Казанцев Ресейдің сауатсыз саясаткерлерін сынға алды
Казанцев Ресейдің сауатсыз саясаткерлерін сынға алды
208
оқылды

Қазақстанның заңды реакциясы Ресейдегі бірқатар саясаткердің арынын басты. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Саяси Кеңесінің мүшесі, «Nur Otan» Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев мәлім етті.

Ресейдің «Бірінші арнасында» Мемдуманың Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов: «Қазақстан территориясы – Ресейдің қазақтарға берген үлкен сыйлығы» деп мәлімдеме жасағаны белгілі. Бұл қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырды. «10 желтоқсанда «Большая игра» ток-шоуында РФ Мемдумасының депутаты В.Никонов Қазақстан аумағына қатысты өткір, дау-жанжалды мәлімдеме жасады. Жалпы, ток-шоуларда лайк жинау немесе аудитория назарын аударту үшін ауызға келгенді айта салу жиі кездеседі. Шоудан басқа не күтуге болады? Ал бағдарламадан кейін мәлімдеме авторы өз сөзінен бас тарта бастады. БАҚ оның Қазақстанға тиіскен сөздерін өзі жұмсартуға ебедейсіз тырысқаны туралы көп жазды. Өзін-өзі танымай қалғандай болды. Кейін бұл эпатажға Мемдуманың тағы бір депутаты қосылды. Қазақстанның СІМ-і наразылық нотасымен үн қатты. «Nur Otan» партиясы атынан сайлау штабының мүшесі, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым алғашқылар қатарында өз ұстанымын білдірді. Қазақстан қоғамы ашынысын жасырмады», – деп жазды депутат Facebook-те. РФ Мемдумасы бұл жағдайға ден қойып, пікір білдірді. ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі Мемдума комитеті төрағасының бірінші орынбасары Виктор Водолацкий: «Ресей Федерациясы Қазақстанның қазіргі шекарасы аумағындағы егемендігін толығымен мойындайтынын» мәлімдеді. «Бұл салмақты мәселе. Жоғары деңгейдегі саясаткерге елдер арасында әп-сәтте кернеу туғызатын ауыр сөздерді беталды айта беруге болмайды. Бір ғана сөзбен шиеленіс тудыруға болады, ал мұндай инциденттерді реттеуге кейін әлдеқайда ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Посткеңестік өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық шекаралық істер реттелген. Баяғыда-ақ. Олар шекараны легитимдеу туралы тиісті келісімдерде нақты бекітілді. Саясаткерлердің мұны білмеуі ағаттық. Оның үстіне осындай эпатажды мәлімдемелерді жай ғана саясаткер емес, көрші елдің билеуші партиясының өкілдері жасағаны өкінішті. «Nur Otan» мен «Единая Россия» арасында өнімді, әріптестікке құрылған өзара әрекеттестік жолға қойылды. Ол мемлекетаралық қарым-қатынастарды партиялық желі бойынша нығайтуға мүмкіндік береді», – деді депутат. Сөз соңында Павел Казанцев Қазақстанның, қазақстандықтардың қатаң реакциясы, «Nur Otan» партиясының нық саясаты Ресейдің кейбір саясаткерінің арынын басатынына, сондай-ақ одақтас елдердің тату көршілік қатынастарын сақтауға ықпал етеріне сенім білдірді.