Павлодарда екі баланың өмірін қиған жүргізуші сотталды
Павлодарда екі баланың өмірін қиған жүргізуші сотталды
189
оқылды
Павлодарлық жүргізуші бес жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейді. Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 сотында екі кішкентай баланың өліміне себепші болған ер адамға үкім шықты. Осы жылдың тамыз айында Омбы-Майқапшағай тасжолында, Павлодарское елді мекенінің маңында Lada Granta жүргізушісі сол жолмен бағыттас келе жатқан "Беларусь" тракторымен соқтығысқан. Апат салдарынан 32 жастағы әйел ауыр дене жарақатын алып, 2012 және 2016 жылы туған екі бала Павлодар облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды. Прокурор сотталушыны қауіпсіздігі ең төмен колонияда бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Екі жәбірленуші сотталушыны бас бостандығынан айырмауға келісіп, тағы бір жәбірленуші баптың санкциясында көзделген ең жоғары жазаны тағайындауды талап етті. Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындап, шартты жаза кесуді сұрады.
"Жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқаруға тыйым салына отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, жазасын қауіпсіздігі ең төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін", – деп судья Жанар Тұрлыбаева сот үкімін оқыды.   
Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына жалпы сомасы 11 миллион 234 мың 150 теңге материалдық және моральдық шығын өндірілді.