Алматыда апатты мектептер жойылады

Алматыда апатты мектептер жойылады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мегаполисте «Шетсіз қала» қағидатын ескере отырып, қалада сапалы және қолжетімді білім беру қызметтерін ұсыну бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Орта білім беру саласында апатты мектептерді жою мен үш ауысымды оқуды болдырмау мәселесі ерекше бақылауда. Мысалы, Түрксіб ауданындағы 1939 жылы салынған №59 мектеп-гимназия апаттық жағдайда деп танылған. Қазір қолданыстағы ғимаратты қайта салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылы басталады. Алатау ауданындағы №196 жалпы білім беретін мектепте оқушылар саны артқаны атап өтілді.

«Қазір қашықтан оқу кезінде бұл мәселе айтарлықтай өзекті болып тұрған жоқ, алайда мектептің жұмысы штаттық режимде қайта басталғанда үш ауысымда оқу жоққа шығарылмайды. Сондықтан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында осы мектептің орнына 2021 жылы 1500 орындық жаңа мектеп салынады», – деп хабарлады Л.Жылқыбаева.

Сонымен қатар, аудандар бөлінісінде жүргізілген талдау кейбір жағдайларда орын тапшылығы жасанды түрде туындап отырғанын көрсетті. Басқарманың мәліметінше, ата-аналар балаларын гимназияға беруді жөн көретіні және жалпы білім беретін мектептерде орын профициті пайда болу мысалдары бар. Осыған байланысты аудан басшыларының жұмысын күшейту бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда қалада 276 мектеп жұмыс істейді, онда 288 мыңнан астам бала оқиды. Пандемияға қарамастан, контингент 12 мың балаға артты, оның ішінде 1-ші сыныпқа 27 мыңнан астам бала қабылданды.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша осы мәселені кезең-кезеңмен шешу үшін 2025 жылға дейінгі білім беру нысандарын үдемелі салу бағдарламасы әзірленді», – деп атап өтті ол.

Алғашқы жаңа білім беру нысандарын 2021-2022 оқу жылының басында пайдалануға беру және сол арқылы мектептердегі орын тапшылығын 73%-ға төмендету жоспарлануда.