Жуырда экс-депутат, блогер Нұрлан Жазылбеков Денсаулық сақтау министрлігі өткізген тендердің қорытындысына наразылығын білдірді. Оның айтуынша, «СҚ-Фармация» ЖШС тым қымбат бағаға құрал-жабдық сатып алған.
«Онкологиямен күрес мембағдарламасы аясында цитостатиктерді – химиятерапияға арналған ісікке қарсы аса маңызды препараттарды еріту үшін тұтас кабинет сатып алу жоспарланып отыр. Құны бір бірлігі үшін 91 миллион теңге болмақ. Қазақстанның 12 өңірі үшін 12 кабинет сатып алады. 12 кабинеттің жалпы сомасы – миллиард теңгеден астам!» – дей келе, ол Facebook-тегі парақшасында тендер жеңімпазын «өз аппараты қойылған талапқа толығымен сәйкес келеді деп жалған мәлімет берді» деп айыптады.
Кейін ақпарат агенттіктерінің біріне берген сұхбатында Н.Жазылбеков бұл деректі тендерге қатысқан басқа компаниядан алғанын хабарлады.
Тендер бір айдай бұрын өткен. Нәтижесінде Qazna Limited компаниясы жеңіске жетеді. Алайда ғаламтордағы дүрлігіс кәсіпкердің аяғына тұсау болыпты. Осыдан кейін Qazna Limited басшысы Алан Құмар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа шағымданды. Ол Денсаулық сақтау министрлігі дауды өз пайдасына шешіп берер деп сенген екен. Алайда ведомствоның проблемалы тендер нәтижесін жоя салғанына наразы.
Негізі «СҚ-Фармация» биылғы 18 қазанда онкологиялық препараттарды дайындауға арналған аппараттарды сатып алу бойынша тендер өткізеді. Бұл ретте аппараттың өзіне, оның бағдарламалық қамтылымына қатысты да үміткерлерге талап қойған. Бұдан бөлек, химпрепараттар процедурасының қауіпсіздігі, соның ішінде орынжайды фильтрациялау, қалдықтар жүйесі және кабинетті даярлау бойынша талаптар белгіленеді.
А.Құмардың айтуынша, Qazna Limited Қазақстанда тіркелген неміс аппаратын ұсынады. Оның бәсекелесі «Тарлан-ИНТ» «Онкосем Монолитик» атты түрік аппаратын бәйгеге қосады. Нәтижесінде тендерлік комиссия таңдауы неміс аппаратына түскен.
«Мерзімнің тығыз екенін және белгіленген 20 күн ішінде жеткізу керегін ескере отырып, зауытқа бірден 12 аппарат жасауға тапсырыс жолдадық. Алайда «СҚ-Фармация» өңірлерге біздің компаниямен келісім бекітуді тоқтатуды талап еткен хат бағыттапты. Оның себебін анықтай бастадық. Сөйтсек, Денсаулық сақтау министрлігіне Тарлан-ИНТ-тен шағым түсіпті», – деген Qazna Limited бас директоры Алан Құмар әу баста бұл шағымнан секем алмағанын айтады.
Бірақ министрлік заң талабына сәйкес, қарсыластан шағым түсуіне орай жеңген жеткізушімен келісімшарт бекітуді тоқтатқан.
Алан Сәрсенбайұлы блогердің әлеуметтік желідегі постында көрсетілген миллиардтық соманың қайдан шыққанын түсіндіреді:
«Ол тендер талабы бойынша тек аппарат қана емес, сонымен қатар қалдықтарды жоюдың автоматты жүйесі, ауа сүзгісі бар ламинарлық шкаф та сатып алынғанын білмейді. Білсе, жасырады. Сондай-ақ біз онкологиялық дәрі-дәрмектер араластырылатын кабинетке жөндеу жүргізуге міндетті болдық. Ең бастысы, әрбір онкоорталықтың талабына сай бағдарламалық қамтылымды толығымен өзгертуге тиіс едік», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде денсаулық сақтау саласына жауапты меморган тендер қорытындысының күшін жою туралы шешім қабылдаған.
Ал коррупцияға қарсы агенттік басшысы Алик Шпекбаев осы компания басшысының шағымы мемлекеттік сатып алу саласында бақылау функциясын жүзеге асыратын меморганға – Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жолданғанын мәлім етті.
Әділдіктің қай жақта екенін сот не құзырлы органдар шешер.
Бірақ аппараттардың дер кезінде сатып алынбауы кесірінен, Қазақстанда дәрігерлер цитостатикті қолмен араластыруға мәжбүр. Бұл өлшем-дозалардың дәлдігіне ықпал етеді және химиятерапияны адами факторға тәуелді ететін көрінеді.