Шөп тәріздес затты жасырып өткізбек болған 20 жастағы қала тұрғыны ұсталды
Шөп тәріздес затты жасырып өткізбек болған 20 жастағы қала тұрғыны ұсталды
307
оқылды
14 желтоқсан күні Атыраудағы тергеу изоляторында ет пен картоп салынған шелектің түбіне жасырып, шөп тәріздес затты өткізбек болған 20 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол бұл сәлемдемені денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, кісі өлтіргені үшін уақытша ұсталып отырған құрдасына өткізбек болған.
- Ыстық тамақтың ыдысын тексеру кезінде жасыл түсті, шөп тәріздес, өткір иісі бар екі пакетке салынған зат табылды. УГ-157/1 мекемесіне Атырау қалалық тергеу тобы шақыртылып, мекеме қызметкерлерімен «курьер» ұсталды. Қазіргі таңда белгісіз зат сот сараптамасына жіберіліп, ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды,- деп хабарлайды УГ-157/1 мекемесінің Режим және күзет бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.
Мекеме қызметкерлері сәлемдеменің кімге арналғанын анықтады. Айта кету керек, соңғы аптада мекемеде отырған күдіктілерге арналған үшінші заңсыз сәлемдеме анықталып отыр. Осыған дейін йогурттің ішінен де осындай шөп, ыстық тағамның ішіне жасырынған 4 ұялы телефон табылған болатын. Мекемеге әкелінетін заңсыз сәлемдердің жолын кесуге арналған іс-шаралар жалғаса бермек.