Қазақстан әлемге танымал офшорлық аймақпен салықты әділетті бөлісу туралы келісімге келді. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан мен Кипр үкіметтері арасындағы тиісті мәмілені бекітетін заң жобасын мақұлдады. Құжат Сенаттың қарауына жолданды.
– «Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы» осы екіжақты конвенция дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ-ның үлгілі құжаты негізінде жасалды. Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік ұсынады, ал мемлекеттерге салық салу құқығын өзара әділетті бөлісуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте бұл заң жобасына сәйкес, алдағы уақытта барлық салық түрлері бойынша елдеріміз ақпарат алмаса алады. Біздің салық қызметтерінің ынтымақтастығы нығаяды, – деді бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Бұл ретте Кипр қазақстандық ауқаттылар мен бизнесмендер арасында кең танымал, ең сүйкімді офшорлардың бірі саналады. Өйткені ол салықтан жалтарудың әртүрлі схемаларын қолдануға жол ашатын. Енді салық органдарының өзара ақпарат алмасуы жолға қойылса, салыққа қатысты біраз түйін тарқатылуы ықтимал.
Бұдан бөлек, құжат резиденттікті, яғни заңды және жеке тұлғалардың қай елде салық төлеуге тиістігін дәлелдейтін әрі екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілейді. Сонымен қатар дивидендтер, пайыздар, роялти сияқты пассивті табыстардан алынатын шекті ставкаларды бекітпек. Қазақстан мен Кипрдің құзыретті органдары арасындағы салық дауларын шешу үшін құқықтық негіз қаланады.
Мемлекетімізде бүгінде Кипр капиталының қатысуымен 124 компания тіркелген. Олар сауда, құрылыс, көлік және өндіріс салаларында жұмыс істейді. Біздің салықшылар әзірге Кипрде қазақстандық 4 заңды және 24 жеке тұлға тіркелгенін нақты біледі. Себебі олар рақымшылық науқаны кезінде заңдастырылып, декларация тапсырған. Қазір Кипрде алған табыстарынан бізге 64 миллиард теңге салық төлеп үлгеріпті.
Жалпы отырыста Мәжіліс «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді. Үкімет әзірлеген жобаны пысықтау барысында палата депутаттары бірқатар түзету енгізген екен. Нақтылай кетсек, мектеп мұғалімдеріне түсетін нормативті оқу жүктемесі 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 18 сағаттан 16 сағатқа дейін кемітіледі. Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында, әскери оқу орындарында істейтін педагогтердің де магистр атағы үшін үстемақы бекітіледі.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты иегерлеріне 1 мың АЕК (2019 жылы 2 млн 525 мың теңге) мөлшерінде бір жолғы төлемақы төленеді. Біржолғы төлемақы халықаралық олимпиадалар, конкурстар және спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлаған ұстаздарға да берілетін болды.
Ауылда бала оқытатын мұғалімдерге үй салуға арналған жер учаскесі бұдан былай бірінші кезекте, басымдықты түрде ұсынылуы тиіс. Педагогтер оқушылардан ғана емес, сонымен қатар ата-аналардан және баланың заңды өкілдерінен өзіне құрметпен қарауды және соған лайықты мінез-құлық танытуды талап ету құқығын иеленеді.