Жыл қорытындысы – 2020: бізді біріктірген бір жыл
Жыл қорытындысы – 2020: бізді біріктірген бір жыл
309
оқылды

Хакім Абай 15-ші қара сөзінде: «Егер де есті кі­сілердің қатарында болғың келсе, кү­нінде бір мәрте, болмаса жұ­ма­сында бір, ең болмаса айын­да бір, өзің­нен-өзің есеп ал!» дей­ді. Жыл аяқта­лып барады. «Ол қалай өтті, ел, билік не іс­теді, не түй­дік?» деген сауал­­дарға жауап бе­ретін кез кел­гендей.

Әлем сонау атышулы ис­пан тұмауы эпидемия­сынан соң биылғыдай жұқ­па­лы ке­селмен бұрын-соң­ды бетпе-бет келме­ген шы­­ғар. Қазіргі дерек бо­йын­ша, жаһанда 80 млн адам COVID-19 инфек­циясын жұқ­тыр­ды. Дерт­тің салдары дү­ние­­жүзінің экономикасына, халықаралық қатынасқа қатты ықпал етті. Қазақстан да мұндай сынақты алғаш рет бастан кешірді. Бізге келе қоймас, шетелмен шектелер, көп жан шалдыға қоймас деген үміттер ақталмады. Үкімет төтенше жағдайда жұмыс істеуге кірісті. Қателіктер де жіберілді. Алайда тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік қолдаудан қағылмады. Дағдарыс соққысына қарамай, экономиканың өндіруші секторы өсім көрсетті. Бизнес адымдап болса да алға жылжи бастады. Биылғы сан сынақ қауіптілігіне қарамай қоғамды біріктірді, құн­дылықтарды өзгертті, ненің өткінші, ненің мәңгілік екенін қайта еске салды.

КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС

Эпидемияның таралуы 2020 жылдың басты оқиғасы, проблемасы, сынағы, қатері болды деп толық сеніммен айтуға болады. Вирус Қытайдың Ухань қаласынан бастау алғанымен, әлемге тез тарады. Бастапқыда іргеміздегі көршіден шыққан дерттің қауіптілігін біздің қоғам өз деңгейінде бағаламағаны рас. Қазақстанда вирус алғаш рет 13 наурыз күні тіркелді, Германиядан ұшып келген екі Қазақстан азаматынан анықталды. Бұл эпидемияның бастамасы болатын. Үкімет жылдам шешім қабылдады. 3 күннен кейін, яғни 16 наурызда елімізде төтенше жағдай жарияланып, ол 11 мамырға дейін жалғасты. Карантин, шектеулер, тыйымдар көпшіліктің әдепкі өмір салтына өзгеріс енгізді. Жұрттың табысы кеми бастады. Бастапқыда кеселге күмән келтіріп, мұны «Үкіметтің халықты үйде ұстау үшін әдейі жасап отырған әрекеті» деп бағалағандар да болды. Бірақ біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Статистика дерт жұқтырғандар саны күн сайын арта бастағанын көрсетті. 26 наурызда вирустан көз жұмған алғашқы жағдай тіркелді. Негізі, шетелден оралғандар жұқтырып келді. Бұл кезде Еуропада ауру асқынып тұрды. Мәселен, сол 26 наурызда Италияда 80 мың адам кесел жұқтырса, 8 215 адам қайтыс болды. Әлемде кейбір елдер локдаун жариялауға асықпаса, Қазақстан Үкіметі бірден шұғыл шаралар қабылдады. Жұрт көп жиналатын қоғамдық мекемелердің (театр, кинотеатр, көрме, сауда орталықтары) жұмысы тоқтатылды, қалаларға кірер жолдарда блокбекеттер орнатылды, әуеқатынасы жұмысын уақытша доғарды, бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды. Сәуір айында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын да қосымша үш инфекциялық аурухана салу туралы шешім қабылданып, олар қысқа уақытта соғылды. Ресей, Қытайдан көмекке дәрігерлер келді. Осы және өзге елдерден гуманитарлық көмек жетті. Бұл шаралар қоғамдағы үрейді басуға, инфекцияның таралуын баяулатуға тікелей септігін тигізді. Себебі эпидемияны жүгендеуге қабылданған шаралардың жылдамдығы мен тиімділігі маңызды еді. Адам өмірін құтқаруда медицинада «алтын сағат» қаншалықты маңызды болса, карантинде «алтын апта, ай» соншалық қажет екен. Өйткені жаңа вируспен күресудің жолдарын бастапқы кезеңде азаматтар түгілі дәрігерлер де біле бермеді, онымен күресу, емдеу алгоритмі бірден бекітілмеді. 11 мамыр күні төтенше жағдай режимі күшін жойды, бірақ қатаң карантин сақталды. Өкінішке қарай, 2 ай оқшауланған қоғам мұны той-томалаққа, асқа, құдалыққа баратын сәт деп қате түсінді. «Сап-саумыз, түк те болмас» деп жолға шыққан талай жан дерт жұқтырып келді. Көп өтпей көз жұмып жатқандары да жиі кездесті. Яғни, эпидемияда тек Үкіметтің жұмысы ғана емес, қоғамның сақтығы, жауапкершілігі да аса маңызды болды. Босаңсыған азаматтар арасында коронавирус тез таралды, ол дәрі мен ауру ханадағы төсекорынның дефицитін тудырды. Сәйкесінше, жұрттың наразылығы артты. Алайда Президент бірден кадрлық өзгерістер жасап, Үкімет жұмысының тиімділігін арттыруды талап етті. Бюджеттен вируспен күрес шараларына қосымша 150 млрд теңге бөлінді. Мұндай кешенді әрекеттер шілде айынан кейін дерттің шарықтау шегінен төмен түсуіне әкелді. Тамызда жағдай тұрақталды. Ауруханаларда бос орындар пайда болды, қоғам өзінің қалыпты өміріне орала бастады. Ресми мәлімет бойынша, 150 мыңдай отандасымыз ауруға шалдықты. Дегенмен тіркелмей, үйінде емделгендер саны да аз емес. Бүгін де вирус жұқтырып жатқандар баршылық, бірақ бұған дейін жиналған тәжірибе енді қателік жібермеуге, эпидемияның кең таралуына жол бермесі анық. Пандемияның елге әсері әрқалай болды. Бір жағынан жұрт оқшауланғанда қалалардағы ауа тазарып қалса, екінші жағынан отбасылардағы зорлық-зомбылықтың саны артты. Кеселмен күреске бюджеттен бөлінген көп ақшаны жымқырып қалғысы келген шенеуніктер аз болмады. Былтыр жемқорлық бойынша 1 жылда 1 717 іс тіркелсе, биыл тек 10 айда 2 140 іс ашылған. Араны ашылғандардың қатары артып барады.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

Қазақстанда төтен ше жағдай жарияланған соң жеке бизнестің, ірі кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтады. Сәйкесінше, азаматтардың көпшілігі табыссыз қалды. Әсіресе, шай-пұлын күнде шығаратын таксист, даяшы, аспаз, сатушы секілді мамандық иелері ақшадан қағылды. Ірі қалалардың кіреберісіне блок-бекет қойылғандықтан, маңындағы елді мекендерден келіп-кетіп істейтіндер де қызмет орнына жете алмай қалды. Үкімет шарасыз қалған азаматтарды тағдыр тәлкегіне салмай, әлеуметтік жәрдемақы төлеуді қолға алды. Ол ең төменгі жалақы – 42 500 теңге көлемінде белгіленді. Жәрдем ақы үш рет берілді. Бірінші кезеңде 4,6 миллион адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның 40 пайызы – жалдамалы жұмысшылар, 400 мыңға жуығы – кәсіпкерлер. Бірыңғай жиынтық төлем төлеген, жеке кәсібі барлар және келісімшартпен істейтіндер де тізімге ілінді. Келесі кезеңде 3,8 млн адам жәрдемақы алушылардың қатарынан табылды. Үшінші жолы бюджет көмегі тағайындалғандардың қатары сиреді, 2,4 млн азамат. Өйткені шілдеден бастап көптеген жұмыс орындары ашыла бастады. Тамызда карантин мерзімі тағы екі аптаға ұзарғандықтан, 42 500 теңгенің жартысы 21 250 мың теңге тағы төленді. Эпидемия кезінде негізгі салмақ дәрігерлерге түскені анық. Олар тәулік бойы кезекшілікке шықты, отбасынан да оқшауланды, дерт те жұқтырды. 12 983 медицина қызметкері коронавирусқа шалдықты. Өкінішке қарай, 182 ақ халатты абзал жан вирустың салдарынан көз жұмды. Үкімет дәрігерлерді осы қиын кезде қолдау үшін өтемақы тағайындады. Бұл мақсатқа наурыз айынан бері 84,4 млрд теңге бөлінді. Қазан айында қосымша тағы 136,8 млрд теңге қарастырылды. Дертке шалдыққан 9 300 медицина қызметкері мемлекеттен өтемақы алды. Бұдан бөлек, Елбасының бастамасымен 550 мың мұқтаж жан BIZ BIRGEMIZ қоры атынан 50 мың теңге көмек алды. Қазан айында дәл осы сомадағы жәрдем әлеуметтік тұрғыда әлсіз саналатын тағы 100 мың отбасына тағайындалды. Әрине, коронавирус тудырған экономикалық дағдарыс тұрмыс үшін маңызды заттардың бағасын өсірді. 42 500 теңге, 50 мың теңге бір отбасы үшін, әсіресе қаладағы отбасыларға бір айға аздық етеді. Бірақ миллиондаған адамға аталған жәрдемақыларды тағайындау арқылы Үкімет оларды қиындықта жалғыз қалдырмады. Оған қоса, Президенттің тапсырмасымен банктер мен микронесиелеу ұйымдары азаматтардың несие төлемін 90 күнге шегерді. Бұл шаралар көпшілікке аз да болса демеу болғаны сөзсіз.

ЭКОНОМИКА. БАЯУ ӨСІМ

2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін жайлы басталған жоқ. Наурызда OPEC ұйымының мүшелері өндірілетін мұнай көлеміне келісе алмады. Соның салдарынан 9 наурыз күні мұнай баррелінің құны 33 долларға түсіп кетті. Ертесіне Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12 пайызға көтерді. Бұл фактор доллардың ұлттық валютаға шаққандағы құнын 470 теңгеге шарықтатты. Көп өтпей пандемияға орай төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл оқиғалар нарықта дүрбелең туғызды. Бірақ Президент жариялаған дағдарысқа қарсы шаралар жиынтығы экономикадағы жағдайды тұрақтандыруға үлесін қосты. Ол жоғарыда айтылған 42 500 теңгелік жәрдемақы, несиенің төлемін шегеру, көптеген бизнес өкілдерін мүлік салығынан, қосымша құн салығынан босату, «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қолдау және басқа да тетіктер. Мұның барлы ғына 5,9 трлн теңге бөлінді. Тіпті, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы уақытында экономикаға мұнша көмек берілмеген еді. Әрине, қатаң карантинде осыншама қаражаттың, көмектің жемісі бірден көрінген жоқ. Өйткені бизнестің халі шатқаяқтап тұрды, ісі тоқтады. Мұндай жағдайда жаңа кәсіпорындарды іске қосып, жұмыс орындарын ашу мүмкін емес еді. Сондықтан азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасы өсіп, дағдарыстың нышандары байқала бастады. Туризм, әуе қатынасы, логистика, мейрамхана, кинотеатр, фитнес-клуб, шоу-бизнес секілді салалар үлкен шығын көрді. Осы салаларда жұмыс істейтін мыңдаған азаматтар жұмыссыз, табыссыз қалды. Бірақ шілде айында эпидемияның қарқыны қайтып, мекемелердің есігін ашуына кезең-кезеңмен рұқсат беріле бастағанда экономиканың тамырына да қан жүгірді. Көптеген бизнес онлайн режимге көшті және жоғалтқан клиенттерін қайтару үшін жеңілдіктер ұсына бастады. жыл Бұл кезде ірі бизнес те белсенділік танытты. «Самұрық-Қазына» «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын Лондон биржасына шығарды. Келешекте Air Astana, ҚазМұнайГаз, ҚТЖ секілді компаниялардың акцияларын IPO-ға шығаратынын хабарлады. Kaspi.kz компаниясы да акцияларын Лондонда саудалауға мүмкіндік алды, құнды қағаздары жоғары бағаланды. Сондай-ақ Freedom Holding компаниясы Kassa Nova банкін толығымен сатып алды. Ал қарашада Jýsan Bank АТФ Банк-тің жаңа иесі атанды. Осылайша, экономика қалпына келе бастады. Әрине, экономикалық дағдарыс бүкіл әлемде сезіліп жатқанда Қазақстан жаһанның бір бөлігі ретінде одан шет қала алмайды. Биылғы 11 айдың нәтижесі бойынша ЖІӨ 2,8 пайызға кеміді, инфляция 7,3 пайызды құрады. Алайда осыған қарамай отандық экономиканың нақты секторы өсім көрсетіп отыр. Мысалы, фармацевтика – 39,5%, жеңіл өнеркәсіп – 15,5%, машина жасау – 16,4%, соның ішінде көлік жасау 52,6%-ға өскен. Келесі жылға да үміт мол. 2021 жылы отандық экономиканың ЖІӨ 2,8 пайызға өседі деп болжанып отыр. Медальдің екі жағы бар демекші, пандемия елімізде онлайн төлемдер санын арттырды. Биыл 9 айда азаматтар құны 23 трлн теңгені құрайтын 2 млрд қағаз ақшасыз операцияны жүзеге асырған. Басқаша айтса, қазақстандықтар күн сайын 4 млн транзакция жасап, 68 млрд теңге онлайн төлем жасап отырған.

САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАЛҒАСУДА

Былтыр Президент бастаған саяси реформалар биыл да жалғасын тапты. Әрине, пандемияға орай өткен жылғыдай белсенді болмады, бірақ бірқатар маңызды заңдар қабылданып, саяси бастамалар өзінің логикалық соңына жетті. Атап айтқанда, «ҚР Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» заңына парламенттік оппозиция туралы өзгеріс енді. Яғни, енді Парламентте ресми оппозиция заңмен бекітіледі. Оған сәйкес, Мәжілістегі екі тұрақты комитеттің төрағасы парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан сайланады. Оппозиция рөлін қай партия атқаратынын қаңтар айында өтетін сайлау анықтауы мүмкін. Оған қоса, митинг өткізу мәселесі де қайта қаралды. «ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңына өзгерістер енді. Оған сәйкес, бейбіт шеру үшін бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат керек емес. Тек митингке қанша адам қатысатынын, қандай мәселе көтерілетінін және қаланың қай бөлігінде өтетінін алдын ала ескерту қажет. «Сайлау туралы» заң да өзгеріске ұшырады. Құжат партиялық сайлау тізіміне кіретіндердің 30 пайызы міндетті түрде әйелдер мен жастар болуын міндеттеді. «Саяси партиялар туралы» заңға да түзетулер жасалды. Ол бойынша саяси партия тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың адамның келісімі емес, 20 мың адам болса жеткілікті. Президенттің биылғы Жолдауында да саяси өзгерістер мәселесі тағы көтерілді. Соның бірі – ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей сайлауы. Сарапшылар бұл ұсынысты көптен бері айтып жүр. Алайда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі сол күйі жетілмеген еді. Сондай-ақ мәслихаттардың рөлін арттыру бойынша да тапсырмалар берілді. Бүгінде мәслихаттар көп жағдайда әкім мен әкімдіктің қалауын құқықтық тұрғыда бекітіп беруші екені, депутаттар құрамын анықтауда (сайлауда емес) жергілікті әкімнің ықпалы мол екені бесенеден белгілі. Енді бұл тапсырмалардың қалай орындалатыны, оның нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді. Жалпы, саяси реформалар адымдап қолға алынуы былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген проблемалардың жалғасы деуге болар. Жоғарыда айтылған заң өзгерістерін сынағандар да табылды. Түрлі қозғалыс өкілдері ұсыныстарымыз өтпей қалды, Үкіметтің дегені болды деп назын айтты. Қалай десек те, саяси реформаларсыз экономикалық дамудың кенжелейтіні анық. Бұл – Батыс мемлекеттерінің сан ғасырлық даму жолынан туған аксиома.

ЕРЛЕГЕН ЕРІКТІЛЕР

2020 жыл «Волонтер жылы» болып жарияланды. Бұрындары волонтер десе көпшілікпен көшет отырғызатын, көше тазалайтын белсенділер, әсіресе студент жастар елестейтін. Ал Батыс Еуропа елдерінде қоғам үшін бұл – өмір салты. Мәселен, Британияда былтыр 19,4 млн кісі жылына бір рет болсын ерікті ретінде іс-шараға араласса, 11,9 млн адам айына бір рет волонтер болған. Еріктілердің артуы – қоғамдағы игі құндылықтардың бір көрсеткіші болар. Себебі ақысыз, өзге адам не ел үшін жұмыс істеуге екінің бірі келісе бермейді. Бірақ волонтер белгісімен өткен жыл осы бір қасаң түсінікті бұзуға ықпал еткендей. Әсіресе, оны пандемия барысында байқадық. Биліктегі партияның жастар қанаты, түрлі қайырымдылық қор өкілдері, волонтерлік ұйымдар қиын кезде қысылған отбасыларға, жалғызбасты қарияларға, ерекше қажеттілігі бар жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп, көмегін тигізіп тұрды. Эпидемия жайлаған жылы мүмкіндігі бар азаматтар көмек беруден аянып қалмады. Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Ерік Тәтішев, Нұрлан Смағұлов, Сырымбек Тау, Қайрат Құдайберген секілді кәсіпкерлер, «Сәби», «Позитив Үміт», «Шұғыла» және басқа да қайырымдылық қорлар қаражат бөліп, пандемия барысында қажет медициналық тауарларды алуға көмектесті. Әсіресе, бетперде, оттегі концентраторы, дәрі-дәрмек, экспресс-тест алуға қолғабысын тигізді. Бұл мақсатқа түрлі мамандық иелері де үлесін қосты. Нұр-Мүбәрак мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай, ақын Айнұр Тұрсынбаева, блогер Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі оқырмандарынан қаражат жиып, ол ақшаға Түркия, Қытайдан тыныс алу аппараттарын жеткізуге ұйытқы болды. Көмегін, қайырымды ісін жарнамаламай, қол ұшын берген өзге де ізгі жандар қаншама. Әлеуметтік желіде тіпті артық қалған дәрісін тегін бөліскендер көп болды. Осылайша, ел басына күн туғанда жұрт қолынан келген көмегін тигізіп жатты. Олар өзін волонтер деп атаған жоқ, бірақ ерікті түрде өзгеге пайдасын тигізіп жатты.

БІЗДІ БІРІКТІРГЕН ЖАЙТ

Бұйыртса, санымыз 19 миллионға жақындады. Қанша адам болса, соншама алуан пікір бар. Бұл – заңдылық, плюрализм. Алай да түрлі көзқарастағы азаматтар болсақ та, биыл бізді тұтас еткен жайт аз болмады. Соның бірі – «Борат» фильмінің екінші сериясы. Нақтырақ айтса, актер Саша Барон Коэн тағы да қазақстандықтардың ашуына тиіді. Себебі ол фильмнің промо-кампаниясы кезінде Лондонда, Сиднейде Қазақстан туының ығайсыз мақсатта пайдаланды. Коэннің бұл қадамына отандастарымыздың көпшілігі қарсы шықты, бірақ жауап ретінде басталған «Мен Туымды мақтан етемін» акциясы ел арасында кең таралды. Осыған ұқсас жағдай желтоқсан да қайталанды. Бұл жолы Ресей Думасының депутаттары Никонов, Федоров, Жириновскийлер «Ресей Қазақстанға жер сыйлаған» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұрындары дипломаттарымыз мұндайда үнсіз қалатын. Бұл жолы Үкімет те, халық та бір ұстанымда болды. Сыртқы істер министрінің орын басары Марат Сыздықов лезде Ресей өкіліне Қазақстанның наразылық ұстанымы көрсетілген нота табыстады. Ең бастысы – елім деген азаматтар түгел әлгі депутаттардың сөзіне қарсы шықты. Бірлік танытты. Тіпті, онлайн дебатқа шығып, құжаттармен олар дың сөзінде шындық жоқ екенін дәлелдеп берді. Қоғамның ортақ ұстанымы өзге де жайттарда бір мүдде аясында бірігіп жатты. Кейбіреулер Ерейментаудағы Көбейтұзды былғағанда, Үстірттегі Бозжыра түбінен қонақүй салынады деген ақпар шыққанда, жануарлар азапталған видеолар тарағанда белсенді азаматтар шет қалмады. Шара қабылдады. Ал Иманбек Grammy марапатына үміткер, Қарақат Башанова Junior Eurovision байқауында жүлдегер атан ғанда, Геннадий Головкин кезекті жеңісіне жеткенде ел бір серпіліп қалды, ұл-қызымен мақтанды.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА