Келесі жылдан бастап оқушылар «Әліппемен» оқи бастайды. Ал қайта оралған «Әліппе» кирилл қарпінде шықпақ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай дейді.
«Біздің алдымызда тұрған мақсат – осы «Әліппемізді» ертерек оқу бағдарламасына кіргізу. Латын әліпбиі бойынша тиісті шешім қабылданды, бұл шешім бойынша латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең-кезеңімен өтетін болады. Ал бізге келесі жылдан бастап, «Әліппемен» оқи бастау керек. Сондықтан келесі жылы қабылданып, енгізілетін «Әліппе» кирилл қарпінде болады. Одан кейін мектептерде кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу жұмысы басталғанда, әрине «Әліппені» де латын қарпіне көшіреміз. Бұл жалпы қиын шаруа емес. Ең бастысы, оқулықтың мазмұны», – дейді министр. Тамыз айында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптарға 1-2 тоқсан «Әліппе», 3-4 тоқсан «Ана тілі» енгізілетінін айтқан еді. «Әліппені» енгізу 2021-2022 оқу жылына жоспарланып отыр.Ж.НҰРЛАН