Қазақстан тарихында алғаш рет «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» атты жаңа заң қабылданбақ. Құжатқа сәйкес, полигон жақта «Мамандандырылған аймақ» жеке бөлініп шығады деп күтілуде. Ластанған учаскелерді сауықтырудың кешенді бағдарламасы жүзеге аспақ. Сонымен, Үкіметтің назары полигонға неге түсті?
Аз-кем тарихи шолу артық етпес. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР-інің Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойғаныны мәлім. Кейін Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы дәл осы күнді – 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп бекітті және жыл сайын жаһандық деңгейде атап өтеді.
Биыл қазақ жерінде, Семейде алғашқы атом бомбасының жарылғанына тура 70 жыл толды.
Полигонда метро болған
«Москва-400», «Семипалатинск-21», «Конечная», «Курчатов» – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ядролық сынақ жүргізу үшін Қазақстанның солтүстік-шығысында, Ертіс өзені жағалауында бой көтерген құпия қала Кеңес Одағының «аса құпия» грифі бар құжаттарында осылай әртүрлі аталған. Бұл туралы «БҰҰ жаңалықтар қызметі» хабарлады.
Кувейт, Черногория, Катар, Ливан, Люксембург, Гонконг секілді әлемдегі 68 мемлекеттің аумағынан да ауқымды, жалпы көлемі 18,3 мың шаршы шақырымға созылған жерде қырық жыл бойы қуаты 61 мың килотоннадан асатын 426 ядролық жарылыс жасалды. Бұл жаһан жұртшылығы жақты білетін Жапонияның Хиросима қаласына тасталған бомбаның 4,7 мыңына тең.
– Атом бомбасын қала ішінде жару салдарын зерттеу үшін Семей полигонында көшелер тұрғызылған, көпірлер салынған. Тіпті, 300 шаршы шақырым аумақта метро қазылған. Бір қызығы ол кезде Қазақстанның бір де бір қаласында метро болмайтын. Әскерилер «зарарлы аймаққа» тәжірибе жүргізілетін жануарларды жеткізіп отырған. Бұл телім «Тәжірибе алаңы» деген атау алды. Біз әңгімелескен жергілікті тұрғындар естеліктерін бөлісті. Кейбірі «алапат саңырауқұлақ» көргенін жаны түршіге айтады. Әрбір сынақ алдында әскерилер жақын жерлердегі ауылдарды аралап, жұртшылыққа жарылыс кезінде далаға шығып, көріністі қызықтауды жүктейтін болған, – дейді халықаралық сарапшы Наргис Шекинская.
Бүгінде «Тәжірибе алаңы» – кей жері тақырланған, кей жерін селдір шөп басқан жазық дала. Тек арагідік ұшырасатын үрейлі үшбұрыш нысандар ғана өткеннен хабар береді.
Қазақстандық және шетелдік ғалымдар кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта аумақты зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізгенімен, радиация деңгейі азаймаған және жоғары болып қалуда. Мамандар айналадағы ауылдарда, облыстарда гендік мутациялары бар балалар туылатынын хабарлайды. Бірақ бұл проблема тікелей полигонның салдары деп кесіп-пішіп айтуға ғалымдардың аузы бармайды. Өйткені қолдарында қажетті мәліметтер жоқ.
Семей медицина университетінің басқарма төрағасының орынбасары Толқын Бөлегенов онкологиялық аурулар саны өскенін растайды.
«Полигонға іргелес жатқан аймақтарда қалқанша безінің қатерлі өспелері және қанның қатерлі ісіктері – гемабластома, лейкоз, лимфома және созылмалы лейкемия Қазақстанның өзге аудандарына қарағанда 10-15 пайызға жиі ұшырасады» деген ол дәл осы дерттер радиацияның ұзақ ықпалы кесірінен туындайтынын білдірді. Сондықтан әрбір оқиға мұқият қадағаланады екен.
Ресми мәліметтер бойынша, қырық жылдай уақыт аралығында шамамен бір миллиондай адам радиация әсеріне душар болған.
Семей полигоны жабылғанда бірнеше мәселе туындады. Ұзақ уақыт бойы ластанған ұлан-ғайыр жерді қалай зарарсыздандыру керек? Семей сынақ полигонын қандай мақсатта пайдалануға болады? Бұл мәселелерді шешу үшін бастапқыда, 1992 жылғы 15 мамырда Н.Назарбаевтың «Ұлттық ядролық орталық және атом қуаты жөніндегі агенттігі туралы» №779 Жарлығымен Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталығы құрылды.
Оның мамандары әртүрлі зерттеулер мен жерді рекультивациялау шараларын жүргізеді. Осы мақсатта беткі уытты топырақ тереңге кетіп, астындағы таза топырақ сыртқа шығуы үшін жер асты-үстіне түсіріле қопарылады.
Ең қауіпті жерлер «Қауіпсіздік аймағында»
2008 жылдан бері полигон аумағында кешенді радиоэкологиялық зерттеулер жүргізілуде. Әрине, бұған қатысты ақпараттың көбі құпия. Қандай мәліметтер мәлім?
– Зерттеулер нәтижесінде радиоактивті ластанудың елеулі учаскелері анықталды. Сондай-ақ радиоактивті заттардың таралуының негізгі жолдары мен тетіктері белгілі болды. Бұл ретте Семей полигоны шекарасынан тыс жерлерде де қоршаған ортада радионуклидтер мөлшерінің деңгейі артқаны байқалуда, – дейді Энергетика министрлігі аталған Тұжырымдамада.
Сол себепті ведомство Семей сынақ полигоны алаңының қолданыстағы шекараларын қайта қарауды, сонымен қатар дәстүрлі салаларды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін «қауіпсіз жерлерді» ауыл шаруашылығы айналымына қайтаруды ұсынады.
Осы міндеттерді шешу мақсатында енді ұлттық заңнама деңгейінде берік құқықтық негіз құрылмақ. Мысалы, жаңа заң жобасында полигон аумағында нақты белгіленген шекаралары бар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» мамандандырылған аймақ құру ұсынылып отыр.
Энергетика министрлігінің дерегінше, мамандандырылған аймақ құрамына полигонның барлық аумағын қосудың еш қажеттілігі жоқ. Сонымен бірге қазір Семей полигоны аумағына кірмейтін, тек оған іргелес жатқан жерлердің бір бөлігі шектен тыс ластануға ұшыраған. Тиісінше, жерді кешенді тексеру қорытындысы бойынша бұл аумақты қайтадан бөліп, соның аясында мамандандырылған аймақтың шекарасы анықталмақ.
Басқаша айтқанда, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағына» полигондағы және одан сырт қалған ең уытты жерлер ғана кіреді. Бұл аймаққа ерекше мәртебе беру «оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оңалту және одан ары дамыту бойынша бірқатар бастаманы іске асыруға мүмкіндік береді». Бұл радиоактивтік ластанудың аймақ шекарасынан тыс жаққа таралу қаупін азайтады.
Компаниялар полигонда не істемек?
Мамандандырылған аймақта қызметтің белгілі бір түрлерін атқаратын ұйымдарға, компанияларға экологиялық, салықтық, экономикалық және өзге де артықшылық-преференциялар берілетін болады.
Сонда компаниялар радиациясы шарықтаған қауіпті аймақта немен айналыса алады? Рұқсат етілетін кәсіптер тізіміне ғылыми зерттеулер жүргізу; қауіпті өнеркәсіптік немесе радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен жұмыс істеу; реакторларды төмен байытылған отынға конверсиялау; жоғары байытылған отынды сұйылту және кәдеге жарату кірмек. Яғни, мейрамхана не базар ашпайтыны белгілі. Тек аймақтың ерекшелігін пайдаға жарату керек.
Тіпті, Семей сынақ алаңының белгілі бір орындарын туристік мақсатта қолдануға болатын көрінеді.
Мұның сыртында, мамандандырылған аймақта ауыл шаруашылығы қызметін жүргізуге, мысалы, мал жайып, егін егуге, халықтың қоныстануына, тұрғын үй құрылысын жүргізуге, балық аулауға, аң аулауға, пайдалы қазбаларды өндіруге тыйым салынбақ.
Заң жобасының тұжырымдамасында байыпталғандай, осы бастамалар бірден бірнеше мәселені шешеді: полигон аумағындағы қазіргі заңсыз қызметтерге тосқауыл қойылады, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмау түйткілінің түйіні тарқатылмақ. Нормативтен тыс ласталған жерлердің азаматтардың қолданысына берілуін тоқтатуға тиіс.
Мамандандырылған аймақтың операторын Үкімет тағайындайды. Оператор Семей полигонындағы радиоактивті қалдықтардың қоймалары мен көму пунктерін салады және пайдаланады; сақтауға қабылданған радиоактивті заттармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді; пайдаланылған ядролық отынды есепке алады және бақылайды; ядролық сынақтар салдарларын жоюмен, объектілерді қауіпсіз деңгейге дейін дезактивациялаумен айналысады деп күтілуде.
1 млн гектарды қолдану мүмкін бе?
Жауапты меморганның мәліметінше, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағын» құру, біріншіден, полигонның радиациялық қауіпті жерлерінің шекарасын нақты анықтап, оған бөгде жұрттың кіруін қатаң шектейді.
Екіншіден, қоршау ішінде қалған, бірақ ластанбаған деп танылған жерлерді «қордағы жер құрамынан» шығару үшін құқықтық негіз жасайды. Нәтижесінде, шамамен 1 млн гектар жер ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік мақсатта қолдануға берілмек.
Үшіншіден, Семей ядролық полигоны аумағындағы бірегей ядролық құрылғылар мен қондырғылар, стратегиялық нысандар ғылыми-техникалық мақсатта пайдаланыла бастайды.
Сондай-ақ жабық полигонға ядролық, радиациялық және физикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шетелдік инвестициялар тартылады деп жоспарлануда.
Тұжырымдамада бұл аймақта радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеуші, сақтаушы, кәдеге жаратушы кәсіпорындар құрылып, оларда жаңа жұмыс орындары ашылатыны айтылған.
Мұның барлығы Қ.Бозымбаев ведомствосының ойлап тапқан жаңалығы емес: бұрынғы ядролық полигон әлеуетін табысты пайдалану үлгілері әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, АҚШ-тың Невада полигонында Американың ұлттық қауіпсіздігі саласында жұмыс істейтін ғалымдар, сонымен қатар ұлттық зертханалар, қорғаныс және барлау ведомстволары арасында кең ынтымақтастық жүзеге асырылуда.
Онда ұлттық қауіпсіздікті қолдау мақсатында көптеген эксперименттік, зерттеу жұмыстары, тренинг-курстар мен оқу-жаттығулар өтеді. Полигон аумағында орналасқан объектілерді басқару Невада ұлттық қауіпсіздік полигонына (NNSS, Nevada National Security Site) жүктелген. Бүгінде NNSS әкімшілігі ай сайын аумақ бойынша құны біршама қымбат тұратын турлар ұйымдастырады: туристерді арнайы автобус бағыты бойынша тасымалдайды. Оларға нағыз сынақ шахталары, өзге планета бетіне ұқсайтын, ядролық зарядтар жарылысынан пайда болған шұңқыр-кратерлер паш етіледі. Оның шетінде қарау алаңдары тұрғызылған. Туристерге дозиметр беріледі.
Туристік қызмет Шыңжаңдағы Қытайдың бұрынғы Лобнор ядролық сынақ полигонының аумағында да дамыған. Қазір ол жаққа барғысы келетін туристер саны үнемі артып келеді. Туристерге құрғап қалған Лобнор көліне, бұрын қытайлық бас қолбасшылар ядролық бомбаны жару туралы бұйрық берген әскери бункерлерге, сондай-ақ ҚХР ядролық сынақ бағдарламасына арналған жергілікті музейге бару мүмкіндігі беріледі.
Елдос СЕНБАЙ