«Жол азабын жүрген білер» демекші, Түркістан облысының ең алшақ жатқан оңтүстік аудандары Мақтаарал мен Жетісайдың тұрғындары облыс орталығына қатынау үшін жол бойы көп қиындықты бастан кешіріп жүр. Мәселен, Түркістанға Шымкент қаласы арқылы айналып келетін болса, онда 400 шақырым бойы Келес, Сарыағаш ауданының аумағындағы тар және соқпақ жолдармен жүруге тура келеді. Одан бөлек, қаптаған көліктерден туындайтын кептелістер жолаушыларды шаршатып жібереді. Ал төте жол болып саналатын Арыс қаласы және Шардара мен Отырар аудандары арқылы өтетін автожолдардың жыры бөлек әңгіме.
Жетісай – Сарыағаш қалаларының арақашықтығы шамамен – 120 шақырым. Бұл аралық – республикалық маңызы бар А-15 санатты автомобиль жолына жатады. Шымкент арқылы жүретін көлік жүргізушілер үшін Келес ауданының орталығы Абай мен Сарыағаштың ішіндегі Ташкентпен шектесетін аумақтарда кептеліс жиі болады екен. Шардара, Арыс қаласы, Отырар ауданының аумағынан өтетін жолдардың көп жерлерінің сапасы төмен болғандықтан, жолаушылар бұл жолдармен көп жүре бермейді. Оның үстіне аталған қала мен аудан аумақтары арқылы Түркістанға жететін жолдардың саны көп, яғни жолай елді мекендердің арасын жалғап салынған өрмекшінің торындай шым-шытырық автожолдармен кім қалай жүргісі келсе, солай басып жетеді. Бұл – жеке автокөлікпен жүретін жолаушыларға қатысты жағдай.
Жетісайлық Ахметәлі Қалжанов есімді ақсақалмен сөйлескенімізде, ол Жетісайдан Шымкент арқылы Түркістанға барар жолдың шалғай, ал автожолдардың сапасы нашар екенін жеткізді.
– Түркістанға Шымкент арқылы жүрер болсақ, жолай Сарыағаш, Абайдан өтетін кезде қатты қиналамыз. Өйткені ол жерлерде көліктер көп жүретіндіктен, кептеліс сұмдық. Тіпті, кейде кептелістен өте алмай, сағаттап тұрып қалатын кезіміз болады. Әсіресе, Сарыағаш базарының маңы тіптен ығы-жығы. Оның үстіне жол өте тар салынған. Ал тағы бір Түркістанға баратын жақындау жолымыз бар. Ол үшін Сарыағаштың базарына жетпей, сол жаққа бұрылып, Монтайға (Монтайтас) барып, одан ары қарай тіке Арысқа жүреміз. Бірақ Арыс қаласынан Төрткүлге дейінгі үлкен жолға жеткенше жол нашар. Сол себепті Сарыағаш пен Абайдың сыртынан айналма жол салып берсе, дұрыс болар еді, – дейді Ахметәлі ақсақал.
Ал шардаралық Мелдехан есімді азамат жалпы жолдың жаман емес екенін айтып, Жетісай мен Шардарадан күнделікті спринтер шағын жолаушылар көлігінің жүретінін жеткізді.
«Түркістанға күнделікті екі спринтер жолаушылар шағын автобусы қатынап жатыр. Бірі – Жетісайдан шықса, екіншісі – Шардарадан қатынайды. Жол Аққалаға дейін тегіс. Одан ары қарай жол жасалып жатыр. Шәуілдірдің жолы Түркістанға дейін жақсы. Біз үшін Түркістанға тіке барған жақын, ал Шымкент арқылы жүрер болсақ, онда 500 шақырымға созылып кетеді» деді ол.
Оның айтуынша, Түркістаннан Шардараға дейін жолдың қашықтығы 270 шақырымнан астам болса, одан ары Жетісайға дейін шамамен 90 шақырымды құрайды. Яғни, Мақтаарал мен Жетісайдың арасы 20 шақырымдай жер болса, ол жақтан Шардара, Түркістанға қарай бару үшін Сырдарияның бойына жағалай жол салынған.
Мақсат Төлепханов есімді азаматтың сөзінше, Мақтаарал мен Жетісай аудандарының халқы 400 мыңнан көп болғандықтан, Шымкентке баратын жолда көлік қатынасы тығыз болады екен.
«Әрине, Шардара арқылы баратын жолдарды жақсылап реттесе, дұрыс болар еді. Негізінен, тұрғындар Шымкент арқылы жүргенге әбден үйренген. Сол себепті Сарыағаш пен Абайды айналып өтетін айналма жол салуы керек. Ал қоғамдық көлікпен қатынайтындар көбіне Шымкент арқылы жүргенді ыңғайлы санайды» дейді ол.
Мәселенің мәнісін білмек болып, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовке хабарластық.
Ролан Бекмағамбетұлының айтуынша, шалғайда жатқан аудандардың жалпы жағдайы, жолы, көлік қатынасы бәрі бақылауда және ол үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Түркістан облысының оңтүстігіндегі Мақтаарал, Жетісай мен Шардара аудандары тұрғындарының облыс орталығына қатынауы үшін қандай автожолдармен жүреді? Мақтааралдан Түркістанға тікелей келетін басқа жол салына ма? Бұрынғы жолдар талапқа сай толық жөндеуден өткізіле ме? Әлде, Шымкент қаласы арқылы айналып жүре бере ме?
«Мақтаарал, Жетісай ауданы тұрғындарының облыс орталығы Түркістан қаласына қатынайтын жолы бар. Атап айтқанда, Жетісай қаласынан – Жуантөбе елді мекеніне дейін республикалық маңызы бар 65 шақырымды құрайтын А-15 санаттағы автожолды 2020 жылы жөндеу жоспарлануда. Одан ары қарай Шардара қаласына дейін облыстық маңызы бар жолдар, яғни КХ-107 жолының 14,2 шақырым – жол жабындысы қанағаттандырарлық жағдайда. КХ-72 53,8 шақырым – 20 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылы пайдалануға беріледі. Қалған 33,8 шақырым жол тәуір» деді Ролан Бекмағамбетов.
Сонымен қатар Жетісай және Мақтаарал ауданының тұрғындары Шардара қаласына дейінгі арақашықтықты шамамен 100 шақырымды құрайтын Шардара су қоймасын айналып өтетін «Қазсушар» РММ теңгеріміндегі жолмен де баруға мүмкіндігі бар екен.
Шардара қаласынан Шәуілдірге дейін 217 шақырымның бірқатар аумақтарына орташа жөндеу мен кейбір жерлеріне күрделі жөндеу (2019-2021 ж.) жүргізілмек.
Шәуілдірден Түркістан қаласына дейінгі аралық 70 шақырымдық жолдың жағдайы жақсы. 2020-2024 жылдар аралығында аталған аралықта қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, 4 жолақты I санаттағы жолға айналады.
«Ал аталған аудандарға Шымкент арқылы баратын автожолдың Сарыағаштан басталатын нашар жолдары қашан жөнделеді?» деген сауал қойдық.
«Сарыағаш – Жетісай қалаларының арақашықтығы – 120 шақырым. Бұл аралық – республикалық маңызы бар А-15 санатты автомобиль жолы. Аталған жолдың 31 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы аяқталады деп күтілуде. Қалған 89 шақырым жолын 2020 жылы жөндеуден өткізу жоспарлануда» деп жауап берді.
Аталған аудандардың тұрғындары облыс орталығына барып-келу үшін қоғамдық көлікпен қамтылған ба? Бар болса, қандай көліктер қатынайды және жүретін мезгілдері туралы мәлімет беруін сұрадық.
«Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттен, Жетісай және Шардара қалаларынан Түркістан қаласына тұрақты қоғамдық жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 18-19 адамға арналған Mercedes Benz (Спринтер) шағын автобустар әр күні Түркістан бағытына қатынап тұрады. Одан бөлек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызы бар «Сарыағаш-Түркістан» теміржол бағыты ұйымдастырылған. Пойыздар аптасына 5 рет (дүйсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі) қатынайды. Шығатын уақыты, Түркістан қаласынан: 06.00, Сарыағаш қаласынан: 14.45 минут өткенде қозғалып кетеді» деп жауап берді.
Сондай-ақ шалғай жатқан аудандардың тұрғындары Түркістанға жету үшін бұрын облыс орталығы болған Шымкент қаласына баруға әбден дағдыланғандықтан, аздап қашықтау болса да, көбіне сол жақпен айналыс жасайды екен. Айталық, оңтүстікте орналасқан аудандардың тұрғындары көбінесе сауда-саттығын жасау үшін және Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларға жол жүру үшін бұрынғы облыс орталығы – қазір мегаполис атанған Шымкент қаласы арқылы жүруді өздеріне ыңғайлы санайтын көрінеді.
Тағы бір ерекше ескерер жағдай, бүгінде цифрландырудың арқасында интернет пен компьютерді жақсы меңгергендер қажетті құжатты үйде отырып-ақ ала алады. Бұрынғыдай облыс орталығына көп шапқылау да қажет емес. Сол себепті облыс орталықтарына жұмыстарымен құжынап қатынап жататындардың қатары сиреген. Десек те, жолдың сапалы жөнделгені жергілікті ағайынды ауыртпалықтан құтқарар еді деген ойдамыз.
Түркістан облысы