Түркістандағы көшпелі отырыс
Түркістандағы көшпелі отырыс
305
оқылды

Түркістанда күнгей өңірдің әділет департаменттері өкілдерінің қаты­суымен халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету мә­селелері бойынша көшпелі отырыс өтті. Аталған мәжіліске алтын­шы сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің өкілеттік­те­рін іске асырудың бесінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жос­парына сәйкес ұйымдастырылды.

Аталмыш жиынға арнайы кел­ген Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары, Заңнама және сот-құ­қық­тық реформа комитетінің мү­­шелері, сон­дай-ақ Nur Otan пар­тия­сы жа­нындағы Құқықтық ке­ңес­тің мүшелері халыққа тиімді тү­сін­дірулер жөнінде кеңесті.

Көшпелі отырыстың алғашқы сөз кезегінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құ­­­қық­тық реформа комитетінің тө­ра­ғасы, Nur Otan партиясы жанын­дағы Құқықтық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, про­фес­­сор Нұрлан Әбдіров бүгінгі оты­­рыстың мақсаты мен маңызына тоқталды.

– Киелі Түркістан жерінде Мә­­жілістің тұрақты комитетінің бірі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің көшпелі оты­­рысы өтіп жатыр. Былтырғы шіл­де айынан бастап қолданыстағы ха­­лыққа құқықтық көмек көрсету, ад­во­каттық жұмыстарды нығайту сияқ­ты төңіректегі қабылданған арнайы заң бар. Соның қарапайым халыққа тиімді жұмыс істеп жатқаны жайында жыл ішінде мониторинг өткіздік. Нәтижесінде, жергілікті жерде жұмыс істейтін адвокаттар, жеке сот орындаушылары, но­та­риус­­тар және осы құқық сала­сын­да­ғы тиесілі қызмет етіп жүрген аза­маттардың жұмысына баға бер­дік. Егер заң тұрғысында орын ал­­ған олқылықтар болған болса, со­­ларды пысықтап, сондай-ақ нақ­ты ұсыныстар болса тыңдап, әрі қарай заңды жетілдіру мәселелерін қа­рас­тыру. Ал Түркістан облысына кел­­ген мақсатымыз – жергілікті жер­­дің тұрғындарымен кездесу, қол­дан келгенше көмек көрсету. Кел­ген 14 депутаттың да атқаратын жұ­мыстары осы бағытта жүрмек. Атап айтқанда, Ордабасы, Сайрам ау­дандары мен Кентау, Түркістан қалаларының халықтармен пікірлесу және қоғамдық қабылдау өткізу, – деді Нұрлан Әбдіров.

Түркістан облысы әкімінің орын­басары Ұлан Тәжібаев халық­тың заң құқықтарын білуде осындай бас­қосулардың маңызы зор екендігін айтты.

«Бүгінгі Заңнама және сот-құ­қықтық реформа комитетінің көш­пелі отырысы жайында кішігі­рім сұрақ туындап отыр. Осы заң­на­ма­ның аясында жұргізілетін қарым-қатынастар тікелей жүргізіледі. Яғни, азаматтар бір-бірімен неме­се мемлекетпен және басқа да құжат­тар­мен танысатын болады. Ал мәсе­ле болып жатса, тек қана заңдар олар­дың құқығын қорғауға дайын. Бү­гін­гі таңда көп азаматтар заңдарды біл­ге­ні­мен, бірқатар заңның ере­же­лерін білмейді деп ойлаймыз. Сондықтан мемлекет бұл тұрғыда түрлі шаралар қол­данып жатыр. Атап айтқанда, тү­сіндіру, заңдарды дұрыс қолдану. Жалпы, мемлекеттің ең маңызды бір шарасы, адвокаттар арқылы те­гін заң түсіндіру. Қазіргі таңда Түр­­кістан облысы бойынша 131 ад­вокат қызмет атқарады. Олардың 83 пайызы қоғамдық жұмыстарға қа­­ты­сып отыр. Осы жылдың 10 айын­­да 4 467 азамат тегін заң кө­ме­гіне қол жеткізді. Тұрақты ста­тис­­­­тикамыз бойынша Түркістан об­­лысы халықтарының саны 2 млн аса­ды. Бұл дегеніміз – қарапайым тұр­ғын­дардың заң көмегін алу үшін 16 мыңнан аса маман қажет. Жалпы, заң тұрғысында көмек көрсететін ма­мандар әлі де жеткіліксіз болып отыр. Өңірде маман тапшылығы орын алып жатыр. Бұл жағдайларды рет­теп адвокаттар алқасын ретке келтіру», – деді облыс әкімінің орын­басары.

Көшпелі отырыс барысында білікті заң көмегін көрсету жүйе­сінің одан әрі дамуы, заң көмегін көрсету са­ласын жетіл­діру аясында заң­на­ма­лық жаңа­лықтардың прак­ти­ка­лық маңызы, заң консуль­тант­­та­ры институтын одан әрі же­тіл­­діру, бі­лік­ті заң көмегін көрсету ба­ры­сын­да адво­катура мен құқық қорғау ор­­ган­дарының өзара іс-қимыл жа­сау мә­селелері және тағы басқа мәсе­ле­лер талқыланды.  

Көшпелі отырыс нәтижелері бо­йынша қатысушылар халықты бі­лікті заң көмегімен қамтамасыз ету саласында нақты ұсыныстарды қам­ти­тын ұсынымдар әзірленді.

 

Түркістан облысы