Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет бір қасиеті – бұл кісі тұнып тұрған идеялардың бұлағы
Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет бір қасиеті – бұл кісі тұнып тұрған идеялардың бұлағы. Қазірдің өзінде небір идеялары тынбай шығып жатады. Өзі жақын жүретін адамдармен алдымен әңгімелеседі, ой бөліседі. Бір күні табан астында «Астананы көшіруіміз керек» деді. «Қайда?». «Арқаға».
Ел тұттай жалаңаш, жалаң аяқ, жалаң бас. Үш-төрт айдан жалақы алмаған, зейнетақы алмаған. Қаланы қайдан саласың? Қалай саласың? Жасыратыны жоқ, «Алатаудың баурайында отырмыз ғой. Алатаудай сұлу тау жоқ. Ата-бабамыздың жері ғой мынау. Астымыздан су шыққан жоқ. Жұмақтай жерден неге кетеміз?» деп ойладым. Нұрекеңнің тағы бір керемет қасиеті, өз пікірін айтады, оны сен қолдамасаң, әңгімені сол жерде тыяды. Сосын ұмыттырып, сәл бірнеше күннен кейін қайтадан қояды. Өзі жақын жүрген кісілермен сөйлеседі. Пікір жинайды. Сол кезде ол бұл пікірдің піспегенін білді. Бірақ бәрібір осы мәселені бейресми жағдайда күн тәртібіне қоя берді, қоя берді. Сөйтіп жүріп ақыры елдің пікірі осыған ыңғайланған кезде Кеңес отырысының күн тәртібіне шығарды. Біреу олай деді, біреу былай деді. Сонда бір депутат: «Неменеге басымызды қатырып отырмыз? Бәрібір ешқайда көшпейтініміз анық. Бүгін – Президенттің туған күні. Оған сыйлық жасайық. Шешім қабылдайық. Ол бәрібір ешқайда кетпейді. Мына жағдайда қайда көшесіңдер?» деп қалды. 6 шілде болатын. Ал депутаттар қолдап кеп жіберсін. Президентке керегі де осы еді. Осы шешім қабылданғаннан бастап күн-түн демей, астананы көшіруге кірісті. Астананы көшіру жайлауға киіз үйді жинап апарып, қоныс аудару емес қой. Ылғи ой үстінде жүретін. Осы Ақмолаға талай келіп кетті. Бірнеше қалаға да барды. Сосын бір күні кезекті іссапардан келді де: «Мен Ақмолаға барғанда, Қараөткел көпірінің үстінде тұрып ұзақ ойландым. Дүниежүзіндегі астаналардың дені, негізінен өзен жағасына салынған. Ақмола өзеннің жағасында тұр. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қақ ортасы. Түбінде осы қолайлы болады. Жол қатынасына да дұрыс. Шығыс пен Батыстың да ортасында тұрмыз» деді. Сөйтіп, астанамыз Ақмолаға көшті.
Бір күні рәміздер көшетін болды. Ту көшеді, Елтаңба көшеді. Елбасымыз бәрімізді резиденцияға жинады. Сол жерде көзімізге жас алдық. Рәміздер көшіп бара жатыр. Біз жұртта қалғандай болдық. «Алматыға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, Алматыны қимай кетіп барамыз. Бұл бізге керек боп тұр. Қазақстанның келешегі үшін керек» деді. Біз ол кезде мән бермедік. Сөйтсек, ол кісі тереңнен, тым тереңнен ойлаған екен.
Сонда Петропавлда, Солтүстік Қазақстан облысында қазақтың үлесі 7-ақ пайыз болатын. Ақмолада да 9 пайыздың маңайында ғана еді. Сол күйі тұра бергенде, жағдайдың қалай өзгеретінін ашып айту қиын.
Қазақша айтқанда, бізді Құдай сақтады. Елбасының ақылымен, көрегенділігімен Арқа төріне келдік. Дәл осы жерде астананы көшірудің тарихи да, стратегиялық та маңызы зор. Сөйтіп, қазір қарап отырсаң, ең қазағы аз, тіпті жоққа тән қала бүгінде қазағы ең көп қалаға айналды. Бұл біздің ешқайсысымыздың ойымызға келген жоқ.
1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлағаннан кейін бұрын-соңды болып көрмеген оқиға – инаугурацияны өткіздік. Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұртшылықтың көкейінен шыққандай. Сөйтіп тұрғанда... Сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік Ту көз алдымызда қисайып бара жатты... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан Туды Президент бір қолымен қағып алғаны!.. Ту сыртында тұрған Тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл – жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев шынында да қазақтың жығыла жаздаған Туын қайта тіктеген азамат.
Мемлекет басшысы ел билігінің басында 30 жыл отырды. Сол жылдар ішінде барлық қиындықтар мен ауыртпалықтарды мойымай көтерді. Көптеген жеңістерге қол жеткізді. Қашанда халқымен бірге болып, барлығын елімен бірге көріп, өткерді. Шындығында, бүгінгі тәуелсіздік үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына қарыздармыз. Елбасы мәңгі есте қалатын істер істеді. Қазақ елінің егемендігі, жаңадан салынған астанасы, Әнұраны мен Елтаңбасы, көк Туы, осының бәрі – Мемлекет басшысының мәңгілікке жалғастырып кететін, есімін ел есінде қалдыратын істер. Болашақта да осының бәрін Елбасының атымен тікелей байланыстыратын боламыз. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті бола жүріп, қазақ елін әлемге танытты. Жер-жаһан елімізді Елбасы арқылы білді. Ол – болашаққа жол ашқан алғашқы басшымыз. Биыл тарихи шешім қабылдап, өкілеттігінен өз еркімен бас тартты. Бұл тарихи шешім – Елбасының көрегендігі, даналығы. Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтап қалуды мақсат тұтты. Ұзақ ойлана келе, осындай шешім қабылдады. Өкілеттігін тоқтата отырып, қызметін Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырғаны көңілімізді орнықтырғандай болды. Сондықтан баршамыздың осы кезеңде ел бірлігі мен тәуелсіздікті сақтау сынды міндетіміз һәм мақсатымыз бар. Елбасымыз бізге Мәңгілік ел идеясын аманаттағандай болды. Сол аманатқа қиянат қылмай, адал болуымыз қажет. Нұрсұлтан Әбішұлымен 1998 жылы Көкшетау өңіріндегі Айыртау баурайында, Қарасай батыр жерленген төбеге бірге барып, сапарлас болған едік. Сол жерде жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын талай әңгіме айтылған болатын. Былтыр 14 шілдеде Абылай хан алаңында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын ашық аспан астында тамашаладық. Елбасының жанында Асанәлі Әшімов бар. Бәріміз бір қатарда отырған едік. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының кішіпейілдігі, қарапайымдылығы қайран қалдырған. Менің не істеп жүргенімді, Көкшетауға кетіп қалғанымды біліп отыр екен. Таңғалдым. Елбасына бүкіл қазақ халқы риза. Амандығын тілейміз. Ел бірлігін сақтау, халықтар арасындағы достықты нығайтуға баса мән беретін. Енді сол ізін әрмен қарай жалғауымыз керек.