Disney студиясы түсірген «Мулан» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы көрерменге жол тартты. Фильмді қазақша сөйлеткен – «Болашақ» корпоративтік қоры. Бұл қор Disney студиясының осымен 35-ші фильмін қазақ тіліне дубляждаған. «Мулан» фильмін қазақ тілінде ivi онлайн-кинотеатрында да көруге болады.
«Мулан» фильмін дубляждау жұмысына Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 60-тан астам кәсіби актер қатысты. Голливудтың азиат тектес танымал актерлері алғаш рет қазақ тілінде сөйледі. Муланды актриса Жанел Мақажан, ал басты антогонист сиқыршы Синьнянды Айгүл Иманбаева дыбыстады. Джет Ли Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаевтың дауысымен қазақша сөйледі.
«Мулан» фильмінде Nomad Stunts каскадерлер тобы да өнер көрсетті. Жайдарбек Күнғожинов «арландар» жасағының қолбасшысы рөлін, ал оның тобы Джейсон Скотт Ли сомдаған Бөрі ханның таңдаулы жауынгерлер жасағын ойнады. Жайдарбек пен оның командасы бүгінде бүкіл әлемге танымал.
– «Болашақ» корпоративтік қоры 2011 жылдан бастап Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және тағы басқа студиялардың фильмін қазақ тілінде дубляждап келеді. Біз коммерциялық мақсатты көздемейміз, тек әлемдік деңгейдегі фильмдерді қазақ тіліне сапалы етіп дубляждауды қалаймыз. Кинотеатрға келген қазақ балаларының фильмді өз ана тілінде көруге құқығы бар. Осымен 35-ші фильмді қазақ тілінде сөйлетіп отырмыз. Негізінен отбасылық фильмдерді таңдап аламыз, өйткені балалар өздерінің сүйікті фильмдерін 10, тіпті жиырма рет қайталап көреді, – деді «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылар кеңесі төрайымы Динара Шайжүнісова. Сондай-ақ ол ірі халықаралық компанияның талаптарын орындау оңай емес екенін, 9 жылғы бірлескен жұмыс барысында қор шетелдік әріптестерінің сеніміне ие болғанын да тілге тиек етті.
– «Мулан» мультфильмін көргендегіге қарағанда кинодағы әсер мүлдем басқа. Біріншіден, бұл рөлді сомдаған қытайлық актерлер шеберліктің шыңына жеткен. Ал қазақ тіліндегі нұсқасында дубляжда менің де дауысымның үлес қосуы, ол үшін сонау Англиядан дауысымды осы рөлге сәйкес келеді деп бекітуінің өзі мен үшін қуаныш. Дыбыстау студиясына келгендегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өнердің бірқатар саласында бағымды сынап жүрген жанмын дегенмен, дәл осы дубляжға келгенде жүрексінем. Өйткені ауызба ауыз бірден дәл түсіп дубляждау басқа әңгіме, ал сіз телевизордың ішіндегі кейіпкердің жан дүниесін өзіңнің ішіңнен, жүрегіңнің елгезегінен өткізіп, сезініп, соның ішкі көңіл күйін дыбыспен беру өте үлкен шеберлікті талап етеді екен. Дегенмен жұмыс барысы кезінде рахат күйге бөлендім, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева.
Бұл күні актриса, фильмдегі басты кейіпкердің дауысын қазақ тілінде дыбыстаушы Жәнел Мақажан, фильмге түскен «Nomad Stunts» каскадерлер тобы жігіттері Есболат Әбдіберік, Жандос Айбасовтар да өз ойларымен бөлісті.