1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні тойланатыны бәріне белгілі. Өйткені дәл сол күні 1991 жылы бірінші жалпыхалықтық сайлау өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7% дауысына ие болған. Міне, сол мереке 2012 жылдан бері аталып келеді
Кез келген империяның шарықтау шегі, құлдырайтын уақыты болады. Бір кезде дүркіреген Кеңес дәуірі де келмеске кетті. Горбачевтің қайта құру туралы бастамасынан кейін-ақ көптеген мемлекеттер либералдық қозғалысқа түсе бастады. Ол кезде Орталық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі едім. Компартияның жұмыс әдістері бұрынғы қалыптасқан бағыттан өзгерді. 18 бөлім болатын аппаратты қысқартып, жетеуін қалдырды. Үлкен реформа сол кезден басталды. Сонда Қазақ коммунистік партиясының өз бағдарламасы, қаулысы қабылданды. Бұл өзін-өзі басқару жүйесіне көше бастағанымыз еді.
Әйтпесе, 1986 жылғы көтеріліс Колбиннің келуінен шықты емес пе?! Сол кезде «ұлты басқа болса да неге қазақстандық біреу сайланбады?» деген ой еді. Бірінші хатшы бір елдің басшысы болатын. Онда Елбасымыз жас, әлі елуге толмаған кезі. Оның өмірге деген көзқарасы ерекше болды. Ол өзінің алғырлығымен, көтерген мәселелермен, шешендігімен елдің назарын өзіне аудара алды. Нұрсұлтандай азаматтың келгеніне халық қуанды, оған сенді. Бұл жаңалықты халық жақсы қабылдады. Бүгінде осы отыз жылдың нәтижесінде Елбасы халықтың сенімін ақтады деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан деген мемлекетті әлемге танытты.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні тойланатыны бәріне белгілі. Өйткені дәл сол күні 1991 жылы бірінші жалпыхалықтық сайлау өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7% дауысына ие болған. Міне, сол мереке 2012 жылдан бері аталып келеді. Ал он күннен соң Президент Қазақ ССР атауының Қазақстан болып өзгертілуі туралы заңға қол қойды. Сөйтіп, 16 желтоқсанда Жоғарғы кеңес елдің Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіз мемлекетімізге қатысты барлық рәмізді тағайындадық. Мәселен, Елбасы құпия түрде шағын ғана топты ұйымдастырып, қазақ елінің төл теңгесін жасап шығаруды тапсырған. Ресейдің айналымнан шығып қалған қоқыс ақшасының орнына өзіміздің теңгемізді қалай кіргізу жолын ақылдасты. Ұлыбританияда (Лондонда) қазақ теңгесінің дизайны, көлемі, түр-түсі жайында арнайы топ жұмыс істеді. Әлі есімде, Елбасының Жарлығымен 1993 жылы қарашада қазақ елінің тұңғыш теңгесі таратыла бастады.
Әрине, жаңа мемлекет қалыптастыру, оның сырт елдермен байланысын нығайту оңай шаруа емес. Ең бастысы, мемлекетіміз бар, бірақ мемлекеттік атқару органдары, мемлекетке тән нышандар болған жоқ. Қорғаныс министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, т.б. нақты мемлекет болып нығаюға қатысты құрылымдар әлі қалыптаспаған. Бәрінде кадр жетіспейтін. Оның арасында мекемелер жұмыс істемей, ел арасында жұмыссыздық пайда болды. Халыққа уақытында не жалақы, не жәрдемақы төленбеді. Күнкөрістің өзі қиындап кетті. Мемлекетіміз саяси да, экономикалық та, барлық жағынан кризиске ұшырады. Елдің барлығы кеңестік жүйеге үйреніп қалған, барлығын Үкімет атқарады деп отырған еді. Тәуелсіздік алғаннан бастап жекешелендіру жүргізілді. Әрбір жеке адамның жұмыс істеу қабілеті ескерілді. Мүмкіндік жасалды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан адам бостандығына мән берді. Әркім қандай кәсіппен айналысамын десе еркіндік берді.
Жалпы, ол уақытта жас мемлекет қандай болатынын да білмедік. Тұңғыш Президентіміздің талантына, көрегендігіне қарай, басқа мемлекеттерге қарағанда көп нәрсені тез игеріп кеттік. Оның бәрі – Елбасының стратегиялық жоспарының арқасы. 1997 жылы Президентіміз жаңа бағдарлама ұсынды. Онда ел дамуының 2030 жылға дейінгі жоспары белгіленіп, 7 түрлі басымдық алға тартылды. Елбасының бұл 7 түрлі басымдығы да өз кезегінде орындалып, халық игілігі үшін жұмыс атқарды. Бұл туралы 2014 жылғы халыққа Жолдауында Елбасы қорытынды жасап, атқарылған жұмыстарға арнайы тоқталды. Осындай стратегиялық жоспарлар арқылы ұлттың, елдің, мемлекеттің дамуын бірізділікпен алға жылжытуға болатынын тәжірибе жүзінде көрген Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан – 2050» бағдарламасын қабылдады. Барлық құрылым, бүкіл сала осы «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бойынша қызмет атқарды. Міне, сол уақытта қабылданған бағдарламалар тәуелсіз мемлекетті орнықтырды. Соның арқасында ел экономикасы жоспарлы түрде ақырындап аяғына тұра бастады. Сөйтіп, қоғамымызда тұрақтылық пайда болды. Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізген саясатының арқасында бар-жоғы 35 пайыз қазақтың шашауын шығармай, халықтың татулығын сақтады.