Жаңадан салынған жолдардың сапасын кім бақылайды?
Жаңадан салынған жолдардың сапасын кім бақылайды?
329
оқылды

Түркістан облысындағы Төлеби ауданына қарасты жолдардың сапасы төмен болып шықты. Атап айтқанда, асфальт-бетон жамылғысында жол төсемінің тегістігі сапасыз, жол жиектері үгітіліп, жол төсемінің қосылған жерлерінде біркелкілік жоқ екендігі анықталған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мәлім етті.

 «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің  «Сапалы жол - Адалдық алаңы»  аясында  Төлеби ауданына қарасты Ленгір қаласындағы аудандық маңызы бар  КХТЛ-33 «КХТЛ-31-КХ35 - Ақайдар Екпінді» көшесі және  КХТЛ-31 «Ленгер КХ-82 Шымкент – Сайрам-Қасқасу-Шымкент» көшелерінде жалпы  ұзындығы  9,3 шақырым болатын жолдан сынама алынып, мемлекет бюджеті есебінен салынған жолдардың сапасы тексерілді.


Сапасыз жол Толе би (1).jpg

Мониторингтік жұмыстарға аталмыш жобалық кеңсенің менеджері Е.Тұңғышбаев пен облыстық «Ұлттық  жол активтері сапасы  орталығының» мамандары, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы Н.Оспанов және «Мир Строй и Компания» ЖШС техникалық қадағалаушысы Т.Сүлейменов,   аудандық мәслихат депутаты, Nur Otan партиялық бақылау комиссиясының  төрағасы  Р.Сайлауұлы,  мәслихат депутаты  Н.Құлышев пен Арнайы мониторинг топ мүшесі Ж.Амангелдиев, сондай-ақ аудан әкімінің  баспасөз  хатшысы  А.Айнабаев пен мердігер компанияның басшылары қатысты.


Сапасыз жол Толе би (4).jpg

Төлеби ауданына жүргізілген мониторингтік бақылау жұмысының нәтижесінде, асфальт-бетон жамылғысында жол төсемінің тегістігі сапасыз екендігі және жол жиектері үгітіліп, бүгінгі күні жол төсемінің қосылған жерлерінде біркелкілік жоқ екендігі анықталды.

Кемшіліктерді тез арада қалыпқа  келтіру үшін тиісті мердігер мекемелерге ескерту жасалып, сапасыз салынған жолдардың құрылысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. 

«Алдағы уақытта облысқа қарасты барлық аудан, қалалардың жолдары бақылауға алынып, мониторингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті.