АҚШ-тағы айқаста отандасымыз польшалық боксшы Камил Шереметамен жұдырықтасады. «Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, бұл кездесу әртүрлі жағдайға байланысты жоспарланған уақыттан бірнеше рет кейінге шегеріліп келді. Түрлі әңгіме өрбіді. Тіпті, осы жылы да өтпеуі мүмкін деген сыбыстар тарады. Бірақ DAZN бәрібір өз дегеніне жетті.
Көптен күткен Головкин мен Шеремета жекпе-жегі 18 желтоқсан күні Голливудта (АҚШ, Флорида) өтеді. Отандасымыз GGG орта салмақтағы IBF және IBO чемпиондық белбеулерін сарапқа салады. Осы орайда, қос боксшының жеңіске жету мүмкіндігіне аз-кем талдау жүргізіп көрелік.Бастапқыда «Головкин неге әлсіз қарсыласты таңдады» деп Генаны сынағандар болды. Алайда Шеремета осал қарсыластардың қатарынан емес екенін айтқымыз келеді. Әрі жарыста үнемі үздіктер жеңе бермейтініне тарихтағы айтулы жекпе-жектер дәлел. 21 кездесудің барлығында жеңіске жеткен ол алдағы айқасында даңқты боксшыны жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарамын деп журналистерге бірнеше рет сұхбат берді. Оның үстіне, алдыңғы айқасында Головкин Деревянченконы айқын басымдықпен жеңе алмағаны тағы бар. Сондықтан кейбір мамандар бәсеке алдында «бұл GGG бұрынғыдай мықты емес» деп те болжам жасады. Дей тұрғанмен, спорт мамандары мен сарапшылардың басым бөлігі Генаның Шереметаны жеңетініне бек сенімді.
Бокстан КСРО чемпионы, танымал қазақстандық жаттықтырушы Эдуард Матросовтың да алдағы жекпе-жек туралы пікірін білдік.Қазақстандық боксшы Серік Сәпиев те отандасының оңай жеңіске жететінін айтып отыр. Ол алдағы жекпе-жекті Головкиннің уақытынан бұрын аяқтайтынына сенімді.– Мен әдеттегідей Геннадий Головкиннің жеңісін күтемін. Жекпе-жекте бәрі де болуы мүмкін, бірақ оның әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары. GGG жеңуі керек, өйткені көпшілігі оған үміт артады және оның жеңгенін қалайды, – дейді бокс маманы.
– Шеремета GGG үшін қарымды қарсылас емес. Егер поляк боксшысы орта қашықтықта агрессивті жекпе-жекті өткізсе, онда алғашқы раундтың бірінде нокаутпен жеңілуі мүмкін. Мен Геннадий 4-5-ші раундта полякты нокаутқа жібереді деп ойлаймын, – деді Сәпиев.
Букмекерлік кеңселер де қазақстандық боксшыға айқын басымдық берді. Мысал ретінде айтар болсақ, бұл айқас үшін Parimatch букмекерлік кеңсесі Головкиннің жеңісіне – 1,03, Шереметаның жеңісіне – 10, тең ойын есепке 29 коэффициент ұсынған. Алайда бұл болжаммен келіспейтін мамандар да бар. «PRO-box Вадим Гринихпен бірге» Youtube арнасының жүргізушісі Вадим Гриних польшалық боксшы Головкинді жеңеді деп бәс тіккен.– Бұған дейінгі 21 кездесуінің бәрінде жеңіске жеткен, шаршы алаңда тек бірінші нөмірмен жұмыс істеуге дағдыланған Шеремета бұл жолы да қарсыласын кері шегінуге мәжбүрлеп, алға ұмтылады. Сонымен қатар мен оның қиын жағдайда өзін-өзі қаншалықты басқара алатынын жақсы білемін. Сондықтан алдын ала жеңісті Головкинге бермеңіздер. Керісінше, польшалық боксшы бұл кездесуін нокаутпен аяқтайды, – деп сенімді сөйледі пікір иесі.
Көпшіліктің пікірін жоққа шығаруға бел буған Камил Шеремета да қарсыласының атақ-даңқынан қаймықпайтынын, мықтылығын алаңда дәлелдейтінін жеткізіп бағуда.– Тағатсыздана күткен жекпе-жек уақыты да таяды. Кездесуге толықтай дайынмын деп айта аламын. Рингке шығар сәтті асыға күтудемін. Кездесу осы жылы өтпей қала ма деген де қорқыныш болды. Өйткені менің жаттықтырушымнан таяуда коронавирус анықталды. Ем алып, ауруынан жазылып шықты. Айта кетейін, бұл жекпе-жекке бір жыл дайындалдым. Сенсация жасауға бар күшімді саламын. Чемпиондық белбеуді Польшаға алып кету үшін шаршы алаңда мықтылығымды дәлелдеймін. Маған сеніңіздер, жанкүйер болыңыздар, – деді Шеремета RingPolska.pl сайтына берген сұхбатында.
Ал Головкиннің кездесу алдында қарсыласы туралы көп сөз айтпайтыны о бастан белгілі. Отандасымыздың бар күшті шаршы алаңда салатынына талай мәрте көз жеткіздік. Бір байқағанымыз, екі боксшы да жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып, жаттығу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Әне-міне дегенше АҚШ-тағы айтулы аренада атой салады. Шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктердің текетіресін көруге біз де асықпыз. Орта салмақтағы IBF және IBO World титулдары кімге тиесілі екенін осы жекпе-жек анықтап береді. Тақым қысар сәт жақын. Қапы қалмаңыздар!Абылайхан ЖҰМАШ