Этикалық және діни көзқарастарына сәйкес иммундауға қарсылық танытатындар да бар. Мәселен, былтыр елімізде профилактикалық вакцинациялауға келісім бермеудің 5 750 жағдайы тіркелген. Екпеге қарсы болған ата-аналардың 40 пайызы өзіміздің ой-пікіріміз бар дейді, 35 пайызы дін мәселесін келтіреді, 6 пайызы вакцинаға сенбейді. Діни көзқарастағылар көбіне себебін айтпай, жасырады. Олар негізінен 40 пайыздан да көп екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина болмаған кезең мен вакцина егіліп жатқан бүгінгі заманның арасалмағын ажыратып берді. Бала шыр етіп дүниеге келген күні 3 рет, ес біліп, етек жиғанға дейін 21 рет екпе алады. Осы екпелер 27 түрлі жұқпалы ауруды ауыздықтайды. Ресми деректерге сенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында әлем бойынша жылына 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалады. 750 мың бала мүгедек болу қаупінен арылады. Соған қарамастан, елімізде соңғы 5 жылда екпеден бас тартушылар саны үш есеге артқан.
Дәл осы екпеге еліміз миллиондаған қаржы бөліп отыр. Онда неге бас тартамыз? Мүмкін, оның біз білмейтін басқа да зиянды жақтары бар шығар?! Осы арқылы жер шарындағы талай жан өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Талайдың тағдырын үзген шешек, оба аурулары осы вакцинаның арқасында жойыла бастады. Екпе егу адамзат баласының үздік жетістігінің бірі десек те, белгілі бір аурудың алдын алуға тиіс екпенің сол ауруды қоздыратын зияны бар екені де айтылып қалады. Себебі сол кейбірінің құрамында сынап секілді зиянды қоспалар, маймыл, шошқа қанының компоненттері мен клеткалары бар деседі. Естеріңізде болса, 2015 жылы қызылшаға қарсы екпеден соң оқушылардың жаппай ауруханаға түсу оқиғасы тіркелді. Еліміздің барша тұрғындарын елеңдеткен бұл дүмпу 400-дей жасөспірімнің вакцинадан соң өзін жайсыз сезінгеннен басталды. Кейбірі есінен танып, құлаған. Дәл осы жылы Павлодарда тағы екі оқушы қыз папилома вирусына қарсы екпеден соң, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Міне, бұл жағдай екпеден бас тартатындардың сенімін нығайтып, екпеге қарсы еместердің кеудесіне күдік ұялатты. Екпені қауіпті деп есептейтіндердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облысында екен.
Бүгінде еліміз бойынша профилактикалық егу жазбаша келісім немесе бас тартқандығы жайлы қолхатпен реттеледі. Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық ауруларға қарсы балаларға егуді заңмен міндеттеудің жобасын әзірледі.
Ал басқа елдердің тәжірибесіне бажайлап қарасақ, екпе қабылдауды міндеттейтін қатал талапты көреміз. Мәселен, Италияда 2019 жылдың наурыз айында қабылданған жаңа заң бойынша екпе қабылдамаған балалар мектеп пен балабақшаға кіргізілмейді. Егер оқушы сабаққа екпе салынғаны туралы анықтамасыз барса, оның ата-анасына 500 евроға дейінгі көлемде айыппұл салынады екен.
Ал Австралия 2016 жылы «Вакцинациясыз әлеуметтік көмек жоқ» деген заң енгізіп үлгерді. Бұл заң бойынша елде баласын екпе күнтізбесінен кешіктіргендер табысы төмен отбасылар үшін берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан қағылады. Бұл елде екпесі түгел емес бала балабақшаға бара алмайды. Негізінен, Батыс елдерінің көбі профилактикалық егулері болмаса, шекарадан өтуге тыйым салады. АҚШ, Англия ЖОО-да профилактикалық егулердің міндетті түрде болуы талап етіледі. Сауд Арабиясы қажылыққа ниет еткен миллиондаған мұсылманды менингококты инфекцияға егілмесе, Мекке мен Мәдинеге жолдама бермейді.
Ал бізде әлі күнге дейін иммунизацияның кері әсері туралы жағымсыз ақпарат жиі тарайды. Әсіресе, аутизм, ДЦП дертіне шалдығатыны туралы тексерілмеген фактілер әлеуметтік желіде өте жоғары деңгейде тарап жатыр. Тіпті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан өткен аптада «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті талқылайтын жұмыс тобының отырысында вакцинацияны «міндеттеу» туралы ұсынысқа қарсылық танытты. Депутат заң қабылданса, мандатын тапсырса да, соңына дейін күресетінін айтып салды.
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева вакцинадан бас тартып, соның кесірінен вакцинамен басқарылатын инфекциялармен науқастану жағдайы жиілеп кеткенін айтады. «Алдыңғы жылы Ақтөбеде 20 жастағы азамат құтырма ауруына шалдығып, вакцинациядан бас тарту салдарынан қайтыс болған. Биыл наурыз айында Ақмола облысында ересек адам көп жылдар бойы сіреспеге қарсы егілмеген. Соның салдарынан электрмен тұрмыста жарақат алып, ешқандай медициналық көмекке жүгінбеген. Сіреспе ауруы тіркеліп, көз жұмды» дейді. Астана қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Айдын Әшімханов: «Вакцинадан бас тартатын халық санатына санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргіземіз. Олармен арнайы кездесеміз. Түрлі дөңгелек үстелдер өткіземіз. Вакцинаның адам ағзасына маңызын түсіндіреміз. Міне, осындай түсіндіру жұмысының нәтижесінде мыңнан астам жанның екпеге деген күдігі сейіліп отыр. Меніңше, осындай жүйелі жұмыстарды тоқтатпау керек», – дейді.
Вакцинаның қауіпті болатын тұсы балалардың сырқаттанып тұрған кезінде екпе жасатуында екен. Мысалы, суық тиіп тұрған кішкентайлардың 5 пайызының қызуы көтеріліп, кейбір кезде құрысуға әкеп соғады. Дәрігерлердің айтуынша, бала суық тиіп ауырса, одан әбден айыққаннан кейін барып екпе салдыру керек. Егер олай етпей, жасырып, тезірек алуды ойласа, соңы көбіне сондай салмақты ауруларға апаруы мүмкін.
Қазіргі екпелер Алматыдағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының осы зертханасында тексеріледі. Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығының бас маманы Өзипа Туғанбаева кейде көпсатылы тексеру кезінде екпенің ережеге сай болмай шығатынын жасырмайды. «Негізі вакцина мұздаған үлгіде сақталады. Зауыттан шығып бізге әкелінгенге дейін белгілі бір температурада жеткізіледі. Әкелген кезде термодатчигі болады. Олар міндетті түрде тоңазытқышта сақталады. Шыны керек, кейде құжаттары келмей жатады, кейде фармакологиялық тексеруден өткенде клиникалық зерттеулері аз болады. Кей кезде бір көрсеткіштері өтпей қалған вакциналар ары қарай өткізілмейді. Яғни, вакцинаны тасымалдау, сақтау, қолдану жұмысы қатаң қадағаланады. Емдік мекемелерде екпенің бір айлық мөлшері ғана сақталады, қажетінше ай сайын жаңартылып отырады. Облыстық, аудандық деңгейде вакцина үш айдан артық сақталмайды», – дейді ол.
Дәл қазіргі қоғам екпе егуге келгенде, осылай екіге жарылып отыр.
Сіз не дейсіз?
Жандарбек БЕКШИН,
Қазақстанның
бас санитарлық дәрігері:
– Қазақстандықтардың 95-96 пайызы екпе ектірген. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бүгінде медицина саласы қызметкерлерінің барлығы жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны салдырады. Өйткені олар эпидемияны таратушы әрі тез қабылдаушы мамандық иелері. Сонымен бірге біз құзырлы органдарға вакцинаны міндетті салдыру туралы ұсыныс беріп қойдық. Әзірге, нақты шешім шыққан жоқ. Бұған не себепті барып отырғанымызды түсінетін шығарсыздар. Қазір жас ата-аналар балаларына вакцина салдыруды қаламайды. Олардың организмі көтермей қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Әрине, мұндай үрейдің болғаны жөн. Себебі саналы адам баласына және өзіне салынатын дәрілік препараттардың не екенін, оның пайдасы мен зияны жөнінде білгені, ізденгені жөн. Бірақ сол ата-аналар көбінде анықталмаған ақпараттарды негізге алып осындай шешім шығарғандарын айтады. Бұл –жаңсақ пікір. Вакцина балаларға зиян келтіретін болса, оны әлем елдері жаппай қолданбаған болар еді.
Марат СӘРСЕМБАЕВ,
«Қазақстанның халал индустриясы»
қауымдастығының төрағасы:
– Қаншама бала альцгеймермен, аутизммен ауырып жатыр. Қанша адам туберкулезге шалдыққан. Неге? Өйткені екпенің құрамында формальдегид бар. Ол дегенің – канцероген. Оның қандай дозасы рак шақыратынын ешкім білмейді. Екінші мәселе – сынап. Оның қанша дозасы аутизмге әсер етеді. Егер ол күнделікті ішіп отырған ас-ауқатымыздан шықса, улап-шулап, зауытты жауып тастар едік. Ал оны осы тәсілмен балаларымызға оп-оңай беріп отырмыз.