Жақсылық Үшкемпіров (1951-2020жж) − грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медальге иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Кеңес Дүйсекеев (1946−2020жж) − Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев биыл 74 жасқа толған шағында дүниеден озды. Белгілі өнер саңлағы 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы консерваториясын тәмамдаған. «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері, музыка жетекшісі, «Қазақконцерт» бірлестігінің көркемдік жетекшісі, Қазақ телевизиясы музыка редакциясының бас редакторы болды.
«Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының және тыңдарман жүрегінен өшпес орын алған 200-ден астам әннің авторы. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Бейсен Құранбек (1971−2020жж) − белгілі журналист Алматы облысының Қызылжар ауылында дүниеге келді. Ұзақ жылдар бойы еліміздегі бірқатар республикалық телеарналарда жұмыс істеді. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы көпшілікке танымал «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларының жүргізушісі болды. 2014 жылдан бастап Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының Бас директоры қызметін атқарып келді.⠀
Рәбиға Сыздық (1924−2020жж) − филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлттық ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықың, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Қазақ тіл білімі үшін "Лингвистикалық стилистика" деп аталатын жаңа саланың негізін қалады.
Еділ Ерғожин (1941−2020жж) – белгілі ғалым 1941 жылы 7 қарашада Алматы облысы, Екпінді ауылында дүниеге келген. 1963 жылы1963 жылы ҚазМУ-дің химия факультетін үздік белгімен бітірген. 1980-1988 жж. – кафедра меңгерушісі, 1980-1983 жж. – химия факультетінің деканы, 1983-1986 жж. – бірінші проректор. 1986-1988 жж. – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болды.
Дүниежүзіне аты шыққан Қазақстандағы химия бойынша иондық алмасу мен мембранды технологиялары мектебінің негізін қалаушы және 1976 жылы Қазақстанның құрметті Алтын кітабына енген. Ұлттық ғылым академиясының (1989), Нью-Йорк ғылым академиясының академигі (1994), Қазақстан Республикасының ғылым қайраткері (1984), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1982) атанды.
Мұсағали Дуамбеков (1961−2020жж) − Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының Қаратау филиалын, қазіргі Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің аспирантурасын бітірген. 100-ден астам ғылыми жарияланымның және өнертабыстың авторы. Техника ғылымының докторы, профессор. Оның «Қазақстан экологиясы», «Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі», «Экологиялық менеджмент» т.б. кітаптары жарық көрген.
Аманхан Әлім (1952−2020жж) – ақын, сыншы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында дүниеге келген. 1980 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 1993 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық A.M.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғары курсын бітірген. Республикалық басылымдарда қызмет істеген. Бүгінге дейін "Заң газетінің" жауапты хатшысы болған. Ақынның "Кездесу", "Жанымның жапырағы", "Ай нұры алақанымда" жыр жинақтары жарияланған. Аманхан Әлімұлы былтыр «Құрмет» орденімен марапатталды. Соңғы жылдары «Ақиқат» журналына жетекшілік етті.
Берік Ысмайылов (1962−2020жж) − танымал модельер-конструктор Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келді. Халықаралық дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, "Берік Ысмайылов" авторлық сән салонының директоры болды. Омбы политехникалық институтының, Мәскеудегі Любовь Красникова — Аксенева авторлық мектебінің түлегі еді.
Дархан Дайырбек (1968−2020жж) − Қазақстанның мәдениет қайраткері, танымал актер Алматы қаласында дүниеге келген. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Академияны аяқтағаннан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеген. «Терісқақпай» театрының әртісі ретінде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Ол кино актері ретінде «Әкім», «Құдалар», «Тамада ісі», «Қазақша тонау» фильмдеріне, «Бастық боламын», «Бақытсыздар бағы», «Елдің баласы», «Күй-ғұмыр» сериалдарына түскен.
Қуандық Шамахайұлы (1960−2020жж) – өзінің азаматтық ұстанымымен танылған журналист 1960 жылы Моңғолияда туған. Ұланбатырдағы Моңғолия мемлекеттік университетінде журналист мамандығы бойынша білім алды. ҚР мәдениет қайраткері, Ақпарат ісінің үздігі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған.
Журналистикадан бөлек жазушылықпен де айналысты. “Таскене”, “Сексеуіл бүршік жарғанда” романдарының, “Кішкентай адам”, “Сағым жыл” әңгімелерінің авторы.
Мұрат Мұқашев (1968-2020жж) – актер, каскадер. Алматыда дүниеге келген. Индустриялық техникумды (1983-1987жж) тәмамдаған. Қиыр Шығыста әскерде болған. Кино индустриясына бала кезінде келген. Үш жасында «Ақ автомобиль» («Алпамыс мектепке барады» фильмінің тарихы) кинофильмінде эпизодқа түскен. Сондай-ақ, актер «Мой дом на зеленых холмах» (ҚСРО, 1985), «Омпа» (1998), «Обратная сторона» (2009), «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2010), «Айша» (2011), «Марко Поло» (АҚШ, 2014), «Весь мир у наших ног» (2015) және «McMafia» (США, 2017) фильмдеріне түскен.
Мұрат Ерғалиев (1957-2020жж) − отандық продюсер өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақ телевизиясының Музыкалық редакциясында қызмет етті. Ел егемендік алғаннан кейін телеарнадағы музыка нарығының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Өзі ұйымдастырған Халықаралық «Азия дауысы» фестивалі арқылы Қазақстанды алыс-жақын шетелге танытса, «Жас қанат» байқауы арқылы талай жас дарынның өнер әлеміне қанат қағуына ықпал етті.