Палата басшысы бұл жүлделердің Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырылуының символикалық мәні бар екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Парламент қабылдаған әр заң мен шешімді халыққа жеткізіп, ақпарат таратуда БАҚ-тың маңызы зор екенін атап өтті.–Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Шын мәнінде, Тәуелсіздіктің арқасында еңселі ел болдық. Бүкіл әлем мойындаған мемлекет ретінде қалыптастық. Экономикада, саясатта, әлеуметтік және рухани бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының және журналистиканың дамуы да осы егемендіктің арқасы, – деді ол.
Ол қазіргідей сын-қатерлер көбейген заманда ақпараттың мәні арта түскенін тілге тиек етті. Соған байланысты журналистерге жүктелетін міндеттің салмағы ауыр екенін қаперге сала келе, індет кезіндегі тілшілер қауымының белсенділігіне тоқталды.–Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен көптеген тың бастама қолға алынуда. Соған байланысты азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, адам құқығын қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау, білім беру салаларын жетілдіруге арналған заңдар қабылдануда. Шағын және орта бизнесті қолдау, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыттары да басты назарда. Соның бәрін халыққа жеткізіп, әр заңның мәні мен маңызын түсіндіру ісінде журналистердің рөлі ерекше, – деді Сенат төрағасы.
Айта кетейік, «Аманат» және «Туған ел» байқауы журналистер күніне орай Сенаттың ұйымдастыруымен өткізілді. Қорытындысы маусым айында жарияланғанымен елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты марапаттау рәсімі кейінге шегерілді. Биыл екі байқауға еліміз бойынша 120-ға жуық жұмыс келіп түсті. Байқау қорытындысын шығарған кезде пандемия тұсында белсенділігімен көзге түскен журналистер де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар интернет-журналистика, әлеуметтік желі салаларында еңбек етіп жүрген мамандар үшін арнайы сыйлықтар тағайындалды. Марапат иелері қатарында әріптесіміз бар: Сенат төрағасы М.Әшімбаев «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Шәріповке арнайы марапатты табыстады. Ал сенатор Дана Нұржігітке ТМД Парламентаралық Ассамблеясының наградасы тапсырылды.«Журналистер қауымының пандемия кезіндегі еселі еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сіздер дәрігер, тәртіп сақшыларымен бірге індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрдіңіздер. Бұл еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық», – деді М. Әшімбаев.
Ерік ЕРДЕНОВ