Нарықтағы баға туралы ресми статистиканы жалған санайтын дауыстар қайтадан шығуда. Бұған дейін мұндай пікірді депутаттар да айтқан екен. Енді блогерлер мен қайраткерлер көтеруде. Бұған Ұлттық экономика министрлігінің инфляцияны есептеуде ұнның әр келісінің бағасын 186 теңге деп белгілеуі түрткі болды.
Биыл азық-түлік құнының басқа шауып, төске өрлегені Үкіметте де ашық айтылды. Ал қымбатшылық қысып, бұқара тарыққанда елді «ас атасы» асырайды. Қара нанға қарап қалған жұртшылық оның шикізатының бағасы да шарықтап бара жатқанына назар аудартады.
«Былтыр 4 мың теңге тұрған бір қап ұн қазір 8 мың теңгеге сатылуда. Бірақ соған қарамастан, екі-үш қабын алып қояйын деп отырмын. Әйтпесе, алда 12 мың теңгеге дейін жетеді деп жатыр. Ал жалақының бір теңгеге де көтерілмегенін ешкім пысқырмайды», – деп қынжылысын ғаламторда білдіреді Жәнібек Көпжасар есімді азамат.
Қоғам белсендісі Марат Әбдірахманов еліміздің бас экономисіне жүгінді:
«Құрметті Дәленов мырза! Өздеріңізге қарасты Статистика комитетінің елдегі бағаларды тіркеу жұмысы жөнінде ақпарат ұсыныңыз. Өйткені ол елдегі бағалар мен тарифтер туралы қасақана жалған мәліметтер жариялауда. Бұл инфляцияны, төменгі әлеуметтік стандарттарды есептеуге кері ықпал етеді. Статкомитеттің ұн бағасы 186 теңге деген ақпараты нақты инфляцияға сай келмейді», – дейді М.Әбдірахманов.
Ол төмен бекітілген бағамен сататын, алайда айына бір күн ғана жұмыс істейтін әкімдіктің дүкенін жағалай бермей, базар мен супермаркеттердегі азық-түліктің бөлшек бағасын назарға алу керегін министрдің қаперіне салды.
Мұндай айыптауларға жас министр наразы. Оның айтуынша, Статистика комитеті ай сайын үш мегаполисте және барлық облыс орталығында сауда орындарын аралап, тауарлар мен қызметтер бағаларына жалпымемлекеттік статистикалық бақылау жүргізеді. Оның нәтижесінде, инфляция деңгейін әрі белгілі бір тауар түрінің орташа бағасын көрсететін тұтынушылық бағалар индексі түзіледі.
– Баға туралы ақпарат жинау барысында мамандарымыз әрбір елді мекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан супермаркеттерге, мамандандырылған дүкендерге, базарға барады. Өнім түрі бойынша орташа баға отандық және шетелдік сантүрлі сауда маркасына қойылған 6-10 баға негізінде қалыптастырылады. Ұнның бір келісінің 186 теңге деген бағасы – орташа республикалық шама. Мәселен, Нұр-Сұлтанда жоғары сұрыпты ұн келісі – 225, Ақтауда – 205, Павлодарда – 130, Семейде – 138 теңге тұрады, – дейді министр Руслан Дәленов.
Министрдің дерегінше, өткен жылдың қазанынан бергі бір жыл ішінде жоғары сұрыптағы ұн 21,4%-ға қымбаттап шыға келген. Осылайша, жалпы инфляциядағы үлесі 0,10 пайызға жетіпті. Бірінші сұрыпты ұн бағасы 25,2%-ға көтерілген, қымбатшылыққа қосқан үлесі 0,04 пайыз.
Ұлттық экономика министрі статистикалық есептемелердің дәлдігіне күмән келтірмейді: бірнеше рет қайта тексеріледі екен. Бірақ баға түспесе, қымбатшылық туралы құрғақ сан қарын тойдырмайды.