Ата-бабаларымыз қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-ғайыр Ұлы Даланы қорғап, ұрпағына мирас етті. Ал Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыз Н.Назарбаевтың көшбасшылығымен қазақстандықтар әлемдегі тоғызыншы территорияның шекарасын халықаралық құжаттармен ресми рәсімдеді.
Осы арқылы шекара үнемі ши шығатын шиеленіс ошағы емес, ұлысымызды ұйыстыратын, мемлекеттілік тұғырын мығым ететін ұстынға айналды. Шекараны шегендеу жаңа дәуірдегі жас қазақ мемлекеті үшін шыңдалу мектебі болды. Сөйтсек, бұл тіпті кең тынысты, кәрі жілікті мемлекеттердің көбі ешқашан шыға алмаған шырқау шыңдардың бірі екен.
Тәңірдің тілегімен қоңсы қонған елдердің тату көршілік қарым-қатынасы халықтардың бейбіт тіршілігі үшін ғана емес, сондай-ақ теңқұқылы келісімдер жасап, өзара тиімді сауда-саттықты өркендетуге, мол табыс әкелер транзитті арттыруға, экономиканы гүлденту үшін инвестиция тартуға да қажет.
Қазақстан – ҚХР шекарасы
Азаттық алған тұста ұзындығы 1 783 шақырымдық Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарада даулы учаскелер көп болды. Келіссөздер тығырыққа тіреледі. Мамандар ортақ шешімге келе алмаған. Мәселе ең жоғарғы деңгейге шығарылады.
– Сол кезде ҚХР төрағасы Цзян Цзэминь маған аудармашы арқылы: «Нұрсұлтан, мен саған дос есебінде қараймын және ашық айтам. Егер бұл мәселені қазір шешпесек, болашақта оның шешілуі қиынға соғады» деген еді. Мен оның не айтқалы тұрғанын жақсы түсіндім. Әңгіме шағын ғана даулы аймаққа байланысты еді. Дегенмен Қазақстан жағының пайдасына қарай шешілетін нұсқа символдық тұрғыда маңызды еді. Мен мынадай шешім ұсындым: даулы аймақтың 53% – Қазақстанға, 47% – Қытайға тиесілі болсын. Жүзін суытқан Цзян Цзэминь қатқылдау дауыспен: «Не, бұл сен үшін принципті түрде маңызды ма?» деп сұрады. Мен де сондай қатқыл дауыспен: «Иә!» дедім. Қазақ халқының тарихи жады өте тереңде жатыр. Менің халқымның ұлттық көңіл күйі дәл осы мәселенің шешіміне байланысты. Өз сарапшыларымен ақылдасқан ол ақыры: «Жарайды, онда қол қояйық» деді. Ратификациялық грамоталар алмасқаннан кейін 1995 жылдың 15 қыркүйегінде, Қазақстан–Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісім күшіне енді, – дейді Елбасы.
Шекарасы аспан астындағы барлық аумаққа таралады деп есептейтін шың елімен мұндай келісімге КСРО да қол жеткізе алмаған.
«Патшалық Ресей мен Қытай арасында қол қойылған 1860 және 1885 жылғы келісімдерде Алтай өлкесінің солтүстік бөлігіндегі шекараға қатысты тек сол екі елдің мүдделері ескерілген. Қазақстан ХІХ ғасырда бодан ел ретінде шекара бөліске қатыстырылмады. Сондықтан 90-жылдардағы қазақ-қытай келіссөздеріне мемлекетіміз білікті картографтарды, жер мамандарын, дипломаттарды тартты. Нәтижесінде, 1994 жылы Н.Назарбаев пен ҚХР премьері Ли Пэн шекараның алдымен 94 пайызын қамтыған келісімге қол қойды. Қалғаны даулы учаскелер деп танылды», – дейді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.
Ол КСРО мен ҚХР осы учаскелерге бола кезінде соғыса жаздағанына назар аудартты. Оған дайындық ретінде Алматыда алдымен Түркістан әскери округі, кейін бүкіл өңірді жұмылдыру үшін Ортаазиялық әскери округі құрылған. Оған 1 миллиондай жауынгер мен орасан зор әскери ресурс, ұрыс техникалары кірді.
– 1969 жылғы наурызда Ресейдің Қиыр Шығысындағы Даманск аралында шекара үшін кеңес-қытай қақтығысы орын алғаны, онда ондаған жауынгер қаза тапқаны белгілі. Артынша 1969 жылғы 13 тамызда қытайлық батальон Қазақстандағы Жалаңашкөлге баса-көктеп кірді. Бірақ ол кезде КСРО қару-жарағы Қытайдан қуаттырақ әрі заманауи болатын. Соның арқасында басқыншылардың беті қайтарылды. Осы есінде болса керек, көрші екі ел арасындағы даулы учаскелер жайында сөз бола қалса, қытаймен келіссөздер тұйыққа тірелетін. Содан Кеңес Одағы тұсында мұндай келіссөздердің 400-ге жуық раунды өтті! Тараптар бәрібір мәмілеге келе алмады. КСРО бұл ауыр «мұраны» тәуелсіз Қазақстанға қалдырды. Ақыр соңында жаңа Қытай тәуелсіз Қазақстан ұсынған ымыра форматына илікті, – дейді Қ.Сұлтанов.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәмілегерлік қабілеті арқасында қос мемлекет «даулы учаскелер» терминінен бас тартты. Тарихта тұңғыш рет Қытаймен арада әлем мойындаған, құжатпен бекітілген мемлекеттік шекара – бейбітшілік пен әріптестік шекарасы пайда болды.
Қазақстан – Ресей шекарасы
Қазақ елі бастапқыда кейбір хандардың сұрауымен бодандыққа кіріп, кейін қару күшімен толығымен отарланғаннан кейін, патша өкіметі 1867-1868 жылғы реформалары аясында біржақты түрде бүкіл Қазақстан жерін Ресей империясының меншігі деп жариялады. Бұл шешімді, әрине қазақ халқы мойындамады. Отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің дүркін-дүркін көтеріліп, күндей күркіреп өтуінің бір себебі осы. Әділеттілік Ресей империясы жойылғанда емес, тек ХХ ғасыр соңында Кеңес Одағы күйрегенде ғана қалпына келді.
Елімізді солтүстігі мен батысында қоршай орналасқан Ресеймен арадағы 7 591 шақырымдық шекара «бүкіл әлемдегі құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара» болып есептеледі.
КСРО Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті (ГКЧП) Мәскеуде «Тамыз бүлігін» жасауы қарсаңында, 1991 жылғы 17 тамызда Алматыға Борис Ельцин келеді. Ол кезде одақтың әр тұсында – Таулы Қарабақта, Оңтүстік Осетияда, Приднестровьеде, Ошта шекараға қатысты қарулы қақтығыстар өрши бастаған. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев РСФСР президентімен Қазақстан және Ресей өз елдерінің аумақтық бүтіндігін сақтайтыны, күштеп тартып алуға бармайтыны жөнінде келісіп, әу бастан мәселенің басын ашып алды. Әйтпесе, қазақ елінен бес облысты тартып алу туралы ұрандар солтүстік көршіде жер жарып тұрған-тын.
Елбасының айтуынша, Қазақстан – Ресей келіссөздерінің алғашқы кезеңі 1999 жылдың тамыз айында басталды. Қазақ ССР-і мен РСФСР арасындағы әкімшілік шекара, Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, бұлдырлау рәсімделгені бірден анықталған.
– Мұндай әдеттен тыс жағдайда Ресейдің жаңа басшылығымен арамыздағы сенімнің жоғары деңгейі айрықша рөл атқарды. 2000 жылдың маусым айындағы алғашқы біріккен декларацияда мемлекет басшылары екіжақты делимитациялау процесінің қарқынын арттыру қажетін айтты. Мемлекет үшін шекараның маңызын ескере отырып, жағдайды ушықтырмай шешу үшін табандылық таныттық, – дейді Н.Назарбаев.
Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздер 2004 жылдың соңына дейін жалғасты. Шекара сызығын сызу үшін 50-ден астам келіссөз раундын өткізуге тура келген. Қостанай облысындағы тұрғындарының барлығы РФ азаматтығын алып қойған «Огнеупорный» кенті көршіге беріліп, оның орнына Ресей сол кент аумағына сайма-сай 520 гектар шұрайлы жерін барлық инфрақұрылымымен қазақ тарапына табыстады.
Атырау облысының Құрманғазы ауданы мен ресейлік Астрахань облысының Краснояр ауданы ортасында жатқан «Имашевское» атты жер екі ел арасында бұрыннан қызу айтыс-тартысқа арқау болыпты.
– Құмы бораған, жалпы аумағы 23 400 гектарлық осы шөлде газ кен орны барын білсеңіз, себебін түсінесіз. Анығы, бұл бұрыннан Ресейге қараған жер. Толығымен! Оны көптеген құжат дәлелдейді. Бір ғажабы, ұлтжанды азаматтарымыз араласса керек, 1947 жылы шектес облыстардың «землеустроительдік қызметтерінің» өкілдері осы жерді картаға Қазақстан меншігі ретінде тіркеп жібереді. 1949 жылы Астрахань облысының облисполкомы оған қарсылық білдірген. Алайда Орталық КартГеоФонд «Астрахань және Гурьев облисполкомдары бір шешімге келгенше, жаңа карталарды өзгерісімен уақытша баса беретінін» хабарлайды. Екі облыс исполкомдары 1950 жылы, кейін 1960, 1980, ең ақырында 1990 жылы келісімге келуге талап қылады. Бірақ ортақ тоқтамға келмеген, – деді Қ.Тоқаев.
Келіссөзшілер парадоксты жағдайға килігеді: Астрахань да, Атырау да осы жер өз аймақтарына қосылып көрсетілген карталарды ұсынады. Ұзақ керіс пен нәтижесіз келіссөздердің шекара белгілеуді тағы да ондаған жылға кейін қалдыруға соқтыратынын байқап, екі жақ ақыры қос шарттан тұратын байламға тоқтады: біріншіден, осы жер Қазақстан мен Ресей арасында қылдай тең бөлінеді. Екіншіден, ондағы газ кені тек өзара бірлесіп қана өндірілуге тиіс.
2005 жылдың 16 қарашасында мемлекеттер арасындағы уағдаластық бойынша Қазақстан мен Ресей заң шығару органдары бір мезгілде «ҚР – РФ мемлекеттік шекарасы туралы шартты» құптады. Бірінші кезекте Н.Назарбаев пен В.Путиннің берік келісімі, сонымен қатар сол кездегі «Отан» республикалық саяси партиясы (қазіргі Nur Otan) мен парламенттік басымдыққа ие «Единая Россия» депутаттарының өзара іс-қимылы арқасында тарихи шарт мақұлданды. «Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» шарт 2006 жылдың 12 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Қазақстан және Орталық Азия
Қазақ елі – Орталық Азия өңірінде делимитациялау мен демаркациялау мәселесін толық шешкен жалғыз мемлекет. Әрине, ол да оңайға түскен жоқ. Мысалы, қазақ-өзбек шекарасы 1956 жылы Бостандық ауданын өзбекке беру секілді жағдайлармен күрделендірілген.
Республикамыз Өзбекстанмен – 2 351 шақырым, Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі.
Қазақстан – Қырғыз Республикасы және Қазақстан–Түркіменстан шекараларын делимитациялауда еліміз бұрын Қырғыз КСР-імен және Түрікмен КСР-імен келісілген әкімшілік-аумақтық бөліну сызығын негіз етіп алды. Яғни, көп дау туа қоймаған.
2001 жылғы 5 шілдеде елордада «Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы туралы», ал 15 желтоқсанда «Қазақстан –Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы» шартқа қол қойылды.
9 қыркүйегінде «Мемлекетаралық шекараның жекелеген бөліктері туралы» ақырғы шарт бекітілді.
Осы арқылы қазақ елі тек өз шекарасын ғана шегендеп қоймай, бүкіл өңірдегі осы үдеріске оң серпін берді. 2019 жылғы 10 қазанда Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлері мемлекеттік шекаралардың «Түйісу нүктесі туралы келісімді ратификациялау туралы» хаттамаға қолтаңбаларын түсірді. Құжатқа сәйкес осы үш мемлекет араларындағы шекара бір-бірімен Үстірт ауданында қабысады. Осылайша, үш ел арасындағы делимитация үдерісі аяқталды.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүктесі бар. Соның ішінде Қазақстан – ҚХР – Ресей, Қазақстан – Қытай – Қырғызстан, Қазақстан – Қырғызстан – Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімдер күшіне енді.