Дрондар «билік жүргізген» жыл
Дрондар «билік жүргізген» жыл
241
оқылды

Жуырда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Қарулы Күштерінің 2013 жылдан бері пилотсыз ұшатын құ­рылғыларды қолдана бастағанын айтты. Қазақстан армиясы барлау бөлімдерін осы құралмен жарақтандырып, түрлі жаттығулар да өткізіпті. Мамандар да даярлап жатса керек. Ал қоғам әлі де болса түріктің BayraktarTB2 дрондарының Таулы Қарабақтағы «өнеріне» тамсанумен келеді. Дегенмен 2020 жылдың ең басты қаруына айналған пилотсыз ұшатын құралдар шынымен мінсіз бе, олар қандай жағдайда қолданылды, біз осы сауалдардың астарына үңіліп көрдік.

102 мемлекетте дрон пайдаланады

2020 жылды шартты түрде «дрон жылы» деуге болатын сыңай­лы. Жыл бастала бергенде, 3 қаңтар күні АҚШ әскерилері пилотсыз ұшатын құралдан атқан зымыран арқылы Иранның «Ислам төңкерісі сақшылары» корпусының коман­дирі, генерал Касем Сулейманиді өлтірді. Одан кейін ақпан мен наурызда, тіпті сәуірге дейін тү­ріктер осынау заманауи құралдың ұрыс жағ­дайында тиімді екенін бірнеше мәрте көрсетті. Түрік әскерлері Сирияда BayraktarTB2 және Anka S дрондарының «үйірін» тиімді пайдаланғаны сонша, «орыс қаруы» делінетін мифке алғашқы соққы берілгендей болды. Соны­мен қатар пилотсыз ұшатын құ­ралдар арқылы Түркия әскері Ливиядағы генерал Халифа Хаф­тардың күш­теріне соққы жасады. Бұл ұрыс­тарда ең алдымен ресей­лік «Панцир С1» зениттік зы­мыран кешен­дерінің ондаған данасы қира­тылғаны айтылады. Кейін Түркия мен Израильден сатып алған дрон­дар арқылы Әзер­байжан армиясы Таулы Қа­рабақта қар­сыластарына бас көтертпеді. Әлеу­меттік желі­лерде пилотсыз ұшатын қондыр­ғы­лардың соққысы тү­сірілген видео­лар күнде тарап жат­ты. Бұқара соғысты компьютер ойынындағы бейнелер деңгейінде қабылдаған сыңайлы. Таулы Қа­рабақта әскери дрондар аты­шулы С-300 зениттік зымыран кешенін де талқандаған. Одан бөлек кеңестік және ресей­лік моди­фикациядағы өзге де зе­ниттік кешендерді жойған еді. Сөйтіп, қоғамға әскери дрондар­дың тең­дессіз қару екені жайлы түсінік қалыптасып үлгерді. Тіпті, әскери дрондар нарығында Түр­кия көш бастап тұрғандай түсінік те пайда болды. Әлеуметтік желі­лерден «Қа­зақстан армиясында да бірнеше BayraktarTB2 болса ғой» деп ар­мандаған жазбаларды кө­зіміз шалды. Пилотсыз ұшатын құрал­дарға қарсы тұрар күш жоқ дегенге саятын пікірлер де қа­лып­тасты. Бірақ оларды басқа­рудың бірнеше түрі бар екені, дрондарды атып түсірумен қатар, мықты ра­дио­электронды қор­ғаныс құрал­дары арқылы оларды «арқандауға», яғни қондырып алуға болатынына назар аудар­ғандар сирек. Шамасы түрік пен израилдік дрондар Тау­лы Қара­бақта әйгілі «Катюша» тә­різді бе­делге ие болған сыңайлы. Екінші дүниежүзілік соғыс тағ­дырын БМ-13 «Катюша» дүр­кіндетіп ататын реактивті қон­дырғы шешкендей сыңайдағы әң­гіме бертінге дейін ел арасында жүретін. Дрондарға қа­тысты да сондай түсінік қа­­­лып­тасты. Іс жүзінде Ливияда да, Сирияда да, Таулы Қарабақта да ұрыс тағды­рын білікті мамандар мен түрлі техниканың үйлесімді жұмысы шешкен еді. Ал әлемде 102 мем­лекетте әскери мақсатта қолда­ны­латын пилотсыз ұшатын құрал бар. Олардың 36-сында дрондар шабуылдауға, әуеден соққы беруге қабілетті.

 АҚШ-та 11 мың дрон бар

Негізі, пилотсыз ұшатын құ­рал­дарды ұрыста алғаш рет Из­раиль мемлекеті шынайы ұрыс жағ­дайында қолданды. 1973 жыл­ғы араб-израиль соғысында Из­раиль әскерлері алғаш рет дрон пай­даланған. Бірақ тым тиімді бола қоймаса керек, кейін оларды қолдануды доғарды. Дегенмен бұл қаруды дамыта түсуден бас тарт­қан жоқ. 1982 жылдан бастап Тель-Авив әскери дрондарды бар­лау мақ­сатында ұдайы пайдаланып келеді. Демек, пилотсыз ұшатын құралдар ХХІ ғасырдың жаңалығы емес. Тек ғылым мен техниканың дамуына байланысты жетіліп, өзін жаңа қырынан танытқан құрал ғана. Кейін израилдіктердің дрон­дарды пайдалану тәжірибесін АҚШ әскерилері қабылдады да, бұл қаруды тіптен жетілдірді. Аме­рикалықтар шабуылдаушы дрон­дарды алғаш рет 2001 жылы қолданды. Қазір АҚШ армия­сында 11 мыңнан астам пилотсыз ұшатын құрал бар. Олардың көбі барлау мақсатында қолда­ныл­ғанымен әуеден соққы жасауға арналған дрондар да аз емес. 2015 жылға дейін әскери дрон жасауда әлемде бірінші орында тұрған Израиль позициясынан айы­рылып, алға АҚШ-ты шығаруға мәжбүр болған. Америкалықтар бүгінде дыбыстан жылдам ұшатын дрондар жасауға ұмтылуда. Со­нымен қатар жасанды зейін ор­натылған дрондар құ­растыру ісіне де ерекше көңіл бөлген. Әрі бұл техникаға арналған қаражаты да қомақты. Айталық, 2019 жылы АҚШ қарулы күштері 9,39 млрд долларды тек пилотсыз ұшатын құрылғылар сатып алуға бағыт­тады. Пентагон ірі пилотсыз ұша­тын құралдармен қатар шағын квадрокоптерлерді де көптеп сатып алыпты. Сөйтіп, армияның барлық бөлімшесін осы тех­ни­камен жа­рақтандырып жатыр. Ал Израиль дрондарды экспорт­тау­мен де айналысып келеді. Былтыр из­раильдіктердің қару-жарақ экс­портынан түскен табысының 10 пайызын дрон сатудан түскен пайда құраған. Таулы Қарабақта Әзербайжан әскері қолданған «ка­миказде-дрондар» да, тағы бірнеше шабуылдаушы дрондар да осы Израиль өнімі. Яғни, Тель-Авив әскери дрондарды тек қор­ғаныс құралы ғана емес, тәуір та­быс көзі ретінде өндіріп жатыр. Әрі Израиль дрон жасауға маман­данған бірлескен зауыттарды әлем­нің бірнеше елінде ашты. Тіп­ті, Түркияның пилотсыз ұша­тын құрал өндірісінің бас­тауында да осы израилдіктер тұр. Ал ли­цензия бойынша израильдік кей­бір әскери дрондарды құрас­­тыратын зауыттар Испанияда, Ресейде, Әзербайжанда бар. Қа­зақстан да израилдік Elbit Systems компаниясымен бірлесіп, дрон жасауға келіскен. Бірақ әзір­ге ондай құрал жасала қоймады. дрон

Түріктер үшінші орында

Әскери дрон жасау ісінде үшін­ші орында Түркия тұр. Түрік­тер жасаған техникалар дәл амер­икалы­­­­қтардың құралдарындай тым жетілдірілмесе де, BayraktarTB2, Anka S, Akıncı тәрізді құ­ралдардың бір артықшылығы бар. Ол – бағасының арзандығы. Со­нымен қатар түріктер бірқатар дронды жер серігі арқылы басқаруға қол жеткізді. Өйткені Түркияның Göktürk -1 және 2 де­лінетін екі әскери жер серігі бар. Анкара аталған ғарыш аппарат­тарының игілігін көріп отыр. Тү­ріктер дрондарын Катар, Тунис, Украина, Әзербайжан елдеріне сатты. Сонымен қатар Сербия, Мысыр, Сауд Арабиясы мен Пәкістан да бұл құралдарды сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Анкара әдетте BayraktarTB2 дрон­дарын сатады. Ал әскери дрон өндірісіне белсене кірісіп, АҚШ-тан қалып қоймау үшін жанта­ласып жатқан Қытай бүгінде бұл салада төртінші орынға тұрақ­тапты. Қытай әскерилері дрон­дарды көбіне америкалық үлгіге ұқсатып жасауға құмар екені байқалады. Алайда Қытай дрон­дарының нақты қуаты, мүмкіндігі жайлы деректер аз. Өйткені 2015 жылдан кейін шабуылдаушы дрон­дарды экспорттауға тыйым салынғаны жайлы мәлімет бар. Бірақ Қазақстан Қарулы Күш­терінде қытайлық WingLoong дронының екі данасы бар екенін ескерсек, экспорт тыйымы жайлы шешім 2015 жылы емес, одан кейін қабылданған сыңайды. Өйткені Қазақстан армиясынның 2015 жылғы әскери шеруінде мұндай қару көрсетілмесе, 2017 жылғы шеруде WingLoong-ты тиеген көлік елорда көшесімен жүріп өтті. Демек, отандық әскерилер 2016 жылы өткен KADEX-2016 көр­месінен кейін WingLoong-тарды сатып алуға келіскен сыңайлы. Қалай бол­ғанда да, біздің Қарулы Күш­те­рімізде қытайлық бар­лаушы-шабуыл­даушы дрон бар. Олардың әскери тиімділігі жайлы мәлімет аз. Дегенмен қытайлық дрондар алғаш рет 2015 жылы әскери қақ­тығыстарда қолда­нылғаны жайлы мәлімет кездеседі.

Қазақстан да көштен қалғысы келмейді

Сөз басында Қазақстан ар­миясының да пилотсыз ұшатын құралдарды пайдалануға кіріс­кенін айттық. Министр Н.Ер­мекбаев 2013 жылдан бері әскер­леріміздің барлаушы дрон­дар қолданып жүргенін айтты. Қарулы Күштер Бас штабының мәлімет­теріне қарағанда, бар­лау­шы дрон­дарды түрлі оқу-жатты­ғуларда қолданып келе жатырмыз. Арыс­тағы жа­рылыс кезінде де осы дрон­дардың көмегіне сүйендік. Сонымен қатар пандемия кезінде блок-бекеттерді күзетуге де қол­данылды. Қазір қазақ әскерилері дрондарды жер серіктері арқылы басқару мәселесін қарастырып жатыр. Алайда біздің білуімізше, Қазақстанда екі түрлі әскери дрон ғана бар. Біреуі қытайлық WingLoong болса, екінші түрі SkyLark немесе «Бозторғай» дейтін дрон­дар. Қытайлық аппарат барлау жасаумен қатар шабуылдауға да қабілетті. WingLoong-қа «әуе-жер» сипа­тындағы зымырандар орна­туға да болады. Ал «Боз­тор­ғайлар» барлауға ғана қолданылады. Бұ­ларды израилдік Silver Arrow фирмасы жасайды. Бұл компания Elbit Systems компаниясының еншілес кәсіпорны. Дегенмен әскери дрондар дамыған сайын оған қарсы қолданылатын құрал­дардың да жетіле түсетінін ескеру керек. Сондықтан аяқталып келе жатқан жылда жұрт назарын ау­дарған техниканың мүлдем жаңа үлгілері пайда болуы мүмкін.

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ