Дариға Назарбаева еліміздегі онсыз да аз су ресурстарын сақтап қалу үшін жеке мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сенат Төрағасы бұл ұсынысын Парламенттің Жоғарғы палатасының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен өткен парламенттік тыңдауда жария етті.
Аталған комитет басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесін Д.Назарбаеваның қолдауымен Сенат әлденеше рет көтергенін еске салды: «Үкіметке ұсыныстар да берілді. Дегенмен бұл мәселенің толық шешімін әлі көре қойған жоқпыз» деді ол.
Сенатор Қайрат Қожамжаров «Ақ бұлақ», «Ауызсу» бағдарламаларына бюджеттен 1,2 триллион теңге жұмсалып кеткенін, алайда ауылдардың 51 пайызы бұрынғыдай таза ауызсудан тарығып отырғанын жеткізді. Бұл – шамамен 2,5 млн адам немесе халықтың 13 пайызы. Сенатор Үкіметке бөлінген бюджет қаражатының мақсатты игерілуіне бақылауды күшейтуді ұсынды.
Өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың мәліметінше, Су ресурстары комитетінің бюджет қаражатын жұмсауына мемаудит жүргізілген. Нәтижесінде, 2,5 млрд теңгенің бұзушылықтары әшкереленіпті. Тағы 26,3 млрд теңгенің мемлекеттік ресурстары тиімсіз жоспарланған және шығындалған. Рәсімдік тәртіптің 189 бұзушылығы да анықталды.
География институтының директоры Ахметқал Медеу жеке бөгет иелеріне қатысты заң талаптарын қатайтуды ұсынды. Себебі олар өздері ие мүлікке инвестиция салмайды, түскен пайданы түгел алып қояды. Ал төтенше жағдайлардың салдарын жоюды мемлекетке қалдырады.
У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының директоры Мәліс Әбсәметов су нысандарын жобалау, салу және пайдалану жұмыстарын жүргізе алатын білікті кадрлардың тапшылығы мәселесі күн тәртібінде өткір тұрғанын айтты.
Парламенттік тыңдауды қорытындылаған Дариға Назарбаева мемлекетке су ресурстарын сақтау бағдарламасы қажет екеніне ерекше назар аударды. Бұл проблеманы зерттеу елдің ғылыми институттарының басым міндеті болуы тиіс. Әсіресе, су үнемдеу технологияларын қолдану, бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту мақсатында инвестицияларды тарту маңызды.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы су қауіпсіздігі мәселелеріне ғана жауап беретін мемлекеттік орган құруды ұсынды.
– Екі тыңдау ұсынымдарында тек су және су қауіпсіздігімен айналысатын жеке уәкілетті органның қажетін айтқан едік. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Ондай меморган қалай жұмыс істейтінін білмеймін, бәлкім агенттік немесе мамандандырылған ұйым болар. Бірақ ол осы мәселелерге дербес жауапты әрі осы саланы ілгерілететін жеке құрылым болуы тиіс, – деп нықтады Д.Назарбаева.
Іс-шара қорытындысында сенаторлар Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірледі.