Аймағамбетов университеттерге шүйлікті
Аймағамбетов университеттерге шүйлікті
209
оқылды

Білім және ғылым министрлігі еліміздегі жоғары оқу орындарын тек­серуді бастады. Министр Асхат Аймағамбетовтің сөзіне қарағанда, елдегі педагог дайындайтын 85 білім ордасының саны 20-25-ке қысқар­тылуы мүмкін.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда бағалау жүйесінің тіз­бе­­сіне енген 13 университет тексеріл­ген. «Олардың бесеуі бұған де­йін­гі ескер­ту­лерден нәтиже шығарма­ған­дықтан, лицензиясы бір айға тоқтатылды. Сон­дай-ақ 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет ісі сотқа жі­бе­рілді» деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Қазақстанда білім саласындағы жем­қорлық мәселесі – неше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан проб­леманың бірі. Тәуелсіздіктің 28 жылында елімізде неше білім министрі ауысқаны есімізде жоқ, естен тандырған реформалар жасалып келеді. Бірақ реформалардың ешқайсысы саладағы жемқорлықты жоя алған жоқ, қайта жыл сайын өрши түскен секілді.

Таяуда Jas Otan Жастар қанаты өт­кізген «Таза сессия» акциясының сауал­намасына қатысқан студенттердің 12,8% жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық бар деп көрсетіп, әрбір 12 сту­дент оқу барысында пара бергенін жасыр­маған.

Жоғары оқу орындарындағы жем­қорлық түлектің ҰБТ табалдырығын аттаған сәтінен-ақ басталатыны жасырын емес. Үлкен тестке «қаруланып» кірмесең оқудан күдеріңді үзе бер деген түсінік жас түлектің санасын жаулап салғаны сонша, мектеп бітіруші ҰБТ-ға өзімен бірге байланыс құралдарын алып кіру үшін арнайы қызметтің жауынгеріндей дайындықтан өтеді. Бір ғана мысал, 2018 жылы ҰБТ-ға қатысқан 98 698 тү­лекті тексеріп кіргізгенде 82 мың тыйым са­лынған жабдық алынған, оның 54 мыңы мобильді смартфон және басқа да байланыс құралдары екен.

Демек, жоғары оқу орнына түсуге бі­лімін сынаушы түлек түрлі қулықты мең­геруі тиіс. Сонда ғана мемлекеттен бө­лінген білім грантына ие боласың. Яғни, болашақ дәрігер мен мұғалім һәм құқық қорғаушы оқуға осындай жолмен түсіп жатыр деген сөз.

Аймағамбетов алдағы уақытта аталған проблеманың алдын алу үшін жұмыс жүр­гізілетінін айтады. Министрдің мәлім­деуінше, жоғары оқу орындарына қойы­латын біліктілік талаптары күшейеді. Әсіресе, лицензияларында педагогтерді даярлайтын білім ордаларына қосымша талап дайындалып жатыр. БҒМ-нің дерегінше, республикада 85 оқу орынын педагог дайындайды. «Бүгінде көпбейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талап­тар­ды күшейту арқылы мұғалімдерді даяр­лайтын оқу орындарының санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда әр ай­мақта мұғалімдерді даярлайтын бір мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ» деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жылдары елімізде маман тап­шы­лығы мәселесі қозғалғалы бері педагог дайындайтын оқу орындары қаптап кет­кені белгілі. Жоғарыдағы 85 білім ошағы соның дәлелі. Ал ондағы білім сапа­сы мен біліктілік деңгейі айтпаса да түсі­нікті. Министр 20-23 мыңға дейін сту­дент оқитын және олардың көпшілігі сабақ­қа бармайтын өңірлік жекеменшік ЖОО бар екенін ашық айтып отыр. Ендігі уақытта ондай жауапкершілігі төмен оқу орындарына қатысты қатаң саясат жүргізілмек.

Алайда Аймағамбетовтің кабинетіне білім саласындағы «былықты» тазалау оңайға түспесі анық. Себебі саладағы сы­байлас жемқорлық – біреулердің бизнес көзі. Оңай олжадан қағатын министрдің талабына ЖОО қожайындары көне қояр ма екен...