Әлем елдері Қазақстанды татулық пен қоғамдық келісімнің алтын бесігі деп таныды. Жаһан жұртшылығы мен көшбасшылары қазақ еліндегі ынтымақтың, бірліктің үлгісін «Қазақстандық жол» немесе «Назарбаев моделі» деп бағалайды. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамалары мен идеялары үлкен зерттеулерге арқау болып, халықаралық деңгейдегі лидерлер өз бағасын берген. Осы орайда, әлем көшбасшыларының Елбасы туралы пікірін оқырманға ұсынып отырмыз.
Владимир ПУТИН,
Ресей Федерациясының президенті:
«Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны... Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?!
Жақында Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір қасиетін байқадым. Ол кейбір нақты жағдайларда өте сезімтал болуы мүмкін. Демек, ол адами қасиеттерін жоғалтпағаны. Бұл мен үшін өте маңызды, өйткені бұл – адамның аса бір жақсы қасиеті.
Ол адал әрі әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда әрдайым қарапайым адамдардың жағдайын бірінші ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол – өз халқының бір бөлігі.
Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бірегей тұлға. Өйткені осы уақытқа дейін қазақтарда қазіргі мемлекеттік құрылымы бар мемлекет болмады. Ол – тек қана Қазақстанның Тұңғыш Президенті ғана емес, Қазақ елін, қазақстандық мемлекетті құрушы. Оның бірегей тарихи рөлінің мағынасы да осында».
Дональд ТРАМП,
Америка Құрама Штаттарының президенті:
«Сіздің еліңіз үшін аса маңызды тарихи сәтпен құттықтаймын. Сіз басқарған 30 жылға жуық уақыттың ішінде елге мол мұра қалдырдыңыз және билік транзитін конституциялық процедураларға сай жүзеге асыру шешіміңізге қолдау білдіремін. Сіздің өткен жылғы Ақ үйге сапарыңыз АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған нақты қадам болды».
Реджеп Тайып ЕРДОҒАН,
Түркия Республикасының президенті:
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларын әрқашанда қолдаймыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі өте жоғары, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өткім келеді».
Александр ЛУКАШЕНКО,
Беларусь Республикасының президенті:
«Арамыздағы ашықтық пен сенімділікке құрылған диалогты жоғары бағалаймын. Бұл Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достастық пен әріптестік қатынастардың нығаюына айтарлықтай ықпал етті. Елдеріміз түрлі салада көптеген болашағы жарқын жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Қазақстан – Беларусь ынтымақтастығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы интеграциялық үдерісті дамытуға жағдай туғызатын маңызды фактор.
Сіздің ауқымды әрі сан қырлы тәжірибеңіз мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың одан ары кеңеюіне ықпал ететініне сенімдімін».
Антониу ГУТЕРРИШ,
БҰҰ Бас хатшысы:
«Қазақстан Сіздің Президент лауазымына сайлануыңыздан бастап бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, ядролық қаруды таратпауға, превентивті дипломатияның және терроризмге қарсы іс-қимылдарға қатысты БҰҰ-ның құндылықтарын қорғау және ілгерілету ісінде маңызды рөл атқаруда. Орнықты даму мақсаттарының жақтаушысы ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалаймын».
Ли Куан Ю,
Сингапур Республикасының премьер-министрі
(1959-1980 жж.):
«Президент Назарбаев – кеңес саясатындағы жұлдызы жанған, одақтас республикалар лидерлері арасындағы ірі тұлға. Қазақстанның 50 жастағы көшбасшысы Одақ республикаларының басқа көшбасшылары мойындаған бір қарағанда әрі қатал, әрі тәжірибеге сүйенетін, тез шешім қабылдай алатын қайраткер, сондай-ақ тартымды, дарынды және батыл басшы. Егер Назарбаевқа республика тізгіні тапсырылса, Қазақстанның табысқа жету мүмкіндігі анағұрлым басым болады».
Барак ОБАМА,
АҚШ президенті (2009-2017 жж.):
«Президент Назарбаев – ядролық қауіпсіздік және қаруды таратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Қазақстан мемлекет ядролық қарудан бас тартып-ақ қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қол жеткізуге мүмкіндік бар екенінің керемет үлгісі бола білді.
Ядролық қарудан бас тарту арқылы қазақстандықтар аймақтағы бар мемлекеттен қауіпсіздікке кепілдік алды әрі бұл Қазақстанды аймақтағы тұрақты мемлекеттердің біріне айналдырды.
Оқшау болып қалуы да ықтимал болған, алайда ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан халықаралық экономика үшін ашық және шетелдік инвестиция тартуға қолайлы елге айналды».
Жак ШИРАК,
Франция Республикасының президенті (1995-2007 жж.):
«Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның екпінді экономикалық дамуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі және оның қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатының нәтижесі. Аталған саясат пен дамудың арқасында Қазақстан Еуропада танымал болды».