2020 жыл: қазақ спорты несімен есте қалды?
2020 жыл: қазақ спорты несімен есте қалды?
329
оқылды

Тағы бір жыл тарих қойнауына енгелі тұр. Әлем жұртшылығын әуре-сарсаңға түсірген жыл спорт­шылардың, спорт мамандары мен жанкүйерлердің есінде ерекше есте сақталары анық. Өйткені коронавирус індеті, карантин  шектеулері өзге салалар секілді спортқа да қатты әсер етті. Көптеген жарыс  орта жол­дан үзілді. Тіпті, Олимпиада ойындарының өзі келесі жылға шегерілді. Соған қарамастан кейбір жа­рыс түрлері карантин талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырылды. Пандемияның арасында, вирус бә­сеңсіген тұста көрерменсіз өткен жарыстарда бақ сынаған, жақсы нә­тиже көрсеткен саңлақтарымыз да жетерлік. Біз солардың бірқатарына тоқталып, 2020 жылы ел есінде қалған жарыстар мен жетістіктерді өзі­мізше түзіп көрдік.

ЖЫЛ ЖЕТІСТІКТЕРІ:

Боксшыларымыз ерледі

– 2020 жылдың басты жа­рыстарының бірі – бокстан Токио Олим­пиа­дасына жолдаманы са­рапқа салатын іріктеу турнирі болды. Ка­рантиннің алдында Иорда­­нияның Амман қаласында өткен әуесқой бокстан Олим­пиадаға іріктеу турнирінде Қа­зақстанның ерлер құра­масы сәтті өнер көрсетті. Отандық был­ғары қолғап шеберлері мүмкін болған сегіз жолдаманың бәрін иеленді. Осы­лайша, Ғалымбек Кенжебаев бастаған боксшылар келер жылы Олимпиадаға толық құрамда ба­ратын болды.

Көп күттірген чемпиондық

– Алматылық «Қайрат» фут­бол клубы араға 16 жыл салып, ел чемпионы атанды. Соңғы рет олар 2004 жылы алтын жүлдегер атан­ған. Биылғы чемпионат пан­демияға байланысты екі рет тоқ­татылып, ақыр соңы бір лока­цияда, яғни Алматы қа­ласында өтті. Чем­пионаттың бітуіне 3 тур қалғанда Алексей Шпи­левский жат­тықтыратын команда мер­зімінен бұрын чем­пиондыққа қол жет­кізіп, «Астана» гегемониясына нүкте қойды.

«Тур де Франс»-тағы керемет жеңіс

– Велоспорттан әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігінің алтыншы ке­зеңінде «Астана» коман­­­да­сының өкілі, отан­дасымыз Алек­сей Лу­ценко жеңіске жетті. «Тур де Франс» – велоспорттағы ең бе­делді дода саналады. Оның бір кезеңінің өзін кез келген спортшы жеңе бер­мейді. Қа­зақстан спорт­шы­ларының арасында Алексей Ви­нокуровтан кейін осындай бақыт Алексей Лу­ценкоға бұйырды. спорт

16 жастағы Бекболаттың ре­корды

– Ақпан айында ауыр ат­летикадан Ташкенттегі жасөс­пірімдер арасындағы Азия чем­пионатында 16 жастағы Бек­болат Рахат әлемдік рекорд орнатты. Бекболат 102 келі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 158 келіні оңай ба­ғындырды. Серпе көтеруде 198 келіні төбесіне көтеріп, әлем­дік рекордты жаңартты. Қос сайыс­тың нәтижесі – 356 келі. Ол сондай-ақ қараша айында Перудің Лима қаласында өткен онлайн-форматтағы әлем кубогында 319 (140+179) келімен топ жарып, үздік деп танылды. Ал ересектер арасындағы ел чемпионатында Артем Антроповқа (68 келі қалып қойды) ғана жол беріп, күміс жүлдегер атанды. спорт

ЖЫЛ СӘТСІЗДІКТЕРІ

«Ертіс» клубының жабылуы

– Коронавирус инфек­ция­сының кесірінен футболдан 5 дүркін ел чемпионы «Ертіс» клубы қаржылық дағдарысқа ұшырап, біріншілікті уақытынан бұрын аяқтады. Бүгінгі таңда облыста «Пав­лодар» атауымен жаңа клуб құрылуда. Клуб келер жылдан бас­тап Екінші лигада өнер көр­сететін болды.

Қазақстан футбол құрамасы

– Чехиялық маман Михал Билек баптаған Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы тур­нирінде соңғы орын алды. Бұл сәт­сіздіктен кейін Билек қыз­метінен босатылды. фудбол

Қазақстандық клубтардың еу­ро­маусымдағы сәтсіздігі

– 2020 жыл қазақ футболы үшін соңғы жылдардағы ең сәтсіз жыл болды. Соңғы бірнеше жылда легионерлердің көмегімен болса да «Астана» еурокубок ойында­рының топтық кезеңінде бақ сы­нап жүр еді. Биыл еліміздің 4 ко­мандасы да екінші іріктеу ке­зеңінен әрі аса алмады.

Жеңілмеген боксшы­лары­мыз­дың жеңілуі

– Кәсіпқой бокста Флойд Мей­везердің салып кеткен жо­лымен жүруге тырысқан Нұр­сұлтан Жаңабаев (8-1, 5 KO), Мадияр Әшкеев (14-1, 7 KO), Әли Ахмедов (16-1, 12 KO), Виктор Коточигов (12-1, 5 KO) алғаш рет қар­сы­ластарына жол берді.

ЖЫЛ ҮМІТІ

Еленаның ерлігі

– Ресейден Қазақстанға қоныс ау­дарған 21 жастағы теннисші Елена Рыбакина биылғы жаңа есімдердің бірі десек, қате­лес­­пейтін шығармыз. Тен­нисшіміз жыл басында керемет өнер көрсетіп, маман­дардың оң баға­­­сын алды. Рейтингте 17-орынға дейін кө­терілді. Мысалы, 21 ақ­панда Ду­байдағы тур­нирдің жар­тылай финалында әлемнің үшінші ракеткасы Каролинка Плиш­кованы жеңді. Одан кейін фи­налда әлемнің екінші ракет­­касы ру­мыниялық Симоне Ха­леппен кездескен. Бірақ үш сеттің қоры­тындысы бойынша қарсы­ласына есе жіберді. Әйелдер тен­нис қауым­­дастығы (WTA) бұл матчты осы жылдың ең үздік ойы­ны деп таныды. елена 21 жастағы отандасымыз 5 бірдей WTA турнирінің (Шэньч­жэн, Хобарт, Санкт-Петербор, Дубай, Страсбург) финалына шығып, 1-уінде (Хобарт) топ жарды. Жақсы өнер көрсетуінің арқа­сында қыздар рейтингісінде 17-орынға кө­теріліп, қазақ та­­рихындағы рекордты (2012 жылы Ярослава Шведова 25-орынға дейін көтерілген) жаңарт­ты. Со­нымен қатар ол қаржылық жағ­дайын (1 млн $-дан астам) жақ­сарта алды.

ЖЫЛ ТРАНСФЕРІ

Бақтиер Зайнутдинов бабында

– Ұлттық құраманың белді ойыншысы Ресей чемпио­на­тын­дағы ортаңқол ко­мандалардың бірі «Рос­товтан» «ЦСКА» ко­мандасына ауысып, мәскеулік клуб сапында 20 кездесу өткізді. «Урал» клубына соққан голы айдың «ең үздік гол» ретінде ба­ғаланса, «ЦСКА» ко­мандасына ауысуын Ресей чем­пио­на­тындағы «ең сәтті транс­ферлер» рей­тингісінде атап көр­сетті. 2020 жылды Қазақстан ұлттық құра­масының «ең қымбат футбол­шысы» (2 млн еуро) ре­тінде аяқ­тады. Зайнутдинов

ЖЫЛ ДЕБЮТІ

UFC-де үш жауынгеріміз бар

– Биыл алғаш рет төбелестен әлемдегі ең беделді Ultimate Fighting Championship (UFC) ли­гасында 3 отандасымыз Мария Агапова (1 жеңіс, 1 жеңіліс), Жал­ғас Жұмағұлов (1 жеңіліс), Шавкат Рахмонов (1 жеңіс) өнер көрсетті. Келер жылы бұл құрам тағы да бірнеше спортшымен то­лығуы мүмкін.

Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой боксқа ауысты

– 2019 жылы әуесқой бокстан Ресейде өткен әлем чемпио­на­тының қола жүл­дегері Тұр­сынбай Құлахмет кәсіпқой боксқа бет бұрып, небәрі 2-ші жекпе-же­гінде (ағылшын боксшысы Мак­лей Мак­гоуэнді ұтты) WBC International тұжы­рымы бойынша 1-ші орта сал­мақтағы белбеуді иеленді.

ЖЫЛ ӨКІНІШІ

Бауыржан Исламханның басындағы дау

– Футболдан Қазақстан ұлт­тық құрамасының капитаны, «Әл-Айн» (БАӘ) клубының ойыншысы до­пинг дауына ілігіп, АФК тәртіптік ко­мис­сиясының шешімімен фут­болдан екі жылға шеттетілді. Қа­зақстандық фут­болшы істі Лоз­заннадағы сотқа жібе­ретінін айтты.

ЖЫЛ САҒЫНЫШЫ

GGG-дің көптен күткен кездесуі

– Геннадий Головкин мен Камил Шеремета арасындағы жекпе-жек тек 8-ші мүмкіндігінде ғана жүзеге асты. Бұған дейін кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген польшалық бокс­шы шаршы алаңда отан­дасымызға еш қарсылық (4 нокдаун, 7 раундтан соң, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты) көрсете алмады.

ЖЫЛ ӨЗГЕРІСІ

Кәсіби спортқа бөлінетін қаржы 2 есеге қысқарды

– Елімізде жыл сайын 98 кә­сіби клубқа бөлінетін 55 млрд теңге 2 есеге азайып, келесі жылы 22,2 млрд теңге бол­мақ. Артық қа­ражат бұқаралық спортты дамытуға бағыт­талады.  

Абылайхан ЖҰМАШ