Зейнетке шығудың тәртібі қандай?
Зейнетке шығудың тәртібі қандай?
957
оқылды
Тұрғындар жасы ұзарған сайын елдегі жұмыс күші кеміп, бұл жағдай еңбек қабілетіне әсер етеді деген түсінік бар. Өмір сүру ұзақтығы жағынан алдыңғы қатардағы Жапония еліндегі зейнетақы жүйесі жоғарыдағы түсінікті жоққа шығаратындай. Себебі қарттық кезеңге келсе де мемлекетке пайда келтіруге болатынын жапондық қариялар дәлелдеді. Бірақ «ағаштың екі ұшы бары» сынды мәселенің көлеңкелі тұсын ел билігі жасырмайды. Статистикадан бұл елде туу көрсеткіші жыл сайын кеміп қартайған кісілердің жасы артқанын көруге болады. Осыдан кейін елдің экономикасына «салмақ» түседі.  Мысалы, зейнетақы мен медициналық сақтандыруға бөлінетін субсидия көлемі артады. Елдегі салық төлеушілер саны кемиді. 2019 жылы Жапонияның медицина саласына бөлген қаражаты 43,1 триллион иенаны (41 миллиард доллар) құраса, соның жартысынан астамы 65 жастан асқан адамдарға медициналық қызметке жұмсалған екен. Десе де Жапония билігі елдегі өмір сүру сапасының өзгеру тенденциясын байқап, егде жастағы адамдарға көбірек жұмыс істеуге немесе жаңа қызметке орналасуға мүмкіндік береді. Жапонияда жалпы халық саны 126 миллион, соның 35 миллионы немесе 28,1%-дан астамы 65 жастан асқан адамдар. Бұл елде зейнеткерлер саны жалпы жұмыс күшінің 12,8% құрайды. Қартайған кезде жұмыс істеуге дайын адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Сөйтіп мемлекет салық төлеу арқылы бюджетті толтырудың жолдарын қарастырады. Мысалы, жастардың жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыру үшін кәсіпорындарда 60-65 жастан асқан кісілерді штаттан тыс жұмысқа орналастыру мәселесі жолға қойылған. Айлық көлемі шаттағыдай болмаса да, 60-65 жастан асқан қызметкерлер зейнетақымен қоса, қосымша табыс алады. Зейнетақы (1)

Қазақстанда зейнет жасы төмендей ме?

Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнетке шығу жасы – 63, әйелдер үшін – 59,5. 2018 жылдың қаңтарынан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ. Олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады. Зейнетақы (5) Десе де, заңға сәйкес кейбір әйелдердің зейнет жасы өзгермейді. Олардың ішінде көпбалалы аналар және Семей ядролық полигонында тұрған әйелдер бар. Зейнетақы (11) Бала күтімімен үйде отырған анаға зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі есептеледі. Яғни, әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыт есептеледі. Сонымен қатар, азаматтар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда зейнетақы аннуитетіне (зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зейнетке шығу) құқықты пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті 55 жастағы ерлер үшін, әйелдер үшін – 51,5 жаста белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 50 жастан бастап пайдалана алады. Зейнетақы (2) Сондай-ақ, зейнетақы жинағын азаматтар 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған жағдайда зейнетақы төлемдері түрінде алады. Қордан төленетін зейнетақы төлемдері Заң бойынша белгіленген кестеге сай ай сайын жүзеге асырылады. Егер зейнетақы жинағының мөлшері 12 еселенген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, 1 және 2 топтағы мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған тұлға зейнетақы жинағын бірден алуға құқылы. 2020 жылы бұл сома 485 292 теңгеге тең. Зейнетақы (3) Айта кетерлігі, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңгені, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43 272 теңгені құрайды. Елімізде 2 млннан астам зейнеткер бар. Еліміздегі орташа зейнетақы көлемі – 90 502 теңге. Ал ай сайынғы ең жоғарғы зейнетақы 506 980 теңгені құрайды екен. Зейнетақы (4)

Мемлекеттік шығындар үнемделсе...

Қазақстанда зейнет жасын төмендетуге қатысты мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді. COVID-19 пандемиясы кезінде алдымен егде жастағы кісілердің денсаулығы сыр берді. Зейнетақысына жетпей өмірден озғандары қаншама. Бұл жағдайдан кейін зейнетақы жасын азайту турасында депутаттық сауал жолданды. Бірақ Үкімет алдағы уақытта зейнет жасын төмендету қарастырылмағанын айтты. Мамандар оның себебін былай түсіндіреді:   Зейнетақы (6)
«Біздің елде зейнетке шыққаннан кейін де зейнеткерлер жұмыс істейді. Өйткені бір зейнетақыға күн көру мүмкін емес. Статистика бойынша біздегі төменгі зейнетақы алатындардың үлесі 67 %-ды құрайды. Зейнетке шыққаннан кейінгі орташа өмір сүру жасы 70 жас. Еуропа елдерінде 90 жас екені белгілі. Осы тұрғыдан зейнетке ерте шығару керек деген ой туындайды. Мемлекет қазіргі экономикалық жағдайды ескеріп зейнет жасын ұзарту арқылы үнемдеуге басымдық беріп отыр. Бірақ халықтық төлемдерден бөлек, мемлекеттің өз ішкі шығындарын азайтуға болар еді. Мысалы, жергілікті бюджетке бөлінген қаражат, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын түрлі керегі шамалы жобалар бар. Үнемдеуді осы тұстан бастау керек. Ал қазіргі уақытта халықтың жағдайы қиындап барады. Мемлекет керісінше халыққа қолдау көрсету қажет. Зейнеткерлердің басым бөлігі төменгі деңгейдегі зейнетақы алады. Ал шығындары көп. Зейнетақы қоры тиімді жұмыс істеп жатыр ма? деген сұраққа ешкім басын қатырмайды. Оның жұмысы тек құнды қағаздармен шектелмей, айналымдағы қаражатты тиімді табыс көлемі мол экономикалық жобаларға  жұмсау керек. Қанша жыл қорға қыруар қаражат құйсақ та, мемлекеттің қосқан жарнасы өте аз, − дейді экономист Мақсат Сералы.  
Белгілі болғандай, 2020 жылдың 11 айында қор салымшыларына 1,1 триллион теңге инвестициялық пайда түскен. Қорға жиналған ақшаның 30 пайыздан астамы басқа шетел валюталарында, шетелдік құнды қағаздарға орналастырылған. 1998 жылы зейнетақы қоры жүйесі құрылды. Сол кезден бүгінге дейін 5,5 триллион теңге инвестициялық пайда түсіпті. Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, әлі күнге дейін ауыр жұмыстағы қызметкерлерді зейнетке ерте шығару мәселесі оң шешім тапқан жоқ. Зейнетақы
«Зейнет жасын ұзартудағы мақсат бюджет қаражатын үнемдеу. Біздегі орташа өмір сүру ұзақтығын есепке алып айтар болсақ, ер азаматтарымыз зейнет жасына жеткеннен кейін көп уақыт өмір сүрмейді. Осы мәселе ескерілуі керек. Бұған қоса, кейбір салалардың күрделігіне байланысты қызметкерлерді ертерек зейнетке шығару мәселесі қарастырылмаған. Ауыр жұмыс істеген кісінің денсаулық жағдайы ескерілуі тиіс. Мысалы, тау кен өндірісі саласында, түрлі зауыттарда, ауыршаруашылығы саласында жұмыс істейтін кісілерге жеңілдік берілуі керек. Бізде осы мәселені зерттеп жатқан ешкім жоқ, − дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Зейнетақы қорында үш түрлі шот ашуға болады

Зейнетақы қорында үш түрлі шот ашуға болады. БЖЗҚ шоты туралы ақпаратты тек әр адамның өзі білгені дұрыс. Біріншісі - міндетті зейнетақы шоты. Бұл қазіргі күнде автоматты түрде ашылады. Ең бірінші төлем түскен кезде, яғни жұмыс беруші жарнаны жіберген кезде құжаттарда көрсетілген деректемелер бойынша азаматтарға зейнетақы шотын ашып, кейін әрі қарай осы шот бойынша есеп жүргізіледі. Екіншісі - міндетті кәсіптік зейнетақы шоты. Мұндай шот денсаулыққа зиян қызметтерді атқаратын азаматтар үшін ашылады. Мұндай мекемелерді Үкімет белгілейді. Әрине, азаматтар өзінің жұмыс берушісімен бірге зейнетақы қорына келіп, шот ашып, болашақта өз шотына ақша жинай алады. Үшіншісі - ерікті зейнетақы шоты. Бұл шотты азаматтар өзінің цифрлық қолтаңбасын қолдану арқылы ашады. Онда қаражатты жұмыс беруші арқылы жинауға, туған-туыстары қосылып бірге ақша салып отыруына болады.