Түркістан облысында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне жастар мен әйелдер және белсенді азаматтар тартылады.
Бұл туралы Түркістанда өткен Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалының активінде белгілі болды. Жиында 2019 жылдың 25 қарашасында партия Төрағасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өңірлік партия филиалдарының өкілдерімен кездесу барысында жүктелген міндеттерді орындау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Маңызды жиынға облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Елбасы қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып, партияға маңызды тапсырмалар жүктегенін айтты. Өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – фракция мүшелері түрлі мәселелер бойынша биыл 10 айда 637 жеке қабылдау жүргізіп, 1 241 азаматтың мәселелері қаралған. 10 айда партия филиалдарының 17 қоғамдық қабылдау бөлмесіне 7 047 арыз түсіп, оның 3 297-і оңтайлы шешілген.
– Қабылдауларда басшылар тарапынан көзбояушылық пен сырғытпа жауапқа жол берілмеуі үшін әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көрсетілуде. Осы жұмыстар нәтижесінде тұрғындардың партияға сенімі арта түсті деуге болады. Партияның кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу пилоттық жобасы бойынша Түлкібас ауданы республикада алдыңғы қатардан көрінді. Бұл жобаны барлық аудан, қалаларда өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы біз қарапайым елдің арасынан мемлекетке шынайы жанашыр, отаншыл, белсенді азаматтарды қатарымызға қосып, мәслихаттарға ұсынамыз. Партия төрағасы осындай міндет жүктеп отыр, – дей келе, ол депутаттар мен басшылардың жауапкершілігін көтеру жөнінде де ұсыныстарын айтты.
Жиында Түркістан облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтің баяндамасы тыңдалды. Сонымен бірге жарыссөзге шыққан Nur Otan партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі Мұрат Төлтебаев, Түлкібас аудандық үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Фарида Пралиева және «Кентау трансформатор зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы Хайрулла Қожабаев та пікірлерін айтып, партияны жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қолдайтындарын жеткізді.
«Пилоттық жобаны ресми жобаға айналдырса, ауылдардан елге жанашыр адамдар шығатын еді. Сондықтан партияның облыстық филиалы алдағы уақытта да осындай жобаларды көбейтсе деген ұсынысым бар» деген Фарида Пралиева жуырда Түлкібас ауданында ұйымдастырылған партияның кадрлық резервіне іріктеу пилоттық жобасына қатысып, 4 144 үміткердің ішінен екінші орынды иеленіп жеңіске жеткеніне қуанышты екенін айтты.
– Қарапайым педагог ретінде мен де қоғамдық істерге белсене араласып, өз пікірімді айтқым келеді. Жергілікті мәслихаттарда да қарапайым еңбек адамдарының, дәрігерлер мен ұстаздардың көптеп тартылғаны дұрыс. Елбасымыз Nur Otan партиясы фракциясы жұмысын жандандыру туралы тапсырма жүктеді. Депутаттыққа кездейсоқ үміткерлердің өтіп кетуіне қойылған мықты тосқауыл – осы бір пилоттық жобаның өте сәтті өміршеңдігін түсіндім. Бүгінгі күннің талабы өте күшті. Сондықтан іріктеуден өткен азаматтар жан-жақты қаруланған әлемдік деңгейдегі білімді игеруіміз керек. Отаншыл, халықшыл, ел қамын ойлайтын, шынайы патриот болуымыз керек. Адалдығымыз бен адамдығымыздың шоқтығы биік болып, халықтың зор сеніміне ие болуымыз керек. Ең бастысы – батыл, шыншыл-қоғамшыл қайраткерден үлгі алуымыз керек, – деді мектеп-интернатының директоры Фарида Азмеданқызы.
Актив отырысын облыс әкімі, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев қортындылады. Ол өз кезегінде Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық филиал өкілдерімен кездесуінде берілген тапсырмалары бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді. Партияны қайта жаңғырту бағытында елге жанашыр, нағыз көшбасшы азаматтарға мүмкіндік берілетінін жеткізді.
– Партиялық праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстары бойынша семинарлар өткізілсін. Нақты жергілікті мәселелерді есепке ала отырып, сайлауалды бағдарламаның жобасы әзірленуі тиіс. Партия филиалы партиялық кадрлық резерв құрамын жаңа талаптарға сай жасақтап, 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін ұсынсын. Жаңа тізімде әйелдердің үлесі 30 пайыздан, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар қоғамның белсенді өкілдері де резервке алынсын. Партияның жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестері, бақылау комиисиялары жұмысты ширатсын. Партияны қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі.
Өмірзақ Шөкеев Арысты қалпына келтіруде, Түркістанды түлетуде барша аудан, қала әкімдіктері жұмыла жұмыс істеген айтып, барлығына алғыс білдірді. Елбасының Түркістанға деген ықыласы мен қамқорлығы айрықша екеніне тоқталды. Жиын соңында жұртшылықты облыс әкімі ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Осы мерекеге орай, бір топ азаматқа Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын, партияға жаңадан қабылданған 4 азаматқа партия билетін тапсырды.