«Халық алғысына» бөленді
«Халық алғысына» бөленді
391
оқылды

Қостанай облысының Полиция департаментінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда 25 полицейге коронавируспен күресі үшін «Халық алғысы» медалі тап­сырыл­ды.

Іс-шара департаменттің мұра­жайында барлық санитарлық нор­маларды сақтай отырып ұйымдас­тырылды. Облыстың бас полицейі, генерал-майор Бекет Аймағамбетов жеке құрамды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мерекенің маңызын атап өтті. – Бұл қазақстандықтар үшін бас­ты мереке екенін білеміз. 29 жыл ішінде Қазақстанның қарқын­ды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ерекшеленді. Біздің елде адамзатқа елеулі қауіп төндіретін пандемиямен күрес әлі де жалғасуда. Қазіргі жағдайда полицейлер медицина қызмет­керлерімен бірге алдыңғы қатарда. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен амандығы да біздің жұ­мысымыз­ға байланысты, – деді Бекет Аймағамбетов. Салтанатты жиында депар­тамент басшылығы отставкадағы подполковник Батырбек Нуре­кинге «ҚР ІІО ардагері» медалін табыстады. Ардагер ішкі істер органдарында 32 жылдан астам қыз­мет етті, 2005 жылы Арқалық қала­сы ІІБ бөлім бастығы қыз­метінен құрметті демалысқа шық­ты. Пандемиямен күрестегі жемісті еңбегі үшін Президент Жарлы­ғымен өңірдегі 25 полицей «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Олардың арасында Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полковник Андрей Григоревский, облыстық ПД штаб бөлімінің бас­тығы подполковник Абылай Мекебаев, учаскелік майор Ерік Ваисов және Қостанай қаласы ПБ аға инспекторы капитан Карина Базарбаева бар. Полковник Андрей Григорев­ский облыста коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабты, Абылай Мекебаев карантин кезінде облыстағы ахуал­дық штабты басқарды. Олардың басшылығымен тәулік бойы сани­тарлық және блок-бекеттер жұмыс істеді. Қызметтік міндетін адал атқар­ғаны, жұмыста жоғары нәти­жеге қол жеткізгені үшін Ішкі істер министрінің бұйрығымен 50-ден астам қостанайлық полицейге марапат тапсырылды. Олардың арасында «Құқық тәртібін қам­тамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ПД тылдық қамтамасыз ету бастығы, подполковник Руслан Сәрсенбаев және Қостанай қаласы Полиция басқармасының учас­келік майоры Асхат Жақсым­бековті атап өтуге болады. Сондай-ақ мұражайда Тәуел­сіздік күніне арналған арнайы көрме ұсынылды, онда елдің қалып­тасуының маңызды кезең­дерімен танысуға болады.

Әбілмансұр ЖАСАН