізделмейді. Мәдени, тарихи, рухани, әлеуметтік құндылықтар да жұртты ортақтастыруы шарт. Сонда ғана біз шынайы Қазақстан халқына айналамыз. Ал ондай бірегей біріктіруші фактор – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 30 жылдан асса да, қазақ тілі де-факто өз тұғырына қонбағанын мойындайық. Әлі де банк, жеке сектор, квазимемлекеттік сектор, тіпті мемлекеттік қызметте те орыс тілінің қолданысы басым. Алайда қазақ тіліне қатысты бірнеше оң үрдісті де байқауға болады. Біріншісі – оңтүстік аудандарда жергілікті әкімдіктердің ісқағаз жүйесі қазақ тіліне көшкен. Екіншісі – осы аудандарда қазақ тілінде ғана сөйлесетін жаңа ұрпақ қалыптасты, олар ішкі миграция арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді ірі қалаларда қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін, қазақ тілінде медиа контентті тұтынатын немесе өздері қазақтілді контент жасайтын топқа айналды. Үшіншісі – қазақша еркін сөйлейтін өзге этнос өкілдері баршылық, бірақ саны аз. Ал түсінетін, бірақ тілдесе алмайтындар үлесі олардан бірнеше есе көп. Жоғарыда тізілген жағдаяттарды ескере отырып, қазақ тілінде сөйлеген Қазақстан халқында ұлтаралық кикілжің фактілері минимум деңгейге түседі деген болжам айтуға болады. Неге? Өйткені тіл – тек коммуникация құралы ғана емес, ол ортақ ұғымдар мен құндылықтарды, салт пен әдетті қалыптастырушы фактор. Ол үшін жаңа үдемелі мемлекеттік тіл саясаты қажет. Бұл бағыт қолға алынса, оның объектісі ретінде 30-35жасқа дейінгі барлық орыстілді қазақтар мен өзге этнос өкілдерінің жас азаматтары таңдалғаны абзал. Аталған саясат аясында мектепте қазақ тілінің сапасы артса, ұлттық компанияларға орналасуда Қазтест тапсыру міндеттелсе, жеке сектордан Үкіметке жазылатын барлық ісқағаз қазақ тілінде жазылу талап етілсе, Халыққа қызмет ету орталықтарында құжаттар тек мемлекеттік тілге көшсе, осылайша қазақша білу сұранысқа айналса, онда келесі ұрпақтың қазақша еркін сөйлеуі заңдылыққа айналар еді. Бүгінде мұндай ұсынысты кейбір сарапшысымақтар тұрақтылықты бұзу, достықты бағаламау ретінде қарастырады. Осылайша, қазақ тілінің заңды меңгерілуін бірнеше онжылдықтарға шегеруге жағдай жасайды, себепші болады. Сәйкесінше, қазақ тілінің біріктіруші факторға айналуына қарсы шығады. Бірақ Балтық маңы, Кавказ елдерінің Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі тіл тәжірибесі ұлтаралық қатынасты сақтай отырып, титулды ұлттың тілін барлығына еркін меңгертуге болатынын өткен 30 жылда дәлелдеді. Яғни, жаңа ұрпақ арқылы қазақтілді Қазақстанды қалыптастыру мүмкін болады. Ал ондай Қазақстанда этносаралық кикілжіңдер қатер ретінде қарастырылмайды. Өкінішке қарай, қазақ тілін меңгермеген талай жас өркен мемлекет ұсынатын артықшылықтан қағылып отыр. Мәселен, соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Бағдарлама есебінен әлемнің үздік университеттерінде тегін білім алуға болады. Бірақ «Болашақтың» негізгі шартының бірі – Қазтест тапсыру. Мектепте 11 жыл қазақ тілін оқыса да, оны ұғына алмағандар тіл сынағынан сүрініп, осы ұтымды мүмкіндікті әлі де пайдалана алмай жүр. Немесе мемлекеттік қызметте карьерасын бастай алмайды. Өйткені бюрократ болу үшін де Қазтест тапсыру шарт. Бір сөзбен айтқанда, қазірдің өзінде қазақша білмеу тиімсіз. Талай мүмкіндік шалт кетеді. Тіл саясатына мемлекеттік қолдау көрсету тың бастама емес, әлемдік практика. Себебі тіл арқылы сол ұлттың мәдениеті, өркениеті, таным-түсінігі таралады. Еуропа елдеріне виза алу үшін елшілікте сол мемлекеттің ресми тілінде сұхбаттасу, IELTS, TOEFL, DALF, ZD, TestDAF, CILS секілді тіл тесттерін енгізу, азаматтық аларда тіл сынағынан өту, ағылшын, неміс, француз, италян тілдерін меңгерген өзге елдердің студенттеріне білім грантын үлестіру – барлығы да тілді қолдау шаралары екені даусыз. Ал British Council, Гете институты, Сервантес институты, Француз Альянсы, Конфуций институттарының әлемде жүздеп ашылуы тіл аясын кеңейтудің үлкен стратегияға айналғанын көрсетеді. Яғни, біз де бұл үрдістен шет қала алмаймыз.Kazakh деп танылған ел
«Қазақ» атауы бүгінде тек бір ұлтты ғана емес, бүкіл мемлекетті сипаттайтын сөзге айналды. Әсіресе, халықаралық аренада. Мұны шетелдік басылымдар мен сайттарды шолып шыққанда, спорт шараларының көрсетілімі кезінде байқау қиын емес. Мәселен, орыстілді шетелдік спорт комментаторлары «казахские спортсмены», «казахский боксер» деген сөздерді жиі қолданады. Ал BBC, CNN, The Sun, New York Times сынды әлемдік ақпарат құралдары Kazakh government, Kazakh people деп жазады. Оған қоса, танымал спортшыларымызды Kazakh boxer Golovkin, Kazakh former professional rider Vinokurov деп сипаттаса, Димаш Құдайберген әлемге Kazakh singer Dimash деп танылған. Яғни, ұлтына қарамай елімізден шыққан азаматтың бәрін Kazakh деп жазу үрдіске айналып барады. Қазірдің өзінде қазақ халқының үлесі өзінің тарихи максимумына, яғни 70 пайызға жақындап келеді. Олай деуге негіз бар. Өйткені 1959 жылы қазақтар өз елінде 30 пайызды құрады, ал 1989 жылы бар-жоғы 39 пайызға жетті. Егер егеменді 30 жылда ұлттың үлесі екі есеге жуық артқанын ескерсек, онда алдағы 10-15 жылда 80 пайызға жетіп қалуы мүмкін. Әрине, бұл моноұлтты мемлекет болмасы анық, алайда жоғарыда аталған үдемелі мемлекеттік тіл саясаты қарқынды жүрсе, ешкімнің ұлысына қарамайтын құқықтық теңдік қатаң сақталса, онда Қазақстанда этносаралық кикілжің деген мәселе уақыт тезімен жойылуы ғажап емес.Нұрмұхамед БАЙҒАРА