Қазақ-неміс ынтымақтастығы нығаяды
Қазақ-неміс ынтымақтастығы нығаяды
261
оқылды

Берлинге ресми сапары ая­сында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіп­сіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингермен кез­десу өткізді. Президент Гер­мания басшылығымен келіс­сөздердің нәтижесіне тоқ­талып, Қазақстан нарығына неміс бизнесін, технологиясы мен ин­вестициясын

Вольфганг Ишингер келесі жылы ұйымдастырылатын кезекті Мюнхен конференциясына дайын­дық барысы туралы мәлімет бере келе, Қазақстан Президентін атал­ған беделді жиынға қатысуға ша­қырды. Сонымен қатар тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзек­ті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев Берлин еуразиялық клубының 258-отырысына қатысты. Жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ған Берлин еуразиялық клубы өз маңыздылығын дәлелде­геніне екпін түсірді.

– Осы диалог алаңы Қазақстан мен Германия, Қазақстан мен Еуропа қатынастарының әлеу­меттік-саяси және экономикалық мәселелерін кең ауқымда тал­қы­лауға зор мүмкіндік береді. Бұл – елі­міздің Еуропадағы алғашқы жобасы. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай институттың рөлі арта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, соңғы 3 жыл ішінде әлемдегі геосаяси, геоэко­но­микалық ахуал елеулі өзгеріс­терге ұшырады. Санкциялар мен сауда-саттық шектеулері көп жерде дәстүрлі дипломатиялық құрал­дарды алмастыра бастады.

– Әлемдік экономика елдер мен өңірлер дамуындағы диспропорция, технологиялық теңсіздік, қаржы жүйесінің осалдығы секілді «созыл­малы дерттерге» тап болуда. Осын­дай күрделі жағдайда еліміздің сырт­қы экономикалық және сауда саясаты ашық, прагмативті және қарапайым: Қазақстан әртүрлі бірлестіктермен, елдермен және компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдық­тарына тоқталып, Еуропа Одағы­мен қарым-қатынастарға баса мән беретінін жеткізді.

– Біз Еуропада болып жат­қан оқиғаларды мұқият қадаға­лап отырамыз. Еуропа көшбасшы­ларымен тұрақты түрде конструк­тивті диалог орнаттық. Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріне қатысты жаңа ұста­ным­дарына қолдау көрсете береді. Біздің Еуропамен ықпалдас­ты­ғы­мызда Германиямен эконо­микалық, тарихи, мәдени байла­ныстар ерекше орын алады, – деді Қ.Тоқаев.

Ол форум қатысушыларының назарын Қазақстанның қарқынды өсіп келе жатқан инвестициялық әлеуетіне аударды.

– Көрші елдермен тығыз ин­теграциямыз іргелес нарықтарға шығуға қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде бізбен шекаралас елдерде 500 миллионнан астам адам тұ­рады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында біз төрт түрлі еркін­діктің – тауардың, қызметтің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысының игілігі мен пайдасын көрмекпіз. Орталық Азиядағы жақын көршілерімізбен тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Сондықтан Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компаниялары өздері үшін жаңа нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оның айтуынша, Үкімет ауыл шаруашылығына, жаңа техно­логиялар мен цифрлы қызметтер көрсету салаларына неміс инвес­тициясын тарту ісіне қолдау көр­сетуге әзір.

– Біз «Цифрлы Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Германиядағы Фраун­­гофер институты осы страте­гия­­лық бағдарламаны әзірлеуге қа­тысты. Өңіріміздегі барлық стар­таптарға қолдау көрсету мақса­тында astana hub және ІТ универ­ситет аштық. 3 жылдан кейін елі­­міздің ІТ сала­сында дарындылар пулы қа­­лыптасады деп үміттенеміз. Жал­пы, біз цифрландыру сала­сында үкі­меттік құрылымдар дең­гейінде де, жеке компаниялар дең­гейінде де ын­­тымақтастық орнатуға дайын­быз, – деді Қазақстан Президенті.


Қасым-Жомарт Тоқаев Гер­манияны Қазақстанның стра­тегиялық серіктесі екенін тағы да тілге тиек ете келе, еліміздегі не­міс бизнесіне бірегей, эксклюзив жағ­дай жасайтынын баса айтты.

– Біз сіздерге барынша же­ңіл­діктер жасауға дайынбыз. Соның ішінде арнайы эконо­микалық аймақтарда салықтан босату, инфрақұрылым ұсыну және басқа да жеңілдіктер бар. Мен «Қазақ­Инвестке» және Қа­зақстанның тікелей инвести­ция­лар қорына Германия ин­вес­торларымен ын­тымақтастық жасайтын арнайы офис ашу жөнінде тапсырма бер­дім, – деді Мемлекет басшысы.

Германия бизнесінің еліміз­дегі жобаларын іске асыруға «Бәйте­рек» холдингі мен Қазақ­стан даму банкі қолдау көрсететін болады.

– Бұл – еліміздің инвести­ция­лық жүйесі үшін жаңа шара. Біз бұған дейін ешқандай елге мұндай жағдай жасаған емеспіз. Осы бастама дұрыс ұйым­дасты­рылған жағдайда Үкімет пен инвесторлар мұны тиімді жұмыс істейтін тетікке айналдырады деп сенемін, – деді Қ.Тоқаев.

Берлиндегі АХІСА конгресс-орталығында өткен іс-шараға ГФР үкіметінің жоғары лауазым­ды қызметкерлері, сарапшылар, жур­налистер және неміс биз­не­сі­нің 250-ден астам өкілі қатысты.

Президент Берлинде Гер­ма­нияның бұрынғы федерал­дық президенті Хорст Кёлермен жеке жүздесті. Кездесу бары­сын­да та­раптар келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дү­ниежүзілік сауда ұйымы минис­трлерінің кон­ференциясына дайындық бары­сын, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы ықпал­дас­тық шара­ларын, сондай-ақ әлем­дегі саяси ахуалды талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­да қолға алынған жаңа стра­тегиялық бағдарламалар жа­йында және өзінің Сайлауалды тұғыр­намасында айтылған са­бақтастық, әділдік, өрлеу қағи­даттарының іске асырылуы туралы әңгімеледі.

Хорст Кёлер сабақтастық дәс­түрі ел дамуына тың серпін бере­тінін мәлім етті және Қазақ­станға «Еуразиядағы тұрақтылық орнаған аумақ» деген жоғары баға берді.

Сапар аясында Мемлекет бас­шысы Германия астанасында шетелдік журналистерге сұхбат беріп, ой-пікірін ашық білдірді. Мысалы, ақпарат құралдары өкіл­дерін республикамыздың Ресей мен Украина саммитін ұйымдас­тыруда мәмілегер болуы мүмкіндігі қызықтырды.


Қасым-Жомарт Кемелұлы Қа­зақстан мен Украина арасын дәс­түрлі достық пен ынтымақ­тастық байланыстыратынын нықтады.

– Біздің Тұңғыш Президент ізгі ерік-жігер білдіріп, арааға­йын­дық шаралар үшін Қазақстан ау­мағын ұсынды. Бірақ әрине, Ук­раина түйткілдері бірінші кезекте Норманд форматында шешілуге тиіс деген пікірдеміз, – деді ол.

«Төрттік», яғни Германия, Ресей, Украина және Франция көш­басшылары Украинаның шы­ғысындағы ахуалды реттеу үшін алдағы аптада, 9 желтоқ­санда Па­рижде кездеседі деп күтілуде.

– Біз Норманд төрттігіне та­быс тілейміз. Себебі бізді Украи­намен дәстүрлі достық және ынтымақ­тас­тық байланысты­рады. Біз ук­раин халқына ба­уырластық сезім­мен жақсы қа­раймыз. Бұл халық тыныш және бақуатты өмір сүруге лайық, – деп түйді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев ресми сапарының екін­ші күнгі бағдарламасы ая­сын­да неміс компанияларының бас­шы­ларымен бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Baumann Gmbh компаниясының бас ди­рек­торы Роберт Бауманмен жүздесу кезінде Алматы облы­сын­дағы агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалардың жү­зеге асырылу мәселелері қаралды. Кәсіпкер Қазақстанда қой етін өндіру жұмыстарын жолға қойғ­а­нын баяндап, өз бизнесін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарын ортаға салды.

Ел Президенті бұл жобаға оң бағасын беріп, мемлекеттік құры­лымдардың жан-жақты қолдау көрсететінін еске салды.

– Қой санын жылына 750 мың­ға жеткіземіз деген үлкен мақсат қойып отырсыздар. Мем­лекет бас­шысы ретінде Қазақ­стандағы жобаңызға оң баға беремін. Сіз­дерді тек ілгері басу­ға шақырамын. Туындауы мүм­кін мәселелерді ше­шу үшін неміс бизнесімен ынты­мақ­тастық ор­нату жөнінде жұмыс тобы құ­рылды. Оны Пре­мьер-Ми­нистр­дің орынбасары бас­қара­ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса ол Deutsche Bahn AG компаниясының халықа­ралық бизнесті дамыту жөніндегі дирек­торы Нико Варбаноффпен және басқарма мүшесі Рональд Пофалл­мен әңгімелесу бары­сында көлік саласында ынты­мақ­тастық орнату мәселесін тал­қыға салды. Нақты­лай кетсек, Қазақстандағы темір­жол жо­лау­шылар тасымалының сапа­сын лайықты деңгейге көтеру, инжи­нирингтік және консал­тинг­тік қызметтер көрсету мә­селелері қарастырылды. Қ.То­қаев Volksvagen AG компания­сының бас ди­ректоры Йенс Ханефельдті де қа­былдап, онымен инвести­циялық ықпал­дас­тық мәселесін байып­тады.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы Фраунхофер институтының сырт­қы байланыстар бөлімінің ди­рек­то­ры Йенс Нойгебауэрмен жүздесті.