«Бюджет мол – мәселе сол» атты байқаудың қорытындысы шықты. Жеңімпаздары:
І орын (300 000 теңге) – «Құрақ көрпе» жұмысы, авторы – Қайрат Жәйірбек (Нұр-Cұлтан); ІІ орын (200 000 теңге) – «ЛРТ-стоунхендж» жұмысы, авторы – Талғат Жеңісұлы (Талдықорған); ІІІ орын (100 000 теңге) – «Бюджетті басқару» жұмысы, авторы – Мұрат Ділманов (Алматы) ІІІ орын (100 000 теңге) – «Ақбұлақ 2011-2020» жұмысы, авторы – Павел Уколов (Семей); ІІІ орын (100 000 теңге) – «ЛРТ: көзден бұлбұл ұшты» жұмысы, авторы – Әділ Закенов (Алматы). «Сорос-Қазақстан» қорының «Ашықтық және есептілік» бағдарламасы азаматтық қоғамның қалыптасуына, ондағы мемлекеттік бюджет мәселесінің ашық әрі есепті болуына зор маңыз береді. Осы тақырыпты қалың бұқараға кеңінен түсіндіруге, насихаттауға һәм онымен байланысты өзекті проблемаларды көтеруге мүдделі жобаларды үнемі қолдаймыз. Біздің серіктесіміз – «Медиа орда» қоғамдық қоры осы есеп-қисапқа толы әрі қаржы-қаражат төңірегіндегі проблемаларды шығармашылық тілмен сөйлетіп көру туралы тың идея ұсынған болатын, біз қолдадық», – деді «Сорос-Қазақстан» қорының үйлестірушісі Асқар Көшкінбаев. Ұйымдастырушылар осы байқау аясында «Қылқалам ұшындағы шынайы қоғам» атты еркін тақырыпқа жұмыстар қабылданды. Бұл тақырып бойынша кәсіби карикатурист Берік Шадығалидің (Орал қаласы) жұмыстары үздік деп танылды. Ол 100 000 теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, карикатурашыларға ынталандыру сертификаттары берілді: 7 жұмыс – 50 000 теңгелік, 5 жұмыс – 20 000 теңгелік сыйлық алды. Бұл байқауға жиналған үздік суреттер көрерменсіз қалмайды. Ұйымдастырушылар «Бюджет мол – мәселе сол» атты альбом-жинақ шығаруды, сондай-ақ, конкурсқа келген өнер туындыларын онлайн кеңістікте кеңінен тарату мақсатында лонгрид форматында деректі-мақала ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Aiqyn республикалық қоғамдық-саяси газетінің «Ара» сатиралық қосымшасымен серіктесіп, аталмыш басылымға үздік сурет сериясы жарияланбақ. Сонымен, қаржы мол – қарпитын сол. Олар кімдер? Білгіңіз келе ме? Карикатураға көз салыңыз.