Ресей газы Қазақстан үшін тиімді ме?
Ресей газы Қазақстан үшін тиімді ме?
277
оқылды

Еліміздің шығыс өңірін газ­­бен қамту үшін Ресейдің «Сила Сибири – 2» газ құбыры жобасына қатысу мәселесі қарас­тырылып жатыр. Бұл әңгіме Парламент Сенатында 2020-2022 жылдарға ар­налған бюджетті талқылау ке­зінде ай­­тылды. Үкімет бас­шысы Асқар Мамин сена­торлардың сұрағына жауап бе­ре келе: «Шығыс Қа­зақстан облысында қазіргі уа­­қытта белгілі бір аудан­дар­­­ды газбен қамтамасыз етіп отыр­ған шағындау кен ор­­ны бар. Де­генмен өңірдегі эко­­логия­лық ахуалды ес­кере оты­­рып, толық­тай газ­дан­­­дыру­ды қарастырып отыр­­мыз. Келешекте жүзеге асы­ры­латын «Сила Сибири – 2« жо­ба­сына қатысу нұсқасын қарастырып жатырмыз. Мұн­дай жоба бар, қазір талқылану үстінде», – деді.

Премьер-Министрдің ай­туынша, ел үкіметі Ресейге газ құбырын Қазақстан аумағы арқы­лы өткізуді ұсынған. «Қазіргі уа­қытта «Сила Сибири – 2» жобасы ар­қылы өтетін газ бағасын келісіп жатырмыз. Ресейлік тарапқа Қытай нарығына шығатын құбырды Қазақстан аумағы арқылы өткізуді ұсындық», – деді ол.

А.Мамин сонымен қатар Се­мей мен Өскемен қалаларын Барнауыл­дың газ тарату жүйесіне қосу нұсқасы да қарастырылып отырғандығын айтты. «Бұл екі жоба бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың І тоқсанында бізде нақты түсі­нік болады. Содан кейін депутат­тық корпусты қандай ше­шім қа­былданғандығы туралы хабарлан­дырамыз», – деді А.Мамин.

Ресейдің Қытайға көгілдір отын жеткізетін «Сила Сибири – 2» газ жобасының нақты қай уақытта іске қосылатыны белгісіз. Себебі одан бұрын қолға алынған тағы бір жоба – «Сила Сибири» құбыры күні кеше ғана, 2 желтоқсан күні пай­далануға берілді. РФ президенті Владимир Путин мен ҚХР төра­ғасы Си Цзиньпин телекөпір режи­мінде жобаны ресми ашып берді. Ресейдің Чаяндинский кен ор­ны­нан Қытайдың шекарасына дейін 2 200 шақырымға созылған құбырдың экспорттық мүмкіндігі 2025 жылы жылына 38 млрд тек­ше метрге жетеді делінген. Әзірге жылына 5 млрд текше метр көле­мін жет­кізеді. Жобаның екінші ке­зеңін­де Иркутский облысындағы Ковык­тинский кен орнынан Якутия жеріндегі Чаян­динский кен орнына дейін 800 ша­қырымдық тағы бір құбыр тартылады. Яғни, болашақта «Сила Сибири» газ құбырының жал­пы ұзындығы 3 000 шақырымды құрамақ.

Ал Қазақстан үкіметі қарас­тырып отырған «Сила Сибири – 2» газ құ­быры Батыс Сібірдегі газ кеніште­рінен жылына 30 млрд текше метр газ жеткізеді деп кү­тіліп отыр. Әуел­гіде «Алтай» жо­басы атанып, кейін­нен «Сила Сибири – 2» деген атау беріл­ген жобаны жүргізудің өзі Мәскеу­дің бюджетіне бірталай шығынға түспек. Өйткені Сібір өлкесіндегі халықтың тығыздығы мен газ тұ­тынуға деген әлеуеті анау айт­қандай үлкен емес. Құбырды Қы­тай шекарасына жеткізгенге дейінгі қашықтықта газды жол­шыбай тұтыну көрсеткіші жылына есептегенде 4 млрд текше метрдің төңірегінде ғана. Бұл – «Газпром» компаниясы үшін өте аз көрсеткіш. Сондықтан негізгі үміт тек Қы­тай нарығында жатыр. Кейбір дерек­терде 2035 жылға қарай ҚХР-дың газ тұтыну көрсеткіші 80-100 млрд текше метрге жететіні айтылады.

Әйтсе де, Қытай үшін басты мәселе газ бағасын төмендету. Не­гізгі импорт көлемін Түркіменстан­ның арзан газымен толтырып отырған ҚХР Ресей ұсынған бағаға газ сатып алуға асыға қоймайды. Әбден пісіріп, өзіне ыңғайлы ба­ғаға келіскен кезде барып келісімін беретіні анық. Мә­селен, күні ке­ше ашылған «Сила Сибири» құбырымен газ жеткізу келісімі 2014 жылы жасалғанымен, нақты нәтижеге бес жыл уақыт кетті. Бұл тұрғыда «Сила Сибири – 2» жоба­сының қашан іске қосы­луын тап басып айту қиын. Ресми Бей­жің дәл қазір батыстың санкция қыспа­ғында отырған Ресейдің газ экс­порты құнын түсіре түскенін қалай­ды.

Айтқандай, Ресейдің «Сила Сибири – 2» газ жобасына Моң­ғо­лия мемлекеті де «құда түсіп» отыр­ғаны белгілі. Моңғолия үкіметі қыркүйек айында аталған құбырды өз территориясы арқылы өткізуді сұрап, ұсыныс тастады. Мәскеу бұл ұсынысқа нақты келісім бер­генін ресми айтпағанымен, Кремльден «бұл ұсынысты әлі де қарастырамыз» деген емексіткен жауаптар БАҚ-та жарияланды. Дегенмен Моң­ғолия тарапынан түс­кен ұсыныс экономикалық тұр­ғыда аса маңызға ие деп айту қиын. Себебі ол ел­дің тұтыну на­рығы үлкен емес, халқы­ның саны 3 миллионның айналы­сын­дағы мемлекеттің тұтыну көр­сеткіші 3 – 3,5 млрд текше метрдің төңірегінде ғана. Оның үстіне жері үлкен Моңғолиядан халық ша­шырай орналасқандықтан, газ тарту шығынды ақтауы қиын.

Сондықтан Мәскеу тарапы Моңғолиядан бұрын Қазақстан ұсынысын қарастыратыны сөзсіз. Біріншіден, Қазақстан Ресей үшін бір ЕАЭО-тағы ел. Екіншіден, газ құбырын Қазақстанның ыңғайына қарай жүргізсе, жол бойында жаңа нарық табады. Бір ғана Шығыс Қазақстандағы ірі кәсіпорындарды қоспағанда 1 млн 379 мың (2018) тұрғын тұтыну нарығын білдіреді. Одан бөлек, жалғыз ШҚО емес, газ құбыры тартылса Павлодар облысы мен Алматы облысының бірнеше ауданы тұтыну ауқымын кеңейте түсері анық.

Десе де, ел үкіметі қарастырып отыр­ған екі нұсқа Барнауылдың газ та­рату жүйесі арқылы Өскемен мен Семей қалаларын көгілдір отын­­ға қосу мен «Сила Сибири – 2» газ құбырына қосылудың қай­­сысы тиімді болатыны келесі жылы анық­талады. Қазақстанның ұсы­нысына Кремльдің қандай шарт қоятыны да сол уақытта мәлім болмақ.